НҰР-СҰЛТАНДА АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ҮЗДІК КӘСІПОРЫНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 07.12.2021
Оқылды: 1656
Бөлім: ОН САУСАҚ

Алматы облысының өндірушілері ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына, «Ұлы дала елі» ортақ брендін пайдалану құқығына және «Іскер» сыйлығына ие болды. Марапаттарды тапсыру рәсімі Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің, «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевтың, мемлекеттік құрылым басшыларының, кәсіпкерлердің және өткен жылдардағы конкурс жеңімпаздарының қатысуымен өтті. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

«Алтын сапа» сапа саласындағы Президент сыйлығы лауреаттарының бірі «Бірінші сыра зауыты» ЖШС атанды. Компания – алкогольсіз сусындар мен энергетиктер өндіру бойынша отандық көшбасшы. Зауыт жоғары сапалы халықаралық деңгейде өнім өндіруге мүмкіндік беретін жоғары технологиялық және ультра заманауи жабдыққа ие. Кәсіпорын өлшенген сыра мен энергетикалық сусындар дистрибуциясының (51 және 96 пайыз)  оралған сыра сегментіндегі үздік үш компанияның бірі. Сондай-ақ, энергетикалық сусындар санатындағы №1 кәсіпорын. Сыйлық кәсіпорынның бақылау кеңесінің басшысы Бақытбек Алғазиевке берілді.

– Бірінші сыра зауытының өнімдері отандық және шетелдік сарапшылар тарапынан бірнеше рет беделді марапаттарға ие болды. Ал бүгінгі «Алтын Сапа» марапаты кәсіпорын үшін айрықша, ең жоғары марапат, өнім сапасына берілген ең үздік баға. Біз әрі қарай да осы саланы дамытып, бизнес-үрдістерді жаңғырту және азық-түлік өнімдерін өндіруде жаңа, одан да жоғары сапа стандарттарын әзірлеу үшін бар күш-жігерімізді жұмсауды жалғастырамыз, – деді кәсіпкер.

Жалпы, 15 жыл ішінде «Алтын сапа» байқауын ұйымдастырушылар 2,5 мыңға жуық өтінім қабылдады, 140-тан аса кәсіпорын өз саласында үздік атаққа ие болды. Биыл 160 кәсіпорын байқауға қатысуға өтінім беріп, оқыту семинарларынан өтті. Шарада «Антинген» ғылыми-өндірістік кәсіпорны» ЖШС «Ұлы дала елі» ортақ брендін пайдалану құқығына ие болды. Сыйлықты кәсіпорын директоры Нұрлан Ахметсадықов алды.

Конкурстың мақсаты – тауарларды экспорттау кезінде отандық компаниялар мен олардың жоғары сапалы өнімдерін «Ұлы дала елі» ортақ брендімен ынталандыру және позициялау, елдің шетелде танымалдығын арттыру. «Ұлы дала елі» ортақ бренді Қазақстанның брендін халықаралық нарықтарда ілгерілететін Қазақстанның үздік отандық тауар өндірушілеріне беріледі.

«Антинген» елдегі жалғыз ғылыми-өндірістік кәсіпорны жануарлардың жұқпалы және инвазиялық ауруларына қарсы диагностикалық, емдік және профилактикалық препараттарды, COVID-19-ға қарсы вакцина өндірумен айналысады. Биыл кәсіпорын «Жетісу» ӘКК» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, вакцина құю бойынша өндірістік алаң ұйымдастырды. Қазіргі заманғы технологиялық жабдықтардың 13 бірлігі сатып алынды. Өндірістік қуаты 1 млн. дозаға дейін «QazVac», басқа да «COVID-19» вакциналарын өндіре алады. Сондай-ақ, облыстағы екі компания «Іскер» бизнес-сыйлығының лауреаттары атанды. Олар – «Aluminium of Kazakhstan» ЖШС және «Best Meat» ЖШС. Марапаттар аталған серіктестіктердің басшылары Нұрсұлтан Жұмабек пен Төлеген Бозжановқа табысталды.

«Іскер» сыйлығы Қазақстан Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсына қатысушылар арасынан өз қызметінде табысқа қол жеткізген, өз тауарын үнемі жетілдіруге және оның сапасын жақсартуға ұмтылатын компанияларға беріледі. «Aluminium of Kazakhstan» ЖШС алюминий профильдерін экструзиялауға маманданған жетекші компания. Өнімі сегіз елге экспортталады. Экспорт көлемі шығарылатын өнімнің 33 пайызын құрайды. «Best Meat» ЖШС жоғары сапалы «мәрмәр етін» өндірумен айналысады және құрғақ, ылғалды пісетін кебек, порциялық стейктер және еттің жартылай фабрикаттары сияқты өнімдерді сатады.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА