10 ЖЫЛДАН КЕЙІН БІЗГЕ ҚАЗАҚТАР КЕЛІП ІСТЕЙДІ...

Уақыты: 22.02.2023
Оқылды: 1842
Бөлім: ОН САУСАҚ

Әр жас қоғамға өз ұстаным, ой-жоспарымен қосылып, елге пайдасын тигізуі керек. Бүгінде өз ісінің маманына айналып, қоғамдағы орнын қалыптастырып келе жатқан жас көп. Солардың бірі жас ұстаз, кәсіпкер, білім саласында белсенді жұмыс істеп жүрген – Берікбол Төлеген.

 

                                                 ZERO.KZ-ТЕ ҮЗДІК 20 САЙТТЫҢ ҚАТАРЫНА КІРЕДІ.

– Оқушыларға, студенттерге, ұстаздарға арналған «Martebe.kz» сайты туралы айтсақ. Қай жылдан жұмыс істейді, оны бастауға не түрткі болды? Бүгінгі рейтингі қалай? 
– Сайтты 2-курс оқып жүргенімізде 2015 жылы аштық. Түрткі  болған –    ҚазҰУ-де журналистика мамандығындағы студенттердің Қырғызстандағы Ыстықкөлде басын қосатын жазғы мектеп. Ол  жерде түрлі маман журналистикаға қатысты дәріс оқиды. Бірде IT маманы сайттың болашағы жөнінде, мүмкіндігі туралы айтты. Содан шабыттансам керек, сайтты жасап шықтық. Сайттың негізін қалаушылардың бірі бүгінде Қызылордадағы Қорқыт ата университетінде мұғалім – Серікхан Жүзеев. Екеуміз бастаған жоба бүгінде сайттардың рейтингін түзетін Zero.kz-те үздік 20 сайттың қатарына кіреді. Күнделікті 20 мың оқырман қадағалап отырады. Атауын бастапқыда ұстаз мәртебесін көтеру мақсатында қойғанбыз. Кейіннен келе жалпы білім порталы есебінде қарастырып, сол мақсатта жұмыс істедік. Одан кейін қосымша «qaztest.kz» порталын жүзеге асырдық. Олимпиада сайтын жасап шығуымызға себеп – бала күнімізде көптеген онлайн олимпиада ұйымдастырған сайттарды көрдік, қатыстық, ойландық. Соңында «қазақ тілінде өз сайтымыз болу керек» деген шешім қабылдадық. Сайттағы сұрақтарды интернеттен ала салмаймыз, арнайы мамандармен жұмыс істейміз. Мысалға, математикадан Олимпиада ұйымдастырсақ, еліміздегі мықты мамандарға тест жасап беру жөнінде ұсыныс жасаймыз, базаға салып, келісімшартқа отырамыз. Сондықтан шығар үздік Олимпиада сайты атанды. 
Біздің жобаларымыздың бірі – еліміздегі білім саласы үздіктерінің энциклопедиясы болған «ozattar.kz» сайты да жұмыс істеп тұр. Бала күніңде көптеген байқауға қатысасың, жақсы оқығаның үшін берілетін марапаттар бар, солардың барлығын бір жерге жинап, өміршең етуді көздедік. Біздің жобаларымыз мемлекеттік тапсырыс алған емес, өзін-өзі ақтап, өз-өзіне қызмет жасап келеді. 

– Өзіңнің бастамашы болуыңмен бүгінде шет тілдерін үйрететін «Skills academy» жұмыс істеп жатыр. Мамандарды қалай іріктеп аласыңдар? Жұмыс өтілі маңызды ма?
– Ағылшын тілін үйрету орталығын ашу, жүргізу оңай емес екен. Біз бұл істі 2 жыл бұрын қолға алдық. Өзім осы істен бастағаныма қуанамын. Дәл қазіргі сәтте мен үшін кез келген кәсіпті жасау, маркетингті жүргізу оңай сияқты болып қалды. Маған бұл үлкен тәжірибе болды. Алматыда шет тілін үйрету мекемелері өте көп, бәсекелестік жоғары. Солардың арасынан ерекшеленіп тұрумыз керек. Әуелі кеңсе орнын таңдау маңызды болды. Қаланың ортасында Абай – Манас көшелерінің қилысындағы мекемені таңдадық. Орталық болғаннан кейін бәріне ыңғайлы. Одан бөлек шағын топтарды көбейттік. Яғни, басқа жақта кемі 8 адам бір топта болса бізде 4-6 адам үйренеді. Бұл үйрену барысында үлкен нәтиже береді. Ал енді мұғалімдерді арнайы критерийлермен жұмысқа аламыз. Ол біріншіден тәжірибесі бар педагог маман болу керек. Өйткені ағылшын тілін кәсіби біле тұра ол үйрету мен жұмыс істеуге келгенде кідіруі мүмкін. Педагогикалық білімнің маңыздылығы жоғары. Біздің негізгі мақсат – тілді сапалы үйрету.      

–  Бүгінгі студенттердің, ұстаздардың, оқушылардың білімге деген құштарлығын қалай бағалайсыз? Өзіңіз де жас ұстаз болып жүргеннен кейін студенттердің де жағдайын жақсы білетін шығарсыз.  
– Бүгінгілердің білімге деген ынтасы жақсы. Олардың деңгейі жоғары. ҚазҰУ-де білім беріп жатқаныма 2 жылдан асты,  салыстырмалы түрде өзім студент болғандағы қатарластарыммен қарасам, бүгінгі студенттердің интеллектісі мықты. Мойындаймын. Бірақ, қазіргі жастар психологиялық тұрғыдан әлсіз. Өзімнің құқым деп адами құндылықтарды жоғалтып алған сияқты. Өзіміз ұстазды сыйлап, алдын кесіп өтпейтінбіз. Бүгінгілерде «маған не үйрете аласың?» дегендей, көзқарасты байқайсың, енжарлықты көресің. Ұстаздарға деген бір құрметсіздік бар сияқты. Шыны керек, ішім ашиды. Кейінгі кезде байқағаным, ұстаз сыныпқа кіргенде орнынан қозғалмайтын студенттер бар. Бірақ білімді игерулері жақсы. Оларды құрғақ сөзбен, бетін сипап өтетін біліммен қанағаттандыра алмайсыз, мықты талап етеді. Олардың назар аударғанын қаласаң, өзің білімді болуың керек. Егер сенің әлсіздігіңді білсе, тыңдаудан қалады, назар аудармайды. Міне, байқағаным осы. 
    Не үшін мен оқытушы болып бардым? Осы сұраққа жауап берейінші. Әуелі өзімде бар білімді бергім келді. Журналистика деген ұғымды жан-жақты қарауға тырысамын, әр істі бағалаймын және соған сай мысалдарға жүгінемін. Оларға мүмкіндік сыйлап, нәтижесін көргім келеді. 

 

                                               БҰРЫН ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДА ҚАЙЫРШЫ БОЛМАҒАН

– Жас кәсіпкер есебінде де біраз істің басын қайырып, еңбектеніп жатырсыз... 
– Бос уақыттың өзін тиімді пайдалану мақсатында 6 ай бұрын бильярд клубын аштым. Бұл ойынның қозғалысы көп, көзге де жаттығу. Бұл жерде біз ішімдікті алып тастадық. Бильярд болған жерде сыра жүру керек деген ұғыммен келіспеймін. Масайыңқырап тұрған адамды пайдаланып касса көбейтіп алуға да болады ғой, бірақ біздің мақсат басқа. Адалдық, шыншылдық, бастысы сапаға жұмыс істеу. Мен үшін жобаларды жасаған кездегі жұмыс барысы қызық. Оның нәтижесі саған ерекше сезім сыйлайды.   
    Менің сүйікті ісім – өлең оқу, кітаптарды дыбыстау. Жаратқан берген дауысымның ерекшелігін толық пайдаланғым келеді. Содан ләззат аламын. Ал кәсіп – ол өзіңе, отбасыңа, туған-туыс, дос-бауыр, жақындарыңа көмектесу үшін қажет. Базар аралап жүрсеңіз түрлі тағдырға тап боласыз. Кезінде Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың: «бес мыңға жуық елімізде ауыл бар шығар, соны бес мың кәсіпкер қолдаса ғой» деген сөзі қатты ой салды. Ұларбек Нұрғалым ағаның «Дайағашшы» кітабында «қарашадан шыққан қайыршы»  деген болу керек. Бұрын қазақ даласында қайыршы болмаған ғой, қазір қарап отырсаңыз көп кездестіресіз. Келешекте 20-30 жағдайы төмен отбасы болсын, өз қамқорлығыма алғым келеді. Былтыр жазда Өзбекстанда болдым. Жезақ деген ауылда ойыншық шығаратын зауыт бар екен. Соның басшысы ауылдың айналасындағыларды жұмыспен қамтып отыр. Сонда айтады «біз оларға балық емес, оны аулайтын қармақ бердік» дейді. Олар өз нанын өзі тауып жатыр. Жағдайы төмен отбасылар толық жұмыспен қамтылған. Бұл да маған ерекше әсер етті. Біз кейде сұраған сайын беріп, сұраншақтыққа үйретіп алатын сияқтымыз. Керсінше оларға жұмыс тауып беріп, балаларының білім алуына жағдай жасасақ, елдің дамуы да басқа болар еді. Үй сыйлайды, оны жариялы түрде көрсетіп жатады, керсінше оған кәсіп ашатындай, еңбектенетіндей мүмкіндік берген дұрыс. Былтыр Қаңтар оқиғасы кезінде «Азаттық» радиосынан қара жамылған бір апайымызды көріп, көмек бергім келді. Нөмірін сұрастырып уатсап әлеуметтік желісіне кірсем «тігінші» деп тұр. Мен одан ақшасын беріп, көрпе-жастық сияқты тұрмыстық заттарды алдым. Содан кімге қалай көмек көрсету керек деген ой түйдім.

 

                                                     10 ЖЫЛДАН КЕЙІН БІЗГЕ ҚАЗАҚТАР КЕЛІП ІСТЕЙДІ

– Өзбекстанмен салыстырмалы түрде еліміздегі кәсіптің деңгейі қалай екен? Бізге нені үйрену керек?
–  Ол жақта өндіріс өте жоғары деңгейде дамыған. Зауыттармен цех өте көп. Басым көпшілігі шыны ыдыс, құмыра, кесе шығарады. Аралап жүргенімізде жол көрсетуішіміз «дәл қазір өзбектер Қазақстанда жұмыс істеп жүрсе, 10 жылдан кейін бізге қазақтар келіп істейді» деді. Ол сөзге арланбадым, тек қамшы болып тиді. Елге келіп, ойымды жинақтап әлеуметтік желіге пост та жаздым. Даттаушылар да, түсініп қолдаушылар да болды. Ондағы мақсатым – бізге кәсіпті қолға алу керек. Өйткені еліміздегі кәсіпкерлердің барлығы алып сатумен ғана шектеліп қалған. Біз ешеңке өндірмейміз. Өндіріс керек. Алдағы уақытта жастар жағы инновациялық, түрлі IT жобалар жасап шықса екен. Өйткені еліміздегі IT жобалардың басым бөлігінде басшылықта, жетекшілікте отырғандар орыстар немесе орыстілді қазақтар. Ана тілімізде өнім ұсынып, сол тұрғыда онлайн жоба жұмыс істеп тұрса. Бүгінде Google сынды алпауыт мекемелерде істеп жүрген қазақ балалары бар. Міне, солар кейінгі буынға үлгі болуы керек. Қазіргі жастарға қойылатын талап – мықты маман болу. Сол арқылы елге де қызмет істейсің, әлемдлік нарықта сұранысқа да ие боласың.

– Әсерлі әңгімеңізге рахмет!

Серік ҚАНТАЙ