ҚАРАТАЛДЫҚ КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАР ШЕТІНЕН КӘСІП АШЫП, БАЙЫП ЖАТЫР

Уақыты: 22.09.2021
Оқылды: 2129
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға жеке кәсіп ашу үшін жақсы мүмкіндіктер бар. Кәсіппен айналысуға талаптанған әйелдерге қайтарымсыз несие беріліп, арнайы оқу курстары ұйымдастырылуда. Мұндай қолдау көпбалалы отбасылардың табысын арттырып, олардың сүйікті кәсіппен айналысуына жағдай жасайды. Көпбалалы Гүлнар Молдағашева мен Сандуғаш Қасымова мемлекет қолдауына ие болып, Үштөбе қаласындағы «Әсем» сән салонында шаштараз болып еңбек істеп, нәпақа тауып жүр.

Қос маман  "Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 583400 теңге көлемінде мемлекеттік грант алып, кәсіпке қажетті құрал-жабдықтар сатып алды. «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде мемлекет есебінен кәсіптік мамандықты үйрететін тегін курсты оқыды.

Гүлнар Нұрбосынқызы Талдықорған қаласындағы «Алиса» кәсіби білім беру орталығында «Шаштараз өнері» курсы бойынша оқып, «Шебер шаштараз» атану үшін қажетті біліктілігін көрсетті. Айта кетерлігі, Гүлнар күйеуі Амантай Молдағашевпен бірге 2012 жылы Матайдан Үштөбеге көшіп келген. Отағасы жол жөндеу кәсіпорнында тракторшы болып жұмыс істейді. Көп жылдар бойы бала күтімімен отырған Гүлнар Молдағашева сүйікті ісімен айналысып жатқанына дән риза. 

– 2019 жылы «Қаратал аудандық жұмыспен қамту орталығы» мемлекеттік мекемесі арқылы Талдықорған қаласынан 3 ай шаштараз курсын оқып, қараша айында арнайы сертификат алдым. Біраз уақыт кәсіби мамандардан тәжірибеден өттім. Грант алған соң құрал-жабдық  алып, жұмысты биыл көктемде бастап кеттік. Мемлекет тарапынан берілген қайтарымсыз қаржыға шаштаразға қажетті шаш қию машинкасын, фен, қайшы, тарақ, орамал секілді құрал-жабдықтар сатып алдық. Бұған дейін оқуға мүмкіндік болмаған еді. Мектепті аяқтаған соң тұрмыс құрып, бала бақтым. Қазір үлкен балам 11-сыныпта, кішкентайым 1-сыныпта оқиды. Балалар өскен соң жұмыс жасағым келді. Жұмысым өзіме өте ұнайды. Үкімет көпбалалы аналарға осындай көмек көрсетіп, грант беріп, кәсіп ашуға жағдай туғызып отырғанына рақмет, – дейді Гүлнар Молдағашева.

Көпбалалы ана Сандуғаш Қасымова Ұмтыл ауылында тұрады. Семей қаласындағы орта мектепті аяқтаған соң Қаратал ауданына келді. Ауданымыздың азаматы Рева Өтелбаевпен тұрмыс құрып, 5 баланы дүниеге әкелді. Қазір отағасы Рева әскери бөлімде қызмет атқарады. Сандуғаш көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан өз кәсібін ашу үшін қайтарымсыз қаражат беріліп, кәсіптік оқуға жіберіліп жатқаны жайлы естиді. Сөйтіп, 2018 жылы Талдықорған қаласында шаштараз оқуын аяқтап, кәсібін ашу үшін мемлекеттен грант алады.

– Өзіме шаштараз мамандығы ұнағаннан кейін соны оқыдым. Үкіметке рақмет, көпбалалы ана болсақ та көмектесіп, оқуға жіберіп, жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр. Мектеп бітірген соң тұрмыс құрып, балаға қарап, еш жерде жұмыс істемедім. Аллаға шүкір, балаларымды өсіріп жеткізген соң отбасы табысын арттыру мақсатында еңбек етіп жатырмын, – деп ағынан жарылады көпбалалы ана, кәсіпкер  Сандуғаш Мырзахметқызы.

Иә, мемлекет көмегімен кәсіп үйреніп, нәсібін теріп жүрген көпбалалы аналар ешкімге алақан жаймай, өз күнін өздері көріп отыр. «Еңбек түбі – береке» демекші, маңдай терімен, адал еңбегімен нан тауып жүрген көпбалалы аналар ісі көпке үлгі.

Асхат ӨМІРБАЕВ

Қаратал ауданы

Алматы облысы