ҚАПШАҒАЙЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР ӨЗ БЕТТЕРІМЕН БИЗНЕС АШЫП, АҚША ТАУЫП ЖҮР

Уақыты: 13.02.2022
Оқылды: 1435
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қапшағай қаласында жеке бизнесін ашуға ниеттенген азаматтар «Еңбек» бағдарламасының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануда. Осындай талапты азаматтың бірі Кәмшат Жандәулетова мемлекет қолдауымен шағын тігін ательесін ашты. Ал көпбалалы ана Аида Нұрсейітова сән салонын құрып, жұмыс істеуде.

Қапшағай қалалық әкімдігінің хабарлауынша, азаматтарды кәсіпкерлік негіздеріне оқытып, оларға мемлекеттік грант беруде Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының «Бастау Бизнес» жобасы өз тиімділігін көрсетті.

Мәселен, суретші-модельер мамандығын алған Кәмшат Жандәулетова бірнеше жыл Қапшағайдағы түрлі ательелерде жұмыс істеп, тәжірибе жинаған, кейін «Бастау Бизнес» арқылы кәсіпкерлікті қолға алуға ниеттенді. Арнайы курстан өткен соң өз бизнес жобасын қорғап шықты. 583 400 теңге көлеміндегі мемлекеттік грантқа ие болып, бұл сомаға өндірістік тігін машинасын, торлап тігу мен үтіктеуге арналған техникалар сатып алған. Сөйтіп, қазір «Кәмшат» тігін студиясын ашып, жеке бизнесін жүргізіп отыр. К.Жандәулетова кәсіби шеберлігінің арқасында 2012 жылы сән өнерінде талабы бар жас дизайнерлер арасында өткен «Жас маман» байқауында жүлделі орын алған болатын. Кәсіпкер алдағы жоспарларымен де бөлісті.

- Алдағы наурыз айында 2-5 млн.теңгенің грантына қатыссам деймін. Қыз-келіншектерді тігін ісіне үйрететін студия және тігін цехын ашу жоспарымда бар, - дейді Қ.Жандәулетова. Ал көпбалалы ана Аида Нұрсейітова Қапшағай қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы қысқа мерзімдік курста оқып, шаштараз кәсібін меңгерген. Кейін мемлекеттік грант иеленіп, оған шаштараздыққа қажетті жабдықтарын алды. Қазір «Ардақ» шағын сұлулық салонын ашып, келушілерге қызмет көрсетуде.

Қапшағай қаласы әкімдігінің мәліметінше, Қапшағайда 2021 жылы шағын бизнесті дамытуға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 38 млн.теңге шамасында мемлекеттік грант берілді. Грант негізінен аз қамтылған және көп балалы отбасыларға, 29 жасқа дейінгі жастарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға берілді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"