ӘЛЕМДЕГІ ҮНСІЗ ТІЛ

Уақыты: 08.01.2023
Оқылды: 1368
Бөлім: ОН САУСАҚ

Күллі әлемнің жұрты бір-бірімен ұғыныса, тілдесе алатын, өзара еркін түсіне білетін бір тіл бар. Ол – «саңырау және мылқау тілі ишара, ым», – деп аталады. Тумысынан мылқау болып жаралған адам қимыл-қозғалыс арқылы осы тілді пайдаланып, өзара тілдеседі. Бір ұлт қана емес, күллі әлемнің мылқаулары осы ишарамен байланыс жасап, қарым-қатынас орнатады.

Тумысынан кемістігін байқай қалсаң, оған қол ұшын созу қайрымдылықтың белгісі. Бұл өмір заңдылығы. Бұлай сөз бастауымның себебін айтайын. Талдықорған қаласында арнайы саңырау-мылқауларға арналған «Қазақстанның саңыраулар қоғамы, қоғамдық бірлестігінің Талдықорған оқу-өндірістік кәсіпорны» бар. Осы шағын ғана мекемеге бас сұғып, олардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік. Ендігі әңгіменің желісін аталған кәсіпорын жайлы қозғайық.
Қала бойынша саңыраулар-мылқаулардың бас қосатын жалғыз мекемесіне биыл 85 жыл толыпты. Сонау Кеңес заманында бой көтерген мекеменің бүгінде қадірі кетіп, сиқы қашқан. Есту қабілеті нашар, тілі кеміс жандардың басқа барар жері де жоқ. Бір ғана бас қосатын, аз болса да, нәпақасын тауып, еңбекке араласатын кәсіпорынның жағдайы басшылықтың ғана емес, мылқаулардың да жанына бататынын білдік.
Аталған ғимараттың ішінде екі бірдей мекеме орналасқан. Біреуі оқыту-өндірістік кәсіпорын болса, екіншісі «Қазақстанның саңыраулар қоғамы, қоғамдық бірлестігінің Жетісу облыстық ұйымы». Бір сөзбен айтқанда үкіметтік емес ұйым деп тіркеледі. Бүгінде оқыту орталығында 38 адам жұмыс істейді. Олардың 24-і есту қабілеті нашар және естімейтін  жандар. Жалпы кәсіпорында тігін темір және жиһаз жасау цехы бар. Аталған азаматтар осыларда еңбек етіп жүр. Цехтар мемлекеттен қаржыландырылмайды. Бүгінгі заманның талабына сай тендрге қатысып, тапсырыс алуға тырысады. Бірақ, оның да көп машақаты жетерлік. Ұтып алғанынан, ұтылғаны басым. Мәселен, тігін цехында 12 адам жұмыс істеп отыр. Олар жуырда ғана Текелі қаласындағы бір кәсіпорынның арнайы киімін тігіп беруге тапсырыс алған. Сапасы өте жоғары әрі жылдам орындап отыр. Өкінішке қарай, отырған ғимараттары өте суық, мүлде жөндеу көрмеген, есік-терезесінен азынаған суық жел өңменіңнен өтіп, жұмысшыларға қиындық туғызуда. Тігін машиналары да ескірген, өлместің күнін көріп отыр. Сонымен қатар, жиһаз және темірден бұйым жасау цехы да аядай тар жерде қыстырылысып, жұмыс істеуде.
Екі қабатты ғимарат күрделі жөндеуді талап етеді. Оған олардың шамалары жетпейтіні анық. Тапқан табыстары жұмысшылардың күнкөрісінен артылмайды. Мекеме басшысы Нұрбек Несіпбеков пен кәсіпорындағы жұмысшылардың бір ғана тілегі бар. 
– Мемлекет, жергілікті атқарушы орган бізге де қарайласса, ең болмағанда бір реттік көмек көрсетсе сол жеткілікті болар еді. Бүгінгі таңда Талдықорған қаласы бойынша 237 мылқау бар. Алматы облысымен қоса алғанда 1321 адам тіркелген. Бұл кісілердің барлығы аядай кәсіпорынға сыймайтыны белгілі. Олардың басқа барар жері жоқ. Тек осы мекемеде ғана бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндігі келеді. Осыған орай жұмысшылардың жұмыс істеуіне қолайлы болуы үшін цехтарды кеңейтіп берсе, – деген өтінішін жеткізді. 
Осы орайда,  бірлестіктің төрайымы Раушан Бексұлтанованың да еңбегін айта кеткен жөн. Бұл салада қызмет атқарғанына ширек ғасырдан асқан Раушан Құдайбергенқызы мүмкіндігі шектеулі жандарды еңбекпен қамту үшін көп жұмыс атқарған. Олардың ең бірінші арнайы білім алуына қол ұшын созып, мамандық иесі болуына көмектескен. Талдықорған қаласындағы кәсіптік білім ошақтарымен келісіп, мүмкіндігі шектеулі жандарды оқытқан. Биыл политехникалық колледжде 3 топ құрылып, информатика-дизайн мамандығын меңгеруде. Сервистік колледжде 4 студент тігін мамандығы бойынша білім алып жатыр. Сондай-ақ, медициналық колледжден тіс қалыбын жасау мамандығы бойынша 6 бала бітіріп, бүгінде 2 маман осы салада еңбек етуде. Сондай-ақ, баспа ісі ашылып, 12 баланы жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Төрайымның да айтары, ең бірінші тапсырыстың жоқтығы. Мұнымен қоса, білім алушыларға сабақ өткізетін сурдоаудармашы мамандардың тапшылығы қиындық туғызуда. «Иә, жұмыспен қамту мекемесі арқылы мемлекеттік тапсырысқа өтінім бергенімізбен үнемі ұтылып қаламыз. Өйткені мұндай тапсырысқа қатысушылар өте көп, техникалық жабдықтардың жетіспеушілігі кедергі келтіреді. Білім алып келген мамандар жұмыс сұрап келгенде қол ұшын бере алмайтынымыз жанамызға батады», – дейді Раушан Құдайбергенқызы.
Әдетте үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттен қаржыландырылмайды, олар өздерін өздері қаржыландыруы керек. Әйтсе де, бұл мекеменің басқасынан ерекшелігі мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыс істейтіндігінде. Осыған орай жоғары басшылықтан қолдау көрсеткен жөн болар еді. 
Ең болмаса басшылық тарап бір уақыт жағдайымен танысып қайтса бірқатар проблеманың бар екеніне көз жеткізер еді. Тілі жоқ болса да мылқау жандардың үніне құлақ асса, олардың да айтары бар екенін білер еді. 

ТҮЙІН: Мемлекет басшысының жүктеген міндетінің бірі осал топтағы жандарға көмек қолын созу. Әлсіз топқа әл беріп, тағдырдың тауқыметін тартып жүрген жандардың батасын алғанға не жетсін?!  ҚҰЛАҚ АСАТЫН ҮКІМЕТКЕ ҚҰЛАҒЫ ЕСТІМЕЙТІН ЖАНДАРДЫҢ АЙТАРЫ ОСЫ!

Ришад ТҰРҒАНБАЙ