ЕТ ӨНІМІН ӨНДІРЕДІ

Уақыты: 30.01.2023
Оқылды: 898
Бөлім: ОН САУСАҚ

Алғашқы іргетасы 2003 жылы «Нағашбек» ШҚ деп тіркелген шаруашылық бүгінде «Ауыл механизаторы» ЖШС деген атпен жұртқа танымалы. Қазіргі таңда  шаруашылық 1000 бас асыл тұқымды етті бағыттағы қалмақ сиырын бағып отыр.

Олар осы уақытқа дейін асыл тұқымды мал өсіруші ретінде тек қана асыл тұқымды малдың төлін сатумен айналысып келген еді. «Сыбаға» бағдарламасының тоқтатылуы және асыл тұқымды малдарға деген сұраныстың төмендеуіне байланысты шаруашылық ет өндірісін қолға алды. Артынша бұқашықтар бордақылаумен айналысып, жұмыс көлемінің кеңеюіне байланысты шағын ет өңдеу цехын ашты.

Ет өңдеу цехы кесілген ет өнімдерін тұтынуға тиімді күйінде вакуумделген қаптамаға салып, сауда орындарына сатуға шығарады. Аталған өнім түрі Қабанбай ауылында үлкен сұранысқа ие. Алдағы уақытта оны Үшарал қаласындағы дүкендерге ұсынуды жоспарлауда.

Айта кетерлігі, ет өндеу цехы жартылай фабрикат өнімдерін жасайтын құралдармен толықтай жабдықталған. Тәулігіне 100 келі сиыр, қой еті тұшпарасын және ұсақталған ет дайындау мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, ет өнімдерімен байқау негізінде облыстағы денсаулық сақтау және білім беру  мекемелерін қамтамасыз етуде.

Қажет Андас
Алакөл ауданы