Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ТЕКЕЛІ" СҮТ ЗАУЫТЫ КЕЛЕР ЖЫЛДАН БАСТАП БАЛМҰЗДАҚ ШЫҒАРМАҚ

Уақыты: 28.12.2021
Оқылды: 953

Моноқалада халықты табиғи өнімдермен қамтамасыз етіп отырған «Текелі» сүт зауытының 60 жылдық тарихы бар. Кәсіпорында «Текелі» брендімен сүт тағамдарының 23 түрі шығарылады.

«Текелі» сүт зауыты алғашында сүт жинайтын сауда нүктесі ретінде құрылды. 1987 жылы оған жеке кәсіп мәртебесі берілді. Ал қазіргі «Текелі» сүт зауыты деген атауы көпке кеңінен таныс. Ұжымның тынымсыз еңбегінің және басшылықтың ұйымдастыра білу шеберлігінің арқасында 1990 жылдардағы күрделі кезеңде де кәсіпорын жұмысы ақсаған жоқ. Тәуелсіздік жылдары зауыт қайта түлеп, жұмысы жаңаша қарқын алды.

Облыс әкімдігінің қолдауымен «Өндіріс» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиеге ие болды. Өндіріс толықтай қайта жаңғыртылды. Заманауи технологиялармен жабдықталды. Бұдан соң зауыт тауарына деген сұраныс артып, кәсіпорын бүгінгі нарық талабына сай дами түсті.

«Текелі» сүт зауытының өндіріс жөніндегі директоры, 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан Валентина Кубрак:

– Алғаш зауытқа 1990 жылы өндіріс шебері ретінде қабылдандым. Содан бері 30 жыл бойы табан аудармай осы зауытта еңбек етіп келемін. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекет қолдауының арқасында зауыттың шығаратын өнімінің көлемі едәуір артты, өндіріс іргесі кеңейді. Бүгінгі күні тәулігіне 10 тоннадан 20 тоннаға дейін өнім шығарамыз. Зауытта тәжірибелі мамандар жеткілікті. Олардың алды кемінде 20 жылдан бері осында еңбек етіп жүр. Бұл ретте 45 қызметкердің 30 пайызын  жастар құрап отыр. Қызметкерлеріміздің әлеуметтік жағдайларына да көңіл бөліп, қолдап отырамыз. Кәсіпорын есебінен бір мезгіл ыстық тамақ және тегін жүру билеті беріледі, – деді.

Директор өз сөзінде зауытқа сүттің қайдан әкелінетінін де айтып берді. Оның айтуынша, шикізат қала маңындағы шаруа қожалықтарынан, жеке үйлерден жиналады. Зауытта сүттің сапасын тексеретін арнайы зертхана бар. Тек зертханалық тексеру қорытындысы шыққаннан кейін ғана сүт өндірісте қолданылады. Мәселен, зауыт облыстың ірі шаруашылықтарының бірі «Хильниченко және К» шаруа қожалығымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Сүт зауытқа жеткізіліп, тиісті зерттеу жүргізілгеннен кейін сепаратордан өткізіледі.

Соның арқасында сүт табиғилығын сақтайды. Мұнан кейінгі өнімнің стандартты майлылығына қол жеткізу үшін қалыптандыру, сүттің ұйып қалмауы үшін гомогенизация, сүттің максималды қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін пастерлеу процестері жүргізіледі. Бұдан әрі дайын өнім қапталып, маркасы қойылып, сауда нүктелеріне жөнелтіледі. Сүтте табиғи дәрумендер болғандықтан өнімді сақтау мерзімі шектеулі. Мәселен, зауыттың сүт өнімдері 5 күн, ал айраны 7 күн ғана сақталады.

Келесі жылдан бастап зауыт балмұздақ пен ірімшік шығаруды бастамақ. Сонымен қатар, жаңа технологияның көмегімен өндіріс көлемін тағы да ұлғайта түсіп, нарықтағы позицияларын нығайтып, тауардың жаңа түрлерін меңгеруге көшпек.

Ұлжан ҰЛДАХАНҚЫЗЫ,

Текелі қаласы әкімінің баспасөз хатшысы

Алматы облысы