ҮШТӨБЕДЕ ЫСТЫҚ КОФЕ МЕН ДОНЕР БЕРЕТІН АЯЛДАМА ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Уақыты: 23.02.2022
Оқылды: 1321
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қазіргі таңда кәсіппен айналысқысы келетін жастарға мемлекет тарапынан арнайы грант пен пайызы төмендетілген несие  берілуде. Кәсіпкер Александр Магай Үштөбе қаласы, Бауыржан Момышұлы атындағы көшенің бойына жеке қаражатына аялдама салып, жеке бизнес ашты. Бүгінде кәсібі нәсібіне айналып отыр.

Кәсіпкер 2021 жылы «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасының шеңберінде кәсіпорнын ашуға грант ұтып алған болатын. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қаратал аудандық филиалының директоры, аудандық мәслихат депутаты Фархат Құсайынов Үштөбе қаласына сән беріп тұрған аялдамаға арнайы барып, кәсіпкер жұмысымен танысты. Аталмыш аялдамаға қоғамдық көлікті күтуге кірген жолаушыларға шай, кофе, (латте, макиато, капучино) секілді өзгеше сусындарды ұсынады. Қыстыкүні даладан тоңып келген қала тұрғындарына тәттілер мен жедел әзірленетін донер секілді ас түрін де осы жерден кездестіруге болады.

– Әу баста мен жолаушыларға қыстың қара суығында ық әрі жылы аялдама жасауды ойладым. Мұндай аялдамалар облыс орталықтары мен үлкен қалаларда ғана бар. Әйтсе де мен ойлана келе жобама өзгерістер енгіздім. Аялдамада адамдар жай автобус күтіп отырмай, дәмнен ауыз тисін деген идея келді. Қазақта дастарқанға қатысты: «Бір адамның екінші адамға деген шынайы ықыласы дастарқанда ашылады» деген жақсы сөз бар. Жолаушылар бір-бірімен шүйіркелесіп сөйлесе отырсын деген оймен аялдамада ыстық кофе мен донер ұсынуды жөн көрдім. Аудан тұрғындары үшін жедел тамақтанатын басқа да тағам түрлерін ұсыну ойымызда бар, – дейді кәсіпкер Александр Магай.

Осылайша, Үштөбе қаласының орталығындағы жылы аялдама автобус күтіп отыратын тұрғындар үшін де, кәсіпкер үшін де тиімді болып отыр. Жұртшылық мұндай заманауи аялдаманың елді мекеннің шырайын келтіріп, өркениетке бастайтынына сенімі мол.

Асхат ӨМІРБАЕВ

Қаратал ауданы

Алматы облысы