"КҮНІНЕ 100 ОРЫНДЫҚ ЖАСАЙМЫЗ": ТӘУЕКЕЛ ЕТІП, ЖИҺАЗ ЦЕХЫН АШҚАН ЖІГІТ

Уақыты: 16.08.2021
Оқылды: 2201
Бөлім: ОН САУСАҚ

Іле ауданының тұрғыны Тілек Әділхат орындықтар өндірісін жолға қойды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ашылған жиһаз цехы ай сайын үш мыңға дейін орындық шығарады. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Тілек Әділхат «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері жобасының арқасында кәсіпкер атанды. Ол ұзақ уақыттан бері жиһаз жасап, оны базарда сатып жүрді.

Кәсіпкер жігіт 2018 жылы Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуға жазылды. Курс аяқталған соң «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 505 мың теңге көлемінде грантқа ие болды. Ал өткен жылы жиһаз өндіретін цехты дамыту үшін ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 6 млн.теңге көлемінде несиеге қол жеткізді.

– Бизнесті бастаған кезде үш апта бойы қызметкерлерді оқытып, тегін шеберлік сабақтарын өткіздім. Қазір өз командамды жасақтадым. Біз күн сайын үйге арналған 100 орындық жасаймыз. Отандық өнімнің басты артықшылығы сол – сапасы мен бағасында. Шетелдік орындықтарға қарағанда, құны төмен. Осының арқасында көтерме тапсырыс берушілеріміз бар, – дейді кәсіпкер.

Жиһаз цехы Іле ауданының Жетіген ауылында орналасқан. Өнімдер аудан ішінде және Алматы қаласының базарларында сатылады. Бүгінде кәсіпкер жиһаз түрін ұлғайтып, жаңа құрылғылар сатып алу арқылы цехты кеңейтуді жоспарлап отыр.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Әсет Шаяхметовтың айтуынша, жыл басынан бері «Бастау Бизнес» жобасының 600-ге жуық түлегі өз жобаларын қаржыландыра алды.

Жалпы, өткен жылы облыста «Бастау Бизнес» аясында 3022 қатысушы кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, 2 мыңнан аса жоба жалпы сомасы 1,8 млрд.теңгеге қаржыландырылды.

Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ

Іле ауданы

Алматы облысы