КӘСІПКЕРЛЕР ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ САЯСАТ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

Уақыты: 25.01.2022
Оқылды: 1191
Бөлім: ОН САУСАҚ

Мемлекет басшысының Жолдауына қатысты Жалпыұлттық жоспарды іске асыру мақсатында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) келесі бес жылға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын, сондай-ақ, жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеген еді. Барлығымызға белгілі, Мемлекет басшысы жуырда өткен бизнес өкілдерімен кездесуде корпоративтік сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға ерекше назар аудара отырып, осы тұжырымдаманы кәсіп иелерімен егжей-тегжейлі талқылау қажеттігін атап өтті.

Осыған байланысты Алматы облысында аймақ басшысы Қанат Бозымбаевтың қатысуымен тұжырымдама жобасын талқылау үшін кәсіпкерлермен, өңір активімен кездесу ұйымдастырылды. Айта кету керек, тұжырымдаманы әзірлеу кезінде азаматтық қоғамның пікірі, халықаралық және жекелеген тәжірибе жиынтықтары үлкен маңызға ие болды.

Тұжырымдамада нақты реформалар мен жобаларды қамтитын міндеттердің мынадай 6 блогы көзделген:

- біріншісі, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыруға арналған;

- екіншісі, сыбайлас жемқорлық мүмкіндіктерін барынша азайтуға бағытталған;

- шаралардың үшінші блогы жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге негізделген;

- төртінші блок - бұл азаматтық қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға одан әрі ауқымды тарту жөніндегі шаралар;

- бесінші блок сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың мониторингін қамтиды;

- алтыншы блок сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның қызметін одан әрі жетілдіруді көздейді.

Парасатты бизнесті қалыптастыру мақсатында тұжырымдама жобасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды ерікті түрде енгізу бойынша шаралар блогы қаралған. Осы бағытта өз тиімділігін көрсеткен алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибелер негізге алынды.

Мысалы, Шығыс Еуропа елдерінде "Клеер Вейф" ("Мөлдір толқын") шартты атауымен өнімді, қызметтерді және маркетингтік материалды ашық бизнес-таңбалау бастамасы іске асырылады. Бұл белгі іскерлік этиканың, ашықтықтың, жауапкершілік пен тұрақтылықтың символы болып табылады. Мұндай компаниялар кейіннен "таза параққа" түседі, бұл оларға мемлекеттік тапсырысты алу кезінде артықшылықтар береді. Сондай-ақ, бүгінде қолданыстағы заңнамада бизнестің қызметіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтерді ерікті түрде енгізу назарға алынған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс институтын одан әрі дамыту арнасында комплаенс-офицерлерді даярлау жөніндегі тиісті білім беру бағдарламаларын енгізу алға қойылған. Бұдан басқа, тұжырымдама жобасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізген және адал жұмыс істейтін компанияларды ынталандыруды қарастырады. Аталған ынталандыру мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік қолдау және басқа кезде преференциялар алу арқылы іске асырылуы мүмкін. Осы шаралардың барлығы корпоративтік секторды адал болуға, әділ ойын жүргізуге ынталандыруға бағытталған. Мұндай тәсілден барлығы ұтпақ.

Бизнес жоғары беделге және сәйкесінше пайдаға ие болады, азаматтар – сапалы өнімнің, мемлекет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың іргетасы.

Тұтастай алғанда, дайындалған құжатта олардың сапалы іске асырылуы жағдайында біздің қоғамдағы сыбайлас жемқорлықты жоюға ықпал етуге қабілетті шаралар бар деп айтуға болады. Азаматтар, кәсіпкерлер, ҮЕҰ үшін тұжырымдаманы іске асыру тиімділігі өте жоғары.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"