«Алма кетті домалап, көше бойын жағалап»... Осы шумақ негізі алманың отаны саналатын Жетісу өңірінен шықса керек. Өйткені, жеті өзеннен нәр алған топырақтағы тау біткеннің тұла бойына алма дегенін тұтаса шыққан. Оның үстіне алма тегіс жерде домаламайды, тек тау бөктерінен ылди іздейді. Бір негізге екіншісі егіз дегендей, жетісулық бағбандар алма өсіру мен одан өнім жинауды жыл сайын арттырып келеді. Биыл өңірде 28 мың тоннадан астам жеміс жиналса, оның 16,2 мың тоннасы бақ өсірген ағайынның өнімі.
Қазір Текелі қаласында 126 гектар бақ бар. Мамандардың айтуынша, осынша жерге бақ орналастыруға бірден-бір себеп – табиғаттың климаттық қолайлылығы. Орайлы жағдайды «Алма-Дария» шаруа қожалығы да тиімді пайдалануда. Қожалық қызметкері Камиля Әкежанованың айтуынша, 1500 түп жеміс ағашы бар бақ өсіру қызығушылықтан туған.
– Жеміс ағашын өсіруге 2013 жылы кірістік. Алматы қаласынан көшеттерді әкеп отырғыздық. Қазір бақта апорттың екі түрі, Золотое превосходное, Талғар кандилі, Восход, Алматы синапы және басқа да алма түрлері өсіп тұр. Негізінен біздің бақты жас деуге болады. Өйтетұғын өз жөні бар, кейбір ағаштар 6-8 жылда жеміс береді. Біз бақтан екі мәрте өнім алып отырмыз. Былтыр табиғаттың тосын мінез танытуынан гүлдеп тұрған ағаштар жеміс бермеді. Биыл өнім мол. Алма сақтайтын шағын қоймамыз бар. Жыл өткен сайын өнімділік артуда. Осы орайда үлкен қойма салуды жоспарлап отырмыз. 3,5 гектар бақтан алынған өнімді Алматы, Талдықорған және Өскемен қалаларына сатуды жолға қоямыз, – дейді
Қазір бақты күтіп-баптау 4 қызметкердің мойнында. 4 жылдан аса жұмыс істеп жатқан Анна Тыченко бағбандықты әбден меңгерген. Әсіресе, жеміс ағашының зиянкестерімен күресті жүйелі жүргізбесе, мол өнім алуды армандамау керек екен.
– Биыл ағаштардың бұталары жерге «салып» тұр. Себебі өнім мол. Мұндай нәтижеге еселі еңбектің нәтижесінде жетіп отырмыз. Жыл бойы ағаштың зиянкестерімен күрес жүргіземіз. Жас ағаштарға түрлі паразиттер өш келеді. Оның үстіне жеміс ағаштарының аурулары да көп. Жаздай түбіндегі топырақты құнарландырамыз. Бірақ, химикаттар берілмейді. Өйткені, табиғи таза өнім алуымыз керек, – дейді Анна Тыченко.
Жалпы, өңірде алма ағашы өнімді мол беