"ҚЫЗЫҒЫН КӨРІП ҚАЙТАМЫЗ": ЖЫЛ САЙЫН ЖАЙЛАУҒА ШЫҒАТЫН ОТБАСЫ

Уақыты: 01.08.2021
Оқылды: 979
Бөлім: ОН САУСАҚ

Биыл атағы алыс кеткен ханжайлау жұтаң. Барлық өңірлерді қамтыған қуаңшылық таулы өлкені де шарпыды. Жауын-шашын аз түсті. Дегенмен, жайлаудың аты жайлау, масаты кілемдей құлпырған өңірге қарай бергің келеді. Біз Қарқара жайлауының төріндегі Мыңжылқы, Төрежайлау деп аталатын тамаша жерлерде болдық. Қос-қосынан қазақ үйін тігіп, биесін байлап қойып, кең даланың рахатын көріп отырған ағайындардың жайын білдік. Ел-жұрттың дені Жылысай ауылдық округінің тұрғындары екен.

Нұрбол Рахметовтің Мыңжылқы өңіріндегі Төрежайлау аталатын жерді киелі қонысына айналдырғанына көп жыл болыпты. Әкесі Қасымхан өз тұсында «Жылысай» қой кеңшарының атақты, озат шопаны болған. Атасы Рахмет атакәсібін нәсіп еткен. Зайыбы Нұргүл Керімбекова екеуі ежелден алтын арқау, Жібек жолын үзбей келе жатқан кәсіпті жалғастырып келеді. Шаңырағында алды 18 жасқа толып, жоғары оқу орнында оқып жүрген Дарын атты ұлдары бастаған Қыдырәлі, Іңкәр, Нұртөре атты балапандары өсіп келеді. Ат ұстар ұлдарының бәрі белді көмекшілеріне айналыпты.

«Қуаныш» атты шаруа қожалығы сонау өткен ғасырда, 1995 жылы іргетасын қалаған екен. Содан бері жұмысын жүргізіп келеді. Нұрбол басқаратын шаруа қожалығында асыл тұқымды бір отар арқар-меринос қойы бар. Бір үйір жылқы, 20 бас сиыр да ырысы мен берекесін кіргізуде. Қожалықтың көктемгі, жазғы, күзгі науқында жұмыстарына қажетті техникаларының бәрі бар.

– Биыл әр жүз саулықтан жүзден қозы ілесті. Бұзау мен құлынның жайы да ойдағыдай. Жағдайымыз жақсы. Жыл сайын жайлаудың, қасиетті жеріміздің қызығын, игілігін, жақсылығын көріп қайтамыз. Қоңды малдың төлді болатыны да шындық. Хан жайлаудың шөбіне жетер ештеңе жоқ! – дейді Нұрбол. Сөз орайында айта кетейік, Нұрболдың асыл анасы Қайшан өз тұсындағы көпбалалы ардақты ана, қазіргі уақытта «Алтын алқа» алған.

Нұрбол мен зайыбы Нұргүл биыл да он шақты бие байлапты. Көгендегі әдемі құлындарға қарай бергің келеді. Ешқашан жиылмайтын кең дастарқан ұлтымыздың құрт, ірімшік, май, маңызымен сәнденіп, әрлене түседі. Күбіден пісіп-пісіп әкелген қымыз шын мәнінде бал татиды. Ашығын айту керек, Қарқараның жайлауында Жел Қарқара, Құр Қарқара, Мыңжылқы, Төрежайлау, Айнакөл секілді қанша өңір болса, қымыздың түрі, дәмі сонша түрлі болып келеді. Бұл қастерлі де қасиетті жайлаудың ерекшелігі, құндылығы. Біз Нұрбол басқаратын «Қуаныш» шаруа қожалығының жұмысына жеміс тілеп, жолға шықтық.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Кеген ауданы

Алматы облысы