Тау қаласындағы таудай табыс

Уақыты: 16.02.2018
Оқылды: 1398
Бөлім: ОН САУСАҚ

Бүгінгі таңда облыс бойынша кәсіпкерлер палатасы қызметінің жарқын үлгісін Текелі қаласының кеңесі көрсетуде. Өткен аптада Текелідегі кәсіпкерлер кеңесінің бастамасымен бірінші рет облыстық кәсіпкерлер семинары өтті. Іс-шара кәсіпкерліктің облыстың индустриалды-инновациялық дамуындағы рөліне, бизнес пен биліктің арасында жаңа форматтағы байланыс орнатуға, өзекті сауалдар мен ұсыныстарды талқылауға арналды. Сонымен қоса, журналистермен кездесу барысында өңірлік кеңес мүшелері туризм, агроөнеркәсіп кешені, бизнесті қаржыландыру салаларындағы мәселелерге тоқталды. Шараға облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов бастаған аудан, қала кәсіпкерлер палатасының директорлары қатысып, Текелі қаласындағы әріптестерінің жетістіктерін көріп қайтты. 

Семинар жұмысы ең алдымен Текелі қаласында тау-кен комбинатын аралаумен басталды. Жеке инвесторлардың қаржылық қолдауымен құрылыс жұмысы бірнеше жылдан бері жүріп жатқан комбинат биыл іске қосылады деп күтілуде. Бүгінгі таңда 500-ден астам адам жұмыспен қамтылып отырған өндіріс орны өнім шығара бастағанда мыңға жуық адамды жұмыспен қамтитын болады. Бұл Текелі сияқты моноқала тұрғындарының жұмыспен қамтылуына үлкен қолдау болары анық.
– Өндірісті іске қосудың барлық дайындық жұмысы толығымен аяқталу алдында. Сәуір айының соңына қарай домна пеші іске қосылады деп отырмыз. Жоспар бойынша жылына 400 мың тонна шойын шығару керек. Ол үшін 1 миллион тонна руда керек болады. Бір сағатта 50 тонна өңдейміз. Руда Қарағанды облысынан тасымалданады. Қазір 400-ден астам вагон руда жеткізілді. Сәуір айына дейін керекті руда толығымен жеткізіледі деген ойдамыз.  Комбинатта жұмыс істейтін маман тәрбиелеу ісі де ойдағыдай жүріп жатыр. Өткен жылы 95 жас маманды Теміртау қаласына жіберіп, тәжірибеден өткізіп алғанбыз. Сонымен қатар, өзімізде оқыту орталығын ашу жоспарда бар. Қазірдің өзінде тиісті мамандарды өзімізде даярлауды қолға алып кеттік, – дейді комбинат директоры Бақыт Сарбасов. 
Десе де, кәсіпкерлік саласында әлі де күрмеулі мәселелер жетерлік. Алматы облысының кәсіпорындарына 25 мыңнан аса маман қажет. Бұл да кәсіпкерліктің еркін дамуына кедергі келтіруде. Өткен жылы мемлекет тарапынан бизнес өкілдеріне үлкен мүмкіндік жасалды. «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында мамандар дайындай бастады. «ТАТЭК» АҚ, «Қайнар» АКБ» ЖШС, «Бейбарыс-Агро» ЖШС, «КнауфГипсҚапшағай» ЖШС, тағы да басқа кәсіпорындар негізінде 7 оқу орталығы құрылды. Онда жыл бойы 314 жұмыссызға кәсіптік оқуға жолдама беріліп, 156-ы жұмыспен қамтылды. Осы тұрғыдан, Текелі қаласында жұмысшы мамандықтар бойынша азаматтардың біліктілігін арттыру қолға алынған. Айталық, «КнауфГипс Қапшағай» ЖШС Текелі кәсіптік колледжінде кәсіпорын жұмысшылары мен оқу орнының жетекшілері үшін құрғақ құрылыс бойынша тегін кәсіби біліктілікті арттыру курсын ұйымдастырған. Бір апта ішінде қатысушылар заманауи құрылыс технологияларының қыры мен сырын толық меңгеріп шықты. Шара аясында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов оқу қорытындысы бойынша тағылымнамаға қатысқан 19 қатысушыға сертификат тапсырды. Енді олар алған білімін өндірісте және оқушылар алдында көрсетпек.
