АШЫТЫЛҒАН ЕШКІ СҮТІ БІРНЕШЕ АУРУҒА ЕМ. ЖАС ҒАЛЫМНЫҢ ЖОБАСЫ

Уақыты: 23.02.2022
Оқылды: 1524
Бөлім: ОН САУСАҚ

Осыдан төрт жыл бұрын Жаркенттің мал базарында кездескен Батан деген ауылдас азамат: "Аға, тоқташы, мен сізге бір қызықты көрсетейін", – деген соң соңынан ердім. Мал базардың кіреберісіндегі темір-терсек, жем, құс сататын бұрышта адамдар ашытылған ешкі сүтін сатып алып жатқанын көрдім. «Ешкі сүтін ашытады» дегенді бұрын-соңды көрмек түгілі естімеппін. Оны саудалап тұрған Алмас Батырхан есімді Жаркент қаласының тұрғыны болып шықты.

Ол біраз жылдан бері асыл тұқымды ешкі өсіріп, оның сүтін ашыта бастапты. Дәмін татып көрдім, кәдімгі қымыздан ешқандай айырмашылығы жоқ. "Ешкі сүтін ашытуды интернеттен оқып, үйрендім. Көп еңбектену арқылы ақыры технологиясын жақсы меңгеріп алдым", – деді ол.

Алмас «Туберкулезді емдеудегі асыл тұқымды ешкі сүтінің тиімділігі» деген жобасын 2017 жылы Дүниежүзілік банк пен ҚР Білім және ғылым министрлігі бірлесіп өткізген әлеуметтік бизнес-жоба байқауына ұсынып, бір миллион теңге грант ұтыпты. Содан екі жыл ауқымында Жаркент қаласындағы туберкулезді емдейтін диспансердегі емделушілерге ешкі сүтін ашытып тегін беріп келеді.

Бастаған ісін баянды етуге бел буған бозбала «Бастау бизнес» жобасы бойынша білім алып, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына қатысып, 2019 жылы тағы 2,5 миллион теңге грантқа ие болыпты. Сол қаржыға «Занин» асыл тұқымды сүтті ешкісінің санын көбейтіп, сауын құралдарын сатып алып, шағын шаруашылығының жағдайын жақсартты. Қоғамдық-саяси істе де белсенді азамат өткен жылы сайлауға қатысып, аудандық мәслихаттың депутаты атанды. Өткен жылы облыс әкімінің «Көшбасшы – 2021» жастар сыйлығын «Ауылшаруашылығының озат маманы» номинациясын иеленді.

Қазір ашытылған ешкі сүті өңірде жоғары сұранысқа ие. Әсіресе, асқазан, сусамыр, қан қысымы, өкпе сырқатымен ауыратындар үзбей сатып алады. Сәбилі болған ата-аналар да жиі іздеп келеді.

– Аудан әкімінің халыққа есеп беру жиынында өңірде өкпе ауруының өршіп тұрғаны жөнінде естіген соң алдын алудың жолын ақпарат көздерінен іздестірдім, – дейді Алмас бүгінгі бизнесінің бастамасы туралы. – Ешкі бағып, сүтін халықтың пайдасына жарату бастамасы осылай дүниеге келді.

Алмас сияқты табанды, ізденгіш, еңбекқор жастарға ел берекесін көтеретін, өзіне де табыс көзін табатын бастамалар аз емес. Тек талмай ізденіп, білімі мен білігін көтеріп талпыну ләзім.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы

Алматы облысы