Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"АЛМАНЫ ҚЫСЫ-ЖАЗЫ САҚТАУҒА БОЛАДЫ": ИНТЕНСИВТІ БАҚТЫҢ ИГІЛІГІ

Уақыты: 19.09.2021
Оқылды: 1151

Соңғы жылдары Жетісу өңірінде интенсивті бақ өсірумен айналысып, озық технологияны меңгеріп, сапалы өнім алып жатқан шаруашылықтар көбейді. Соның жарқын мысалын Еңбекшіқазақ ауданынан да кездестіруге болады. Игілігі мол іске белсене кіріскен айтулы ұжымның бірі – «Alma Mater Fields» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Қазір ауданда «Alma Mater Fields»-ке қарасты заманауи бақтардың саны алтыға жетті. Біреуі – Ащысайда, үшеуі – Таусүгірде, ал көлемі 90 және 126 гектар болатын екі алма бағы Қызылшарық ауылында орналасқан.

Жаңа арнаға бет бұрған бағбандардың тыныс-тіршілігімен жіті танысу үшін Қызылшарық ауылына арнайы бардық. Мұнда алма көшетін егу жұмыстары 2017 жылы басталыпты. Еуропалық гала, голден делишнс, грэни смит, фуджи, тағы басқа жоғары сұрыпты көшеттер бірден жерсініп, алманың отаны атанған Іле Алатауының бөктерінде жайқалып өскен.

126 гектарға созылған алма бақтың төбесі арнайы тормен жабылған. Шаруашылық басшысы Рашид Атамбайдың айтуынша, тор жемістерді құстардан және бұршақтан қорғайды. Сонымен қатар, аптап ыстықта да оның тигізетін пайдасы зор. Бақтағы алма ағаштары 3-4 жылдың алдында егілсе де өткен жылы бағбандар әр гектардан 40 тоннаға жуық өнім алыпты.

– Бір гектар жерде 4200 түп алма ағашы өсіп тұр. Аласа бойлы болғандықтан олардың биіктігі ары кетсе 3,5 метрге дейін барады. Жеміс ағаштарының арасы 80 см. Интенсивті бақ деп аталатыны да сондықтан. Яғни, олар нығыздалып өседі. Бұл, бір жағынан, жерді үнемдесе, екіншіден, мол өнім алуға мүмкіндік береді, – дейді Рашид Атамбай.

Бақ ішінде тамшылатып суару әдісі жолға қойылған. Әр ағашқа күніне 12 литр су кетеді. Бәрін автоматты қондырғы реттеп отырады. Оның тетігін бір адам басқарса, қалған үшеуі тамшылап тұрған түтікшілердің бітеліп қалмауын қадағалайды.

Алма ағаштарды зиянкестерден қорғау, оларды минералды тыңайтқыштармен қоректендіруді қамтамасыз ету – осындағы агрономдардың міндеті. Солардың бірі Жұмаш Еркетам білімін Польшада шыңдаған білікті кадр. Жаңа технологияның қыры мен сырына қанық. Жыл сайын шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасып отырады.

Міне, осындай мамандардың арқасында интенсивті бақтың ісі ілгерілеп келеді.

Бақта күзгі жиын-терін қызу жүріп жатыр. Науқан кезінде алма теруге 300 адам тартылады екен. Жұмысшылардың дені Асы ауылдық округінің тұрғындары. «Ауылдың іргесінен алма бақ өсіріп, халықты жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлерге дән ризамыз. Қазан айының ортасына дейін осында жұмыс істейміз. Әр адам күніне 800 келі алма жинау керек. Айлық жалақымыз ойдағыдай», – дейді Қызылшарық ауылының тұрғыны Жазира Қайнарбаева.

Жиын-терін біткен соң мұндағы жұмыс тоқтап қалмайды. Сондықтан 80 адам бақта жыл он екі ай тұрақты қызмет етеді. «Торды жинау біраз уақыт алады. Жеміс ағаштарының артық бұтағын кесу де оңай шаруа емес. Осындай жұмыстар көктемге дейін тоқтаусыз жалғасады», – дейді шаруашылық менеджері Рашид Атамбай.

Бақ аумағында жеміс сақтайтын екі қойма орналасқан. Ондағы 18 камерада 600 тонна алманы қысы-жазы сақтауға барлық жағдай жасалған. Компания тағы бір игілікті істі қолға алып жатыр. Ол – шырын шығаратын шағын зауыт. Бір сөзбен айтқанда, біз аралаған алма бақ қалдықсыз технологиямен жұмыс істеуге ден қоя бастаған. Енді зауыт іске қосылса жаңа жұмыс орындары ашылып, оның игілігін ауыл тұрғындары көреді.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы