ТЕМІРЖОЛДАҒЫ ТЫНЫМСЫЗ ТІРШІЛІК: ҮШТӨБЕ ДЕПОСЫНАН РЕПОРТАЖ

Уақыты: 01.08.2021
Оқылды: 1395
Бөлім: ОН САУСАҚ

Теміржол саласында жергілікті айналым деполарының атқарар жұмысы орасан. Міне, заман көшінен қалмай, уақыт талабына жауап беріп келе жатқан сондай іргелі мекеменің бірі – Үштөбе айналым депосы.

Қазіргі таңда Үштөбе айналым депосын іскер, тәжірибесі мол Берік Абеуов басқарады. Теміржол желісіндегі көлік қозғалысын қамтамасыз ету үшін мұндағы жұмыстар тәулік бойы тынбастан жүргізіліп, қызметкерлер тыным таппайды.

Аталмыш айналым депосында 103 адам қызмет атқарады. Деподағы 52 машинист, 41 көмекші тепловоз жүргізіп, Үштөбеден 108 шақырым қашықтықтағы Матай бекеті, 112 шақырым жердегі Сарыөзек бекеті бағытында қызмет көрсетеді. Депо машинистері мен көмекшілері мекемеге қарасты СКД6Е сериялы 4 манверлік тепловозын және үлкен қашықтықта жүретін Алматыдағы мекемеге қарасты «ТЭ33А» сериялы тепловозын тізгіндеп, Сарыөзек – Үштөбе – Матай бағыты бойынша жүк тасымалдайды. Сонымен қатар, бекетке келген вагондарды бөліп тиісті мекемелерге, тұйықтарға жеткізеді.

Үштөбе қаласында жекеменшік мекемелер жетерлік. Көбіне Үштөбеден көршілес Ресей мемлекетіне қарбыз, пияз, күріш секілді ауылшаруашылық өнімдері тасымалданады. Тепловозға шамамен 50-55 вагон тіркеледі.

– Аудандағы жекеменшік иелері өсірген ауылшаруашылық өнімдерін вагондарға тиейді. Біз ол вагондарды тепловозға тіркеп, бекетте жинақтаймыз. Біздің мақсат – жүк көліктерін Сарыөзекке, Матайға дейін жеткізіп беру. Одан әрі көршілес бекеттің айналым депосының қызметкерлері жүкті тиісті жерге жөнелтеді. Сонымен қатар, екі локомотивіміз бар, бірі – Талдықорған тармағына, екіншісі – Қарабұлақ, Текелі, Тентек (Кировск) бекеттеріне жүк тасиды, – дейді Үштөбе айналым депосының бастығы Берік Абеуов.

Үштөбе стансысындағы теміржол мекемелері бір-бірімен қоян-қолтық жұмыс жасайды.

– Әр дүйсенбі сайын Үштөбе стансысының бастығына жиналып, мәселелерді айтамыз. Ұсыныстарды ескерту кітабына жазамыз. Өз тарапымыздан хат жолдаймыз, мәселе дереу қолға алынып, кедергі жойылады, – дейді Берік Құрманғалиұлы.

Шойын жолға көлік және байланысқа қатысты іргелі 11 мекеме қызмет көрсетіп келеді. Олар жүк және жолаушылар тасымалданатын пойыздарды кідіріссіз қабылдау, оны жөнелту жұмыстарымен қатар оның қауіпсіздігін уақытылы бақылау, талапқа сай тәртіпті сақтауда қалтқысыз қызмет көрсетуде. Нақтырақ айтар болсақ, Үштөбе стансысы дирекция тасымалы, Үштөбе «ТЭК Қазақстан» ЖШС, Үштөбе стансысының №32 қалпына келтіру пойызы, “ЭЧ-20” мекемесі, Үштөбе жол-машина станссы, «Үштөбе стансысындағы атқыш командасы әскерилендірілген теміржол күзеті» АҚ филиалы, Транстелеком ұжымы, Үштөбе белгі беру және байланыс дистанциясы, Үштөбе айналым депосы, Үштөбе стансысы вагондарға техникалық қызмет көрсету пункті бар.

Айта кетерлігі, Үштөбе айналым депосының тарихи ғимараты ескірген. Қазір аталған мекеме Үштөбе стансысы вагондарға техникалық қызмет көрсету пунктіне қарасты ғимарат ішінде орналасқан.

Қазіргі таңда Қазақстанда жасалған «ТЭ33А» сериялы жаңа буын тепловоздары жүк тасып жүр. Еліміздегі жүк таситын ескі «ТЭ10М» тепловоздары толықтай жаңа буын тепловозына ауыстырылды. Нұр-Сұлтан қаласында құрастырылған маневрлік тепловоздың артықшылығы, жылдамдығы сағатына 120 шақырымға дейін жетеді. Жүз вагон тиесеңіз де тарта береді. Бұрынғы маневрлік тепловоздармен салыстырғанда, ауаға таралатын  қалдықтар  40  пайызға, отын мен май жағу 17 пайызға кемиді екен. Техникалық байқаудан 6 айда бір рет өтетін көрінеді.

Мекемеде көп жылдар бойы жемісті еңбек етіп жүрген қызметкерлер жетерлік. Атап айтар болсақ, таспа талдаушы Қорлан Тасыбаева өз ісінің нағыз шебері. Ол тепловоздың қай кезде қандай бекетке қандай жылдамдықпен тоқтағанын мұқият талдайды. Адам, болмаса малды қағу қаупі болғанда машинистің тепловозды қанша метр қалғанда тоқтатқанын анықтап, таспаға жазылған мәліметтерді сараптайды. Сондай-ақ, еңбек қауіпсіздігіне жауапты маман Әлия Тоқболатованы ерекше айтуға болады. Жұмысқа келген адамдардың білім-біліктілігін тексеріп, құжаттарының тап-тұйнақтай, жинақы болуына жауап береді.

Шебер машинист, маневрлік қозғалыста жүретін Нұрғазы Утеуленовтің де еңбегі ерен. Көптеген тепловоз жүргізушілерінің жанында көмекші болса, бұл жалғыз өзі тепловозды тізгіндеп көзге түскен. Сондай-ақ, пойыздық қозғалыстағы Ернар Әділбековтің шеберлігі керемет. Аса жауапты істі тыңғылықты атқаратын маманнан жастар жағы білмегенін сұрап, үйреніп жүреді. Болашағынан көп үміт күттіретін машинист көмекшілері Ержан Ахметов пен Александр Байердің уақыт өте келе шебер тепловоз жүргізушілері боларына сенім мол.

Үштөбе айналым депосының құрамы халыққа қалтқысыз қызмет етуде. Ел өркендеуіне орасан зор үлес қосып жүрген теміржолшылар өз міндеттерін мүлтіксіз атқара жүріп, өз білімдерін, рухани байлықтарын молайтумен үзбей шұғылданады. Осылайша, жүк тасымалымен айналысатын Үштөбе айналым депосының ұжымы ел экономикасының өркендеуіне үлес қосып, аянбай тер төгіп келеді.

Асхат ӨМІРБАЕВ

Қаратал ауданы

Алматы облысы