СЕКСЕННЕН АСҚАН ҚАРИЯ ТАБИҒИ ТЫҢАЙТҚЫШТЫҢ ЖАҢА ТҮРІН ЖАСАДЫ

Уақыты: 07.09.2021
Оқылды: 1682
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қарт кәсіпкерді Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Бәйдібек би ауылында жолықтырдық. 81 жастағы Төреахмет Палманов ақсақалдың қимыл-қозғалысы ширақ. Аман-саулықтан соң бізді үй маңындағы бау-бақшаға қарай алып жүрді. Қатарынан тізіле өскен алма ағаштарға назар салдық. Жемістер де уылжып пісуге таяпты. Содан кейін ұзыннан созылып, жерде ретімен үйіліп жатқан кәдімгі малдың қиына көзіміз түсті. Атамыздың қолға алған кәсібі осы шығар деп топшыладық. Расында солай болып шықты.

Төреахмет қария қолына айырын алып, қиды аударып қалғаны сол еді, ішінен жыбырлаған жауын құрттары көрінді.

– Міне, шырақтарым, барлық жұмысты осы шылаушындар атқарады. Олар табиғи тыңайтқыштар дайындап, топырақтың құнарлы болуына үлестерін қосады, – деп әңгімесін бастады.

Төреахмет атамыздың айтуынша, тың жаңалықпен ол ең алғаш интернеттен оқып, танысыпты. Солтүстік Қазақстан облысында тұратын кәсіпкер Александр Стрелецтің шылаушындар арқылы пайдаға шаш етектен кенеліп жатқанын көреді. Сөйтіп табиғи тыңайтқыш туралы деректер тапқанына қатты қуанады.

– Менің атамекенге оралғаныма екі жылдай болды. Қарақалпақстандағы Тақтакөпір ауданынан қоныс аудардық. Үлкен ұлым Нұрлан бұрыннан осында тұрады. Мектепті бітіре салып, Алматыдағы университетке түскен. Оқуын ойдағыдай аяқтап, Бәйдібек би ауылына көшіп келді. Отбасылы болды. «Наурыз» атты шаруа қожалығын құрды. Қазір мал өсіріп, бағбан атанып жатқан жайы бар. Екінші ұлым Жүсіп те ағасының бастаған ісін қолдап, қасынан табылып жүр, – дейді Төреахмет ата.

Еңбектің арқасында ешкімге қол жаймай, кәсіптерін дөңгелетіп отырған әулетке қарап риза болдық. Десек те, осыншама жасқа жеткенде демалудың орнына жаңадан жұмыс бастап жатқан қарияға таңдана қарағанымыз рас. Бірақ ол кісінің өмірбаянын тыңдағаннан кейін бәрі белгілі болды.

Төреахмет ата жастайынан еңбексүйгіш болып өскен. Ташкенттегі жоғары оқу орнын тамамдап, инженер-механик атаныпты. Ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласында қызмет істеген. Күріш, мақта егудің нағыз білгірі болған. 

–  Соңғы кезде өзбек ағайындар биогумусты кеңінен қолға алып жатыр. Әсіресе, бұл технология Ташкент, Ферғана, Әндіжан аймақтарында жақсы дамыған. Елге келген соң қол қусырып жата бергенім жарамас деп ойладым. Он екі мүшем сау болып тұрғанда қимылдап, жұмыс істегенге не жетсін?! Өйткені, қозғалыс – денсаулық кепілі. Одан адам шаршамайды, қайта қуаттанып, сергиді. Пайдалы дүниемен айналыссаң оның сауабы да мол. Сондықтан осы кәсіпті бастадым. Шылаушындардың пайдасы туралы ең алғаш америкалық ғалымдар зерттепті. Оны Калифорния университетінің ғалымдары дәлелдеген. Ал менің сатып алғаным «Старатель» атты ресейлік тұқымдар. Бұлар біздің климатқа төзімді. 4-30 градус аралығындағы температурада тіршілік ете береді. Сөйтіп біраз ойлана келе Александр Стрелецтің шылаушындарына тапсырыс бердім. 100 мың теңгеге бір жәшігін, яғни, 20 мың данасын сатып алдым. Ол Алматыға жолы түскенде осында арнайы келіп, биогумус шығарудың қыры мен сырын маған тәптіштеп түсіндіріп кетті. Шылаушындарды алдымен бес шаршы метр жерге жиналған мал қиына жібердім. Қиды алдымен үш айдай су қосып, әбден қопсытасың. Содан кейін барып пайдаланасың. Жауын құрттар қимен қоректеніп, биогумус шығарады. Бұл жай мал қиынан топырақты он есе құнарландыратын қуатқа ие. Құрамында өсімдіктердің иммунитетін көтеретін органикалық зат көп. Оған тәжірибе арқылы көз жеткіздік, – дейді Төреахмет ақсақал.

Бүгінде кәсіпкердің сатып алған шылаушындары көбейіп, 300 шаршы метр жерге төгілген қиды табиғи тыңайтқышқа айналдыруда. Тіпті, бізге биогумуспен өсірген қарбызынан да ауыз тигізді. Айтарға сөз жоқ, дәмі тіл үйіреді. Бастысы, оның құрамында ешқандай химиялық қоспа жоқ. Тек органикалық заттардан нәр алған. Сарымсақтары да айтарлықтай өнім беріпті.

– Келесі жылы Нұрлан баламның шаруа қожалығындағы 4 гектар жерге қарбыз өсірейін деп отырмын. Себебі, биогумус арқылы оның қалай шыққанын көзбен көрдік, дәмін таттық. Әрине, мұның бәрі еріккеннің ермегі емес. Мен көпті көрген адаммын. Жасым болса сексеннен асты. Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Қазір байқап қарасақ, фермерлер тезірек мол өнім алу үшін химиялық қоспаларды жеміс-жидек пен көкөністерге аямай қосады. Оның ертеңі не болады? Адам денсаулығына тигізетін зияны қандай? Өкінішке қарай, оған бас қатыра бермейміз. Пайдаға кенелудің басқа да жолдары бар ғой. Мәселен, осы биогумус. Бізде малдың қиы жетерлік. Ендеше соны неге жақсы нәрсеге пайдаланбаймыз? Неге экологиялық тыңайтқыштар шығаруға жұмсамаймыз? Бұл іске көршілерімді де үгіттеудемін. Ауыл адамының бәрі жаппай биогумусты пайдаланса, одан алатын өнімдер де ойдағыдай болады. Өйткені бұл – «қара алтын» – деп әңгімесін түйіндеді атамыз.

Төреахмет ақсақалдың бастаған ісіне немересі Мырзахмет көмектесіп жүр. Ол политехникалық университеттің студенті. 

– Болашақта мен де кәсіпкер боламын. Атамның әр ісі біз үшін өнеге. Адал еңбек алға бастайды, – дейді Мырзахмет. Сексеннен асса да сергек жүрген қария жаңа кәсібін «Бәйдібек бидің биогумусы» деп атамақ. Жеке Ютуб арнасын ашып, өнімін тезірек жарнамалауды ойлайды. Қалай айтсақ та ақсақалдың бастамасы кәсіпкерлікке дендей алмай жүрген талай жасқа ой салары анық.

Айтпақшы, Нұрлан баласының шаруа қожалығында электр жарығы әлі күнге дейін жоқ. Соған ақсақал қатты қынжылады. Өзбекстанда кәсібін дөңгелеткен жандарға мемлекет ауызсудан, электр жарығынан ешқашан таршылық көрсеткен емес. Қайта іскер адамдарды қолдап, олардың мол өнім алуына барынша жағдай жасайды. «Осы олқылықты реттеуге жергілікті билік мән беріп, көмек қолын созса», –  дейді Төреахмет ата. Өйткені, шағын және орта кәсіпкерлік – ел экономикасының тірегі.

Қарт кәсіпкермен әңгімеміз осылай аяқталды. Қайтар жолда бой бермей бір қап биогумусын машинамызға салып берді. «Әлі-ақ пайдасын көресіңдер», – деп жатыр. Ол кісінің сөзіне біз де шүбә келтірмедік. 

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы

Сурет ғаламтордан алынды