"АДАМНЫҢ БАСЫ ҚҰРАЛСЫН": ШЕТЕЛДІКТЕРДІ ТАҢҒАЛДЫРҒАН

Уақыты: 21.03.2023
Оқылды: 1629
Бөлім: ОН САУСАҚ

Халқымыздың басқа да ұлттық құндылықтары сияқты қазақтың қолөнер бұйымдары да ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ізгі мұра. «Адамның басы құралсын» деген ниетпен тігілетін құрақ көрпе де асыл өнердің бірі. 

Қарасаң көз жауын алатын, тұтынсаң қажетіңді өтейтін бұл бұйым көбіне тұрмыста қолданылады. Ертеректе аналарымыз мақта-мата қат кезде қиындыларын кәдеге жаратып, ысырапшылдыққа жол бермеген. Құрақ көрпе құрау ұзақ жылдан бері анадан қызға, келінге жалғасқан игі дәстүр. Бүгінгі ұрпақ та бабадан қалған төл өнерді насихаттап, заманауи үлгіде жан-жақты жетілдіруге ұмтылуда. Олардың қатарында Текелі қаласының тұрғындары Қарлығаш Долашева мен Жазерке Мұсабекова да бар. Көпке үлгі, елге пайдасы мол кәсіпті көру үшін Текелі қаласына арнайы бардық. «Жұлдыздан қыз жасау» деп аталатын тігін шеберханасы Жетісу сауда үйінің 1-қабатында орналасыпты. Шеберханаға кірген мезетте-ақ анасы мен қызының тұрмысқа қажет ұлттық бұйымдар жасауда саусағынан өнері тамған талантты шеберлер екені, сөрелердегі сатылымға қойылған өнімдердің бәсекеге қабілетті, сапасының сын көтеретіні бірден байқалды. Бұл жердегі тыныс-тіршілік жайында Жазерке әңгімелеп берді.

Қарлығаш Долашева, кәсіпкер: 
– Құрақ құрау, текемет басу, сырмақ тігу сынды ұлттық дәстүр- ді бала кезден бойыма сіңіріп өстім. Апаларыма қолғабыс ете жүріп, тігіншіліктің қыры мен сырын үйреніп, құндылықтың бағасына қанықтым. Тігіншілік – анамнан дарыған қасиет. Сол қабілетімді біліммен ұштастырып, арнайы курстарда оқыдым. Тігіншілеріміз де тәжірибелі. Білмегенін үйретемін. Сұраныс танытқандардың талғамына қарай тапсырыс қабылданады. Заманауи үлгідегі маталармен той-томалақтарға арналған сый-сияпаттар дайындаймыз. Қазіргі кезде ұлттық бұйымдарға, әсіресе, құрақ, жамылғы көрпелерге сұраныс жоғары. Балабақшалардан да тапсырыс түседі. Олар көбіне ұлттық нақыштағы киімдер тігуге ұсыныс білдіреді.

Жазерке Мұсабекова, кәсіпкер:
– Тігін ісін анамнан үйрендім. Бизнес бастау, дамыту оңай шаруа емес. Ол үшін ерекше ынта-ықылас, күш-жігер және еңбексүйгіштік керек. Кәсіппен айналысу үлкен тәуекелді талап етеді. Алғашқы кезде біраз қиындық болды. Бірақ бұл біздің тәжірибе жинауымызға үлкен әсерін тигізді. Өздеріңіз білесіздер, қазір жаңа технологиялардың заманы. Сондықтан анама тек тігін тігу жағынан ғана емес, сондай-ақ, дайын өнімдерді әлеуметтік желілерге орналастыруға да көмектесемін. Жарнама нарығын зерттеп, халыққа қолайлы қызмет түрін ұсынуға күш саламыз. Біз негізінен өнімнің санына емес, сапасына көп көңіл бөлеміз. Басты мақсат –  ел алғысын алып, істің шебері атану. 

Айтуынша, бүгінде қазақтың керемет өнерін кәсіпке айналдырып, жаңаша өрістеткен олардың бизнеспен айналысқанына биыл 1 жыл. Көп уақыт өтпесе де істері алға озып, өнімдері талайды тамсандырып үлгерген. Ортақ істі қолға алған қолөнершілер алдымен «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамыту бағдарламасы шеңберінде өтеусіз грантқа ие болып, қажет құрал-жабдықтар сатып алған. Кәсіпкерлер палатасы мен Текелі қалалық әкімдігі де шағын бизнестің жылжуына қол ұшын беруде. Мұнда қазір 5 адам жұмыс істейді. 
Кәсіпкерлер тапсырысты алғашында үйден қабылдапты. Кейіннен тіккен бұйымдары ел көңілінен шығып, істері жандана түскен. Еңбектенгеннің арқасында сұраныс артып, тігін шеберханасын ашу қажеттігі туындаған. Қарлығаштың бұл ойын бірінші қызы Жазерке құптайды. Кәсіпті бірлесе дөңгелетуді ойлаған қолөнершілер мемлекеттік бағдарламаларға қатысудың маңызын түсініп, ұсынған жоба-жоспарлары қолдау тапқан. Сөйтіп, кәсіптің өрге дөңгелеуіне жол ашылды. 
Шеберхана ұжымының өнімдері Текеліде ғана емес, сондай-ақ, туристердің де сұранысына ие. Мәселен, жаз маусымы басталған сәтте Түркия, Германия, Израиль, Канада сияқты шет мемлекеттерден келген қонақтар ұлттық нақыштағы бұйымдарға қызығушылық танытып, тапсырыс берген. Шетелдерге кәдесый ретінде алатын тұрақты тұтынушылары да аз емес көрінеді. Өнімдер негізінен мақта және қой жүнінен жасалады. Әсіресе, табиғи жүннен жасалған көрпелердің өтімділігі жоғары. Нарықта өздерін орнықтырып келе жатқан қолөнер шеберханасының ұжымы облыс орталығында өткен іскер әйелдердің өңіраралық форумында «Құрақ көрпе» байқауының «күрделі құрақ үздік үлгісі» номинациясы бойынша арнайы диплом және ақшалай сыйлықпен марапатталған. Сондай-ақ, Текелі қаласы әкімінің алғысын да алыпты. 
Бұл жеңіс олардың кәсібін дамытуға үлкен жігер беріп, қанаттандырды. Сонымен бірге олар тігіншілердің жұмысын жеңілдету мақсатында құрал-жабдықтар қорын көбейтіп, кәсіптерін кеңейту жоспарда бар. Цехта әртүрлі бұйымды жедел әзірлеу үшін жаңа станоктар мен дәнекерлеуші лазер құрылғылары қажет. Сол мақсатта кәсіпкерлер тағы бір мәрте мемлекеттік бағдарламаға қатысып, бақ сынауды жөн санап отыр. Егер бұған қол жеткізсе және бірнеше адамның жұмыспен қамтылуына жол ашылмақ.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Текелі қаласы