Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҰЙҒЫР АУДАНЫНДА ҚЫСЫ-ЖАЗЫ ҚЫЗАНАҚ ПІСІП ТҰРАТЫН АЛҚАП БАР

Уақыты: 10.11.2021
Оқылды: 1043

Кетпен тауының етегінде жатқан Қарадала өңірі көпшілікке ыстық сулы демалыс орындарымен танымал. Алайда жер астынан атқылаған суды шаруашылыққа пайдаланып, өндірісті өркендетуге жұмсауға болатынын қарапайым халық ойлай бермейді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Дегенмен, жылыжай орнатып, сауда орындарын қызанақ және қиярмен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлік нысандары жоқ емес. Солардың қатарында «Эко продукт плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар.

Аумағы 1 гектардан астам жерге түрік технологиясымен салынған жылыжайда негізінен қызанақтың екі түрі өсіріледі. Өнімдерін Шонжы ауылы мен Алматы қаласындағы сауда орталықтары мен базарларға жіберетін кәсіпорын 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз еткен. Айына 100 мың теңге мөлшерінде орташа жалақы алатын жұмысшыларға жатын орын, 3 уақыт тамақ, көлікпен тасымалдау тегін ұйымдастырылады.

Жылыжайдың жұмысымен таныстырған серіктестік меңгерушісі Дильшат Абдуллаевтың айтуынша, арнайы топыраққа отырғызылатын қызанақ көшеттері жыл бойы өнім береді. Алайда уақыты ұзарған сайын түсімі нашарлай бастайтындықтан көшеттерді 6 айдың ішінде жаңадан отырғызған тиімді. Ондайда түсімі артатын қызанақ Алматы шаһарына жеткенде 700-800 теңгеден сатылады. Сол үшін жылыжайдың температурасын тұрақты ұстау шарт. Сәл суық болса көшеті солып шыға келетін шетелдік сорттарды зиянкестерден қорғау табиғи жолмен жүреді. Яғни, өнімге зиян келтіретін жәндіктерді басқа жәндіктердің дәрнәсілдері шабуылдап, жойып отырады.

Жұртшылықты қысы-жазы қызанақпен қамтамасыз ететін жылыжайға салынған инвестиция көлемі 400 миллион теңгеден асып түсіпті. Осыған орай жылыжай аумағын 3 гектарға дейін өсіру жоспарда бар.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"