ШЫҒЫНҒА БАТЫП, ҚҰҚЫҒЫ ТАПТАЛҒАН КӘСІПКЕРЛЕР МҰҢЫН КІМ ТЫҢДАЙДЫ?

Уақыты: 17.09.2022
Оқылды: 1307
Бөлім: ОН САУСАҚ

Талдықорғанға жұмыс сапарымен келген Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының ғимаратында кәсіпкерлерді қабылдады. Кездесуде кәсіп ашып, нәсіп таба алмай, құқықтары бұзылып, қиналып жүрген кәсіпкерлер бизнес-омбудсменге тікелей жүгіне алды. Әсіресе, олардың жергілікті атқарушы органдардың заңсыз әрекеттеріне наразы екендігі байқалды.

Ең алдымен қабылдауға келген «Қайнар-АКБ» ЖШС өкілдері Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті тарапынан қозғалған заңсыз істердің салдарынан активтері бұғатталып, шаш етектен шығынға батқанын, істің облыс деңгейінде әділ шешім таппайтынын алға тартты.

Сол қатарда «Ақ-Бұлақ продукт» ЖШС сүт жеткізу бойынша мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы сұрақпен жүгінсе, қаңтар айындағы төтенше жағдай кезінде елді тегін тамақтандырып келген қоғамдық тамақтандыру орындары тиісті қаражатты әлі ала алмай жүргенін айта келіпті.

Кәсіпкерлер сол кезде Алматы облысы әкімдігімен ауызша келісім жасап, шығындарын төлеп беру туралы кепілдік хат алған. Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриялық даму басқармасы 30 сәуірге дейін шығынды төлеп беруге уәде берген. Алайда әкімдік тарапынан ешқандай төлем жүргізілмепті. Кәсіпкерлер қаңтарда Алматы облысы әкімдігінің өтінішін орындады. Қазіргі уақытта облыс бюджеті бөлінгеніне байланысты шығынға батқандар Жетісу облысының тұрғыны болып саналады.

Бұған Рустам Жүнісов: «Шығынға батып, банкрот болудың алдында тұрған қоғамдық тамақтандыру орындарына облыс әкімдігі қолдау таныту керек», – деді. Ескелді ауданы Бақтыбай ауылынан кесіп өткен жолдың жыры әлі бітпепті. Біраз адам жер учаскесін мемлекет мұқтажына алуға байланысты төленетін қаражатты ала алмай жүр. Бизнес-омбудсмен облыстық кәсіпкерлер палатасы арқылы сотқа талап-арыз дайындауды тапсырды.

«Дарқан-Қайсар» ЖШС басшысы Дәрібек Қарабасов 2012 жылдан бері Талдықорған теміржол стансысындағы құқығын қорғау үшін бармаған жері, ашпаған есігі қалмапты. Ол кісі теміржол стансысының кірме жолдарындағы заңсыздықтарды ретке келтіру туралы өз ұсынысын айтты. «Қорғас – Шығыс қақпасы» ерекше экономикалық аймағы өкілдері күн панелін шығаруға арналған екі үлкен қондырғыны елге әкелуге рұқсат ала алмай отыр.

Лимузин көлігін жалға беріп, той бизнесінен қаржы тауып жүрген Элдар Сламбеков ойламаған жерден 2 млн.300 мың теңге салық төлеуге міндеттелгені жөнінде мұң шақты. Оның айтуынша, Жетісу облысында осындай қарыз арқалап шыға келген 3 кәсіпкер бар. Олар әр есікті тоздырып жүрген көрінеді.

Ескелді ауданы, Қоңыр ауылынан келген Өмірзақ Керейбаев ауыл маңындағы жайылым жер мәселесін, ал «Мақсат» шаруа қожалығының жетекшісі Сәбит Баймұқанов Алажиде ауылынан құдық қазу мәселесімен келіпті. Қысқасы, кездесуге келген әр кәсіпкердің айтар арызы бар. Олардың бірқатарына Нұр-Сұлтаннан келген бизнес-омбудсмен жауап берсе, біразы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевпен кездесу барысында айтылды. Оң шешімін табар деген үміттеміз.

Қажет АНДАС

Жетісу облысы