ҚЫЗ ЖАСАУЫНА СҰРАНЫС МОЛ

Уақыты: 16.01.2023
Оқылды: 1287
Бөлім: ОН САУСАҚ

Бүгінгі күні шағын және орта бизнеспен айналысып жатқан қыз-келіншектер өте көп. Олар кәсіптің әр түріне барып, нәтижесін көріп отыр. Бизнес жолы өте ауыр, шұғылданған істің қанат жайып кетуі де оңай емес. Соған қарамастан, қиындықтардан қорықпай, алға қойған мақсатына жету үшін осындай күрделі кәсіпті қолға алғандарын ерлікке теңеуге болады.

Шағын кәсіпті қолға алғандардың бірі – Дариға Шайзадақызы. Ол Кербұлақ ауданы Қоғалы ауылында тұрады. Дариға Түйебаева көп жыл үй шаруашылығымен айналысты. Отбасының берекесін келтіріп, өмірге ұрпақ әкелді. 6 баланың анасы олар ержеткенен кейін үйде бос отыруды қаламады. Отағасы Азаматтың біржағына шығысып, кәсіп бастауға кірісті. Қазіргі уақытта түрлі үй жасауына сұраныс жоғарылығын ескеріп, бала кезінен анасынан  үйренген  құрақ көрпе тігуді бастады. Елдің сұранысы артып, тапсырыс берушілердің қатары көбейген соң, көрпенің түрін, санын  көбейтті. Құрақ көрпеге керекті маталарды базардан алып, қой жүнін, арнайы мақталарды пайдаланып, кәсібін дөңгелетіп әкетті. Қолжетімді, сапалы көрпелерді ауыл тұрғындарына сатып, табыс тапты. Қыз жасауына керекті барлық көрпе, көрпеше, құрақ көрпе, жастықшалар тігіп, тапсырысқа жұмыс істеуде. Үйде отырып ашқан шағын кәсібіне сұраныс күн санап артып келеді. Қыздары да көмекші болып, анасынан тәлім-тәрбие алуда. 
Өзінің айтуынша, тапсырыс берушілер өте көп. Ауыл тұрғындары ғана емес, сырттан да келіп, өтініш айтып жатқандар бар. Әрине, сұранысқа қарай жұмыс істеп, дизайнға қатты көңіл бөледі. Тұтынушылардың көңілінен шығатын өнімнің бағасы да қолжетімді. Ең бастысы, үйде бос отырмай, кәсіппен айналысқаны. Кәсіп істеймін деген адамға барлығы бар, тек ниет қажет.

Аружан АЛТЫНБЕКОВА,
І. Жансүгіров атындағы
университеттің 3-курс студенті