ТАЛДЫҚОРҒАНДА ЕКІ КӘСІПКЕР БІРІГІП, БАҒБАНДАРҒА АРНАЛҒАН ДҮКЕН АШТЫ

Уақыты: 17.08.2021
Оқылды: 2320
Бөлім: ОН САУСАҚ

Талдықорғандық кәсіпкерлер Олеся Ильченко мен Яна Беленко қалада тұңғыш рет бау-бақша мен ландшафт орталығын ұйымдастырды. Осыған дейін олар табиғи өнімдер сататын «Сельпо» дүкенін ашқан болатын. Аталған орталық осы жобаның жалғасы. Екі жобаны да жүзеге асыруға Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасы белсенді қолдау көрсетті.

Олеся Ильченконың айтуынша, орталық осы жылдың наурыз айында ашылған. Нысанды іске қосуға жеке қаражат жұмсалыпты. Орталықта 100-ден аса тауар түрі бар. Оның ішінде көшеттер мен тұқым, гүлдер, бау-бақша құрылғылары мен жабдықтары, өсімдіктерді қорғау құралдары сатылады. Кәсіпкердің сөзінше, дүкеннен бау-бақшасы бар әр бағбан өзіне қажеттінің бәрін таба алады.

– Біз сатып алушыға сапасы жоғары тауарларды ұсынуға дайынбыз. Сондықтан біз жеке тұлғалармен жұмыс істемейміз, тек тәлімбақтармен ғана жұмыс жүргіземіз. Мысалы, көшеттердің сапасы жақсы деңгейде болып, бейімделуден өтуі керек. Орталықта сатып алушыларға кеңестер беріліп, тауарға қатысты барлық ілеспе құжаттар ұсынылады. Бұл жұмыс біз үшін аса маңызды, – дейді Олеся Ильченко.

Жақын күндері орталық жанынан шағын тәлімбақ салу жоспарда бар. Онда ересектер мен балаларға экскурсиялар мен «жанды сабақтар» ұйымдастыруға болады.

Яна Беленко ұрпағымыздың көпшілігінің көпқабатты тұрғын үйлерде тұрып, ешқашан бау-бақша көрмей өсіп келе жатқанын, олардың өсімдіктер әлемін теледидар немесе интернеттен ғана көріп, біле алатынын баяндай келе осындай тәлімбаққа келіп танысып, өз көздерімен көргенге не жетсін деген тілегін айтты.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Дана Жамболатова атап өткендей, бау-бақша мен ландшафт орталығын дамытуда серіктес іздеуді қолдау бойынша ақпараттық-консалтингтік көмек көрсетіледі. Қазіргі уақытта мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаржыландыру көзін анықтау мәселесі пысықталуда.

Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ

Алматы облысы