БІЗДЕ ДЕМАЛЫС ДЕГЕН ЖОҚ. НАУБАЙХАНАШЫЛАР ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?

Уақыты: 30.01.2022
Оқылды: 1338
Бөлім: ОН САУСАҚ

Кербұлақ ауданында ерінбей еңбек етуді мақсат еткен жандар шағын кәсіптен-ақ өз нәпақасын тауып, көгеріп, көктеп отыр. Соның бірі – Сарыөзек ауылындағы наубайлық кәсіптің қыр-сырын меңгерген Нұрлан Құрманбеков.

Ауылдастарының алғысын алудан артық не бар?! Бүгінде аудан тұрғындары нан іздеп әуре болмайды. Себебі, күн сайын көз алдыларында ыстық нан пісіп тұр. Бағасы да қолжетімді.

Нұрлан Құрманбековтың бұл кәсіптің көзін тапқанына да он жылға жуықтапты. Осы жылдар ішінде ісін дөңгелетіп, бар қиындықты жеңе білді. Келешектен көп үміт күтті. Соның нәтижесі болар, шаруасы жыл өткен сайын алға басып келеді. Қазіргі кезде тұрақты тұтынушылары да бар, жұмысы да қарқынды жүруде. Қай кезде болсын, өнімділіктің артуы тұтынушылардың сұранысына байланысты екені анық. Кәсіпкер қазір күніне 250-ге жуық нан пісіреді.

– Бізде демалыс деген жоқ. Сенбі, жексенбі күні де жұмыс істейміз. Өзіңіз білесіз, бәсеке жоғары. Бір күн демалсаң, қатардан қаласың. Қалай десек те табыстың сыры еңбекте екенін айтқым келеді, – дейді өз ойымен бөліскен наубайхана иесі.

Әрине, жұмыстың оңайы жоқ. Несібе де өздігінен келмейді. Бәріне тек адал еңбектің арқасында ғана қол жеткізуге болады. Сондықтан осындай кәсіпкер азаматтар көбейсе дейміз.

Раушан БИСЕМБЕКҚЫЗЫ

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы