САМҒАУ НӘСІПХАН: "АРЗАН АЯҚ КИІМНІҢ ЗИЯНЫ ҚЫМБАТҚА ТҮСЕДІ"

Уақыты: 27.01.2023
Оқылды: 2669
Бөлім: ОН САУСАҚ

«Ерінбеген етікші болады», – деген мақалдың маңыздылығы тереңде жатқан секілді. Ерінбей еңбек етіп жүрген адам өте көп. Бірақ, олардың барлығы етікші болып жүр деп айта алмаймыз. Ал Самғау Нәсіпхан деген азаматтың кәсібін қос қолдап қолдауға тұрарлық.

2005 жылы Алтайдан атажұртқа келген Самғау Нәсіпхан Шығыс Қазақстанның Күршім ауданында орта мектепті тамамдаған соң,  кәсіп ашуды қолға алып, әкесі секілді аяқ киім тігуге бел буады. Кәсіп бастау үшін үлкен қаражат керек, оған керекті құрал-жабдық тағы бар. Алғашында түрлі қиындыққа тап болып, ойлаған ісі қаржы тапшылығынан алға баса қоймайды. Ақыры өзінің жобасы жайлы сол кездегі облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың қабылдауында болып, жоспарын айтады. Жастарды қолдап жүретін Бердібек Мәшбекұлы, Самғауға қолұшын созып, сұраған қаражатын тауып береді. Содан бастап, Самғау аяқ-киім тігуге арналған құрал-жабдықтарды алып, іске кіріседі. Алғашында ауылда жүріп тіккен етіктері бірден сұранысқа ие болып кетті деуге келмейді. Оның үстіне үлкен қала болмаса шағын жердегі тауарына да сұраныс аз болғаны белгілі. Ақыры Самғау Астанаға қоныс аударып, нарыққа бейім етік тігумен айналысады. Қазіргі заман талабына сай аяқ-киімдерді тіге бастайды. Ұлттық брендті қалыптастырып, түрлі дизайндағы етіктерді жарқыратып шығарды. Енді оны өткізу де өзіндік бір жұмыс, оның үстіне тапсырыс мол түспегенсін кәсіптің айналымына да кедергі келетіні белгілі. Ақыры Бекболат Тілеухан ағасымен танысып, бар жағдайын айтады. Ұлттық дәстүрді қолдауда алдына жан салмайтын Бекболат Самғаудың аяқ-киімдерінің сұранысқа ие болуына қолғабыс етеді. Танымал адамдарды шеберханасына бағыттап, жарнамасы да жарқырап шыға келеді. Осылайша ұлттық киімді құмартқан қазақтың небір марғасқа жігіттері Самғаудың шеберханасына ағыла бастайды. Нарықтың заңы бойынша сұранысқа байланысты етіктердің түр-түрін тігіп, сапаға жұмыс істейді. Оның үстіне жаздық, қыстық, қазақтың саптама етіктің неше түрін сатылымға шығарды. Оған керекті құрал жабдықтарды, тері өнімдерін өз елімізден, сырттан да алғызып, таза былғарыдан тігіп, сапаға мән береді.

Аяқ-кімдерінің барлығы таза былғарыдан жасалған. Бір аяқ-киімді жасауға 5-6 күн уақыт жұмсайды екен. Шеберханасын да кеңейтіп, жұмысшы санын да көбейткен. Жеке маркетинг бөлімі жұмыс істеп, жарнама, тапсырыс алу, жеткізіп беру бойынша 24 сағат қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, аяқ-киімге тек сиыр мен ешкі терісі ғана пайдаланылады. Ол денсаулыққа пайдалы, аяққа ылғал өткізбейді және жағымсыз иіс болмайды. Сонымен қатар, аяқ-киімде болатын барлық заңдылықтарды берік ұстайды. Адамды майтабандықтан сақтайтын супинаторды міндетті түрде келтіріп, аяққа жайлылығын қатаң қадағалайды. Иә, бағасы түрлі мөлшерде. 12 000- 15 000 мыңнан жоғарылай береді. Қазақы ою салынып, сырылып тігілген саптама етіктердің бағасы 100 000 мың теңгеден жоғары. Әрине, қалталы азаматқа арзан болғанымен, қарапайым адамға қымбат екені де рас. Бірақ арзанға екі есе шығын шығатынын ұмытпаған абзал. Қымбат болғанымен киіс беретіні сөзсіз. Оның үстіне ұлттық брендтке бұл бағалар жарасып-ақ тұр!

Самғаудың айтуынша: «Кез-келген арзан аяқ киімнің зияны қымбатқа түседі. Басты байлық – денсулық десек, оны күту сол аяқ киімге мән беруден басталады». Сөзінің жаны бар. Ұлттық брендті ұлықтаған Самғау Нәсіпханның еңбегі ерен. Ел арасында «Етікші Самғау» аталып жүрген кәсіпкердің кәсібінің болашағы зор.

 

Ришад ТҰРҒАНБАЙ, 
Жетісу облысы