ШЫҒЫН АЗ, ЖҰМЫС ТОҚТАМАЙДЫ. ҚАМЫСТАН ҚАНТ ӨНДІРУДІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Уақыты: 23.04.2022
Оқылды: 2233
Бөлім: ОН САУСАҚ

"Көксу қант зауыты" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі наурыз айынан бастап тәтті түбірден бөлек, қамыстан қант шығару жұмыстарымен айналысуда. Бұл туралы арнайы ұйымдастырылған баспасөз туры барысында белгілі болды.

Қант шығаратын кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында аталған зауыт басшысы Алтынбек Абатов әңгімелеп берді. Кәсіпорын жетекшісі тілшілерге жұмысы қызу жүріп жатқан өндірісті аралатып, құрақтан дайын қант алу жұмыс үрдісін көрсетті. Байқағанымыздай, мұндағы жұмыс автоматты түрде жүріп жатыр. Жұмысшылар да өздеріне жүктелен міндетті мінсіз атқаруға тырысуда.

Қант құрағы Бразилия мен Мексикадан әкелінеді. Ал қазіргі шикізат Бразилиядан жеткізілген. Қамыстан тәулігіне 300 тонна өнім өндіріледі. Дайын болғандары елдің түкпір-түкпіріне таралады. Қант құрағынан өнім өндіру зауыттың тоқтаусыз жұмыс істеуіне де септігін тигізіп отыр. Яғни, бұл адамдардың жұмыспен қамтылуына мүмкіндік туғызады. Зауытта қазір үш жүзден аса адам еңбек етуде. Маусым кезінде олардың саны көбейіп, бес жүзге дейін жетеді. Өткен жылы қамыстан 42 мың тонна қант шығарылса, биыл бұл көрсеткішті 50 мың тоннаға дейін жеткізу көзделуде, – дейді Алтынбек Абатов.

Белгілі болғандай, бүгінде Бразилиядан 7 мың тонна қант құрағы жеткізілген. Оның жартысы өңделген. Күзге дейін тағы 43 мың тонна шикізат әкелінеді деп күтіліп отыр. Өткен күзде жетісулық шаруалар 84 мың тонна қант қызылшасын өткізген. Бүгінде оның басым бөлігі өңдеуден өтіпті. Өндіріс ошағы осы маусымда жалпы алғанда 11 мың тонна қант шығарған.

Өткен жылы Австрия, Жапония, Ресей, Украина және Германия елдерінен заманауи жабдықтар сатып алынған. Жаңғырту жұмыстарына да қомақты қаражат жұмсалыпты. Жаңғыртудан өткен кәсіпорын енді маусымаралық кезеңді де тиімді пайдалануға көшті. Құрақ қантын өндіру шығын аздығымен ерекшеленеді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Көксу ауданы,

Алматы облысы