Биылғы жылы аталған бағдарлама аясында өңірде 13 оқу орталығын құрып, 500-ден астам азаматты оқыту жоспарланып отыр. Сол қатарда Текелі қаласында  қалалық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен жеке кәсіпкер Айгерім Сәкенқызы алғашқылардың бірі болып, тігінші мамандарын даярлайтын оқу орнын ашты. Ашылу салтанатына аудан, қаладан келген кәсіпкерлер палатасының директорлары мен қала тұрғындары қатысып, жаңа бастамаға сәттілік тіледі. Кәсіпкер қыз осыған дейін жеке тігін орталығын ашып, кәсіптің қыры мен сырына жетілген. Енді сол білімін жерлестеріне үйретіп, кәсіптенудің жолын ашпақ. Ол жаңа тігін машиналарын сатып алып, тәжірибелік сабақтар ұйымдастырмақ. Қысқамерзімді курс аясында текеліліктер маман иесі болып қана қоймай, жеке кәсіпкер де атана алады. Текелі қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрсынбек Жұмаділовтің айтуынша, оқыту орталығына қатысушыларға арнайы шәкіртақы да тағайындалады.
Текелідегі кәсіпкерлік ауқымын ұлғайтуға сеп болған тағы бір жағымды жаңалық – «Атамекенім» акциясы аясында «Қайырымдылық сөрелерінің» ашылуы.  Өткен жылдан бастап Текелі қаласының Іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен «Текелі асар» қайырымдылық жобасы бастау алды. Бизнестегі ханымдар тұрмысы төмен азаматтар мен аз қамтылған отбасыларға көмектесу барысында қаладағы дүкендерге арнайы сөрелер қойған. Кез келген адам дүкеннен зат сатып алып, осы сөрелерге қоя алады. Ал дүкен иесі ол заттарды тіркеуде бар жағдайы нашар азаматтарға үлестіріп отырады. Осылайша әйел кәсіпкерлер қоғам назарынан мұқтаж азаматтар мәселесіне аударып, атаулы көмек беретін тұрақты алаң қалыптастырып, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға үлес қосуды мақсат еткен.
– Біреу үшін бір шай қорабы, қант немесе кеспені сатып алу түк емес шығар. Бірақ, кейбір азаматтар үшін бұл үлкен көмек. Сондықтан кімге нақты қандай көмек, қай мөлшерде  азық-түлік, заттар керектігі жөнінде ақпараттық орта қалыптастырғымыз келеді, – дейді Текелі қаласы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Райхан Сисекенова.
Бұл бастаманың жарқын көрінісіне «Солнышко» дүкенін аралау барысында көз жеткіздік. Дүкендегі қайырымдылық сөрелеріне «Текелі асар» бірыңғай атауы мен «Жан жылуы мекені» атты жазу жазылған. Сөредегі заттардың да қарасы көп. Біз де қалтамызға қарай өз үлесімізді қостық.
Тағы бір айта кетерлігі, Текелі қалалық кәсіпкерлер кеңесінің қолдауымен бой көтерген мәдениет және демалыс орталығы да көз тартады. Орталыққа кіргенде алдыңыздан құлынды бие мен таутекенің мүсіні шығады. Жалпы саябақ ішіндегі бұғы мен жолбарыс, қар барысы, түйе, қанатты барыс сияқты мүсіндер келушілерге ерекше әсер етеді. Саябақтың ортасындағы үлкен субұрқақ та көзге бірден түседі. Саябақ ішін аралап жүргенімізде ұлттық нақышта безендірілген үш киіз үйдің көркемдігі де өзіне баурап алды. Ал бос алаңқайларға егілген түрлі жеміс ағаштары мен қарағай, шырша сияқты көпжылдық ағаштар орталықтың көркін аша түскенін байқадық 
Саябақта балалардың жаз бойы доңғалақ (ролик), сигвей сынды заттарды тебуге мүмкіндіктері бар. Кіреберісіндегі есікте: «Ертегілер еліне қош келдіңіз!» – деген жазу тұр. Тап бір ертегілер еліне сапар шегіп жүргендей сезінесіз. Қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрсынбек Жұмаділовтің айтуынша, саябақ алдағы уақытта да көріктене түседі.
Қысқасы, Текелі қаласындағы кәсіпкерліктің өрістеуіне жасалған істер көңіл қуантады. Мұндай жетістік алдағы уақытта да жалғасын тауып, жұрттың игілігі үшін керемет бастамалар атқарылатын болады.

Қажет АНДАС

Текелі қаласы