Сапалы сүт өндіреді

Уақыты: 03.03.2018
Оқылды: 1472
Бөлім: ОН САУСАҚ

Елбасының негізгі тапсырмаларының бірі – ауылшаруашылығын көтеру, оның ішінде сүт, ет өнімдерін молайтып, асыл тұқымды мал санын арттыру. Тастөбе ауылдық округіндегі «Тастөбе Агрофуд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Елбасы тапсырмасына ден қойып, табыстың тасын өрге домалатқан ұжым. Шаруашылық бүгінде Германиядан әкелінетін, бір басының өзі теңгемен миллионға жете бағаланатын асыл тұқымды ірі қара санын 1000-ға жеткізуді көздеп отыр. Бұл туралы бізге ЖШС  жетекшісі Шыңғыс Ахметовтың өзі айтып берді.

Әр пұшпағы құйқалы Қаратал сағасы мал басының өсуіне қолайлы мекен. Сөзіміздің айқын көрінісі, 2015 жылдан бастап іске қосылған «Тастөбе Агрофуд» ЖШС-де қазір  700 бастан аса мүйізді ірі қара бар. Оның ішінде 410 аналық бас болғандықтан шаруашылық қазірдің өзінде тәулігіне алты тонна сүт өткізіп отыр.  Бұрын да жүгері өсірумен айналысқан шаруашылықтың аумағында қазір асыл тұқымды мал өсіруге арналған сегіз база жұмыс істеп тұр.
Осы күндері күн сайын бір бұзау туылады. Тиісінше, күн санап мал саны да айтарлықтай артуда. Шаруашылық  жетекшісінің айтуынша, қазір серіктестік өндірген сүтке сұраныс та жоғары. Себебі, сүттегі майдың үлесі  4,3 пайызды құрайды. Сондықтан да серіктестікте сауылған өнім қазір өңірдегі майлылығы ең жоғары сүт ретінде танылып отыр.
Елбасының жаңа Жолдауында да технологияны дамыту керектігі айтылды. Сол мақсатты алға қойған  шаруашылық бүгінде автоматтандырылған жүйеде жұмыс істеуде. 
– Мұндағы сауыншылар неміс технологиясымен бір мезетте 24 сиыр сауа алады.  Небәрі 10 минутта сауып бітіреді. Сауылған сүтті Талдықорғандағы «JLC» сүт зауытына ұсынамыз. Осы ретте, сиырлардың рет нөмірі, өнімнің пайыздық мөлшері жайлы барлық дерек «Dairy plan»  атты жүйеде сақталады, – дейді Шыңғыс Ахметов. 
Ұжым басшысы сонымен қатар, қол астындағы қызметкерлерге де барлық жағдай жасалғанын, қазіргі таңда фермада 65 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отырғанын тілге тиек етті. Соның нәтижесінде шаруашылық базасында 15 отбасына үй салынған. Осылайша ырысы артқан шаруашылықтың іргесі де кеңейіп отыр. Келер көктемде тағы 500 бас ірі қараға база дайындау жоспарланған. Оған шаруашылықтың мүмкіндігі де мол. Бүгінде иелігінде 760 гектар егіс алқабы бар. Соның арқасында қолдағы түліктің жемшөбі де уақытылы дайындалып, мал қыстатуда еш қиыншылық туындамаған.

Қозыбай ҚҰРМАН

Қаратал ауданы