ҚАПШАҒАЙДА БАЛЫҚ ӨСІРЕТІН БІРЕГЕЙ КЕШЕННІҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ

Уақыты: 24.07.2021
Оқылды: 1291
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қапшағай қаласында толық қуатына енген кезде жылына 10000 тонна баррамунди балығын өсіретін «Оспанова девелопмент» балық өнеркәсібі кешенінің іргетасы қаланды. Салтанатты шараға ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ, Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ, жобаның бастамашысы «Оспанова девелопмент» ЖШС құрылтайшысы Александр БЕЛОВИЧТАР қатысты. Олар кешеннің алғашқы іргетасын қалап,  экономикалық әлеуеті, экологиялық тиімділігімен танысып шықты. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Айта кетерлігі, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Қазақстан халқына Жолдауында балық шаруашылығын дамыту қажеттігін алға тартып, тұрғындардың балық өнімін тұтыну мөлшерін арттырудың жаңа жобаларын жүзеге асыруды тапсырған еді. Осыған байланысты Үкімет балық шаруашылығын дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасын бекітті. Онда 2030 жылға қарай жылына 270 мың тонна балық өсіру көзделген. Сонымен қатар, балық саласын субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары кеңейтіліп, балық өсірудегі ілеспе бағыттарды дамыту үшін жағдайлар жасалды.

– Балық өсіру көлемін ұлғайту балық өсіру үшін жарамды су айдындарын пайдалану және жаңа индустриялық балық өсіру шаруашылықтарын салу есебінен жоспарланып отыр, – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев өз сөзінде.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі атап өткендей, индустриялық балық өсіру шаруашылықтары бағдарламада белгіленген балық өсіру көлеміне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Өйткені олардың жобалық қуаты айтарлықтай үлкен. Сонымен қатар, табиғи-климаттық жағдайларға қарамастан кез-келген аймақта өндіріс орнатуға болады. Оның үстіне, мұндай индустриялық шаруашылықтар су үнемдеу технологияларын пайдаланады. Осы жобаны іске асыру балықтардың экзотикалық түрлерінің импортын алмастыруға және сонымен бір мезгілде экспорт көлемін ұлғайтуға ықпал ететін болады. Тұтастай алғанда, жоба балық шаруашылығын дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасының міндеттерін шешуге ықпал етпек.

Іргетасы жаңадан қаланған, индустриялық балық өсіру шаруашылықтары санатына кіретін «Оспанова девелопмент» кешені Қапшағай өңіріндегі «Арна» индустриалды аймағына орналасқан. Жобаны жүзеге асыруға шамамен 67 млрд.теңге инвестиция салу жоспарланған және 300 жұмыс орны құрылмақ.

Айта кетерлігі, бүгінде облыстағы «Талдықорған», «Береке», «Арна», «Боралдай», «Қазыбек бек», "Қайрат-6" индустриалды аймағында ірі жобалар жүзеге асырылып, ел игілігін еселеп жатқанынан жұрт хабардар. Соның бірі - жалпы аумағы 1300, оның ішінде, өндірістік аумағы 810 гектарды құрайтын “Арна” индустриялды аймағы. Аталған аймақта 2021-2025 жылдар аралығында құны 200 млрд.теңгені құрайтын 7 үлкен инвестициялық жоба жүзеге асып, 4500 жұмыс орны құрылады деп жоспарланған.

– “Арна” индустриалды аймағы 2006 жылы құрылды. Әу бастағы негізгі мақсаты - Алматы қаласындағы ірі кәсіпорындарды осы аймаққа тартып, өндірістік әлеуетті өрлету болатын. Алайда ол кезде бұл жердің инженерлік желілері ойдағыдай болмаған соң инвесторлар аса назар аудармады. Кейінгі жылдары біз “Арна” индустриялды аймағының инженерлік желілерін жаңғыртып, теміржол тартып, жол салып, электр желілерін жаңартқаннан кейін өңір экономикасын өркендетуге арналған бұл индустриалдық аймаққа инвесторлардың қызығушылығы арта түсті. Қазір бірталай ірі жоба атқарылуда. Алдағы уақытта фармацевтикалық өнімдер мен жартылай фабрикаттар шығаратын бірқатар кәсіпорын ашу жоспарда тұр, – деді облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ журналистерге берген сұхбатында.

Жаңадан құрылыс жұмысы басталған «Оспанова девелопмент» балық өнеркәсібі кешені облыс әкімі атап кеткен ірі инвестициялық жобалардың қатарын толықтырады. Әрине, еліміз балық ресурсына өте бай. Егер дұрыс пайдалана білсек, эконо­микалық даму үдерісінде балық шаруа­шылығы ерекше рөл атқарады. Статистикаға сүйенсек, жыл сайын шамамен 60 мил­лион долларға 36 алыс-жақын елге 30 мың тонна балық өнімдерін экспорттай­ды екенбіз. Ал аталған балық өнеркәсібі кешені толық қуатына енген кезде балық өнімдерінің импорты азайып, экспорттық әлеует арта түспек.

Қажет АНДАС

Фото - Дмитрий ЕРОФЕЕВ

Қапшағай қаласы

Алматы облысы