Тұшпара түйген келіншектің кәсібі

Уақыты: 18.04.2023
Оқылды: 1803
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қолдың тамағына қашанда сұраныс басым. Себебі, таза табиғи өнімнен жасалған тағамның жартылай дайын тауардан бәсі жоғары. Сондықтан әрбір тұтынушы бағасына қарамай сатып алады. Осыны жақсы ұғынған Үшарал қаласының тұрғыны Манар Биғалинова «Алакөл» жеке кәсіпкерлігін ашып, тұшпара мен вареник түюмен айналысып келеді.

Ауданнан алысқа ұзамай-ақ  жергілікті тұрғындарға табиғи өнім ұсынған кәсіпкер қысқа уақыттың ішінде танымал болып шыға келді. Әсіресе, сыртында шағаланың суреті салынған қорапшаға салынып, дүкен сөрелеріне қойылған дайын өнімнің дәмі жұртшылықтың көңілінен шықты.

Былтырдан бері аудан орталығындағы Момышұлы көшесі, 121 мекенжайында орналасқан ғимаратты жалға алып отырған Манар Кебекқызы алғашында сіңлісі Әсем мен күйеуін жұмыспен қамту үшін кәсібін үйінде ашқан. Сіңлісі екеулеп түйген тұшпара мен вареникті жолдасы сауда орталықтары мен дүкендерге жеткізіп берумен айналысады. Жергілікті шаруа қожалықтарынан келетін таза еттен жасалатын өнім аудан аумағынан асып, Сарқан, Ақсу, Кербұлақ аудандары мен Талдықорған қаласына жеткізіледі. Ал Үшаралдағы «Марлен», «Жұлдыз», «Арафат», «Алатау» сынды дүкендер Манардың өніміне сұранысты арттырып отыр.

Атауы, этикеткасы, сыртқы дизайны сіңлісі Әсемнің ойынан шыққан өнімге сұраныстың артуына байланысты кәсіпкер келіншек кәсібінің көлемін ұлғайтуды, тауар жеткізу желісін таратуды, қосымша жұмыс күшін алуды ойластырып жүр. Әрине, ойға алған істің орындалғанына не жетсін?! Дегенмен, Манар Биғалинова алғашқы кездегі қиындықты естен шығарған емес. Соған қарамастан өзі сүйетін істің нәтижесін бүгін көріп отыр. Осыған орай тәжірибесін өзгелерге бөлісуден тартынбаған кәсіпкер келіншек қол жеткізген жетістікке масайрамауды үйреніпті.

Әдетте кәсіпкерлердің көпшілігі қысқа уақыттың ішінде мол табысқа кенелуді ойластырады. Бірақ ондай табыстың ғұмыры келте келеді. Сол үшін сапасы жоғары, дәмді, таза еттен жасалған өнімді шығарудан талмау керегін айтады Манар Кебекқызы.

– Азық-түлік тауарларын саудалаған кезде сен әркімнің алдында зор жауапкершілікті сезінесің. Соған байланысты әр күні жасалған өнімнің дәмін өзің татып, сапасының жоғары болуына күш салуың керек. Оған сенімді әрі жақын адамдардың жанашырлығы көп септігін тигізеді. Сонда ғана бар ықыласыңмен түйген тұшпараның дәмді, сапалы және соңғы болып қалмайтынын түсінесің. Табыстың ең басты кілті – дұрыс әрі тексерілген мәзірмен жұмыс істеу, – дейді Манар Биғалинова.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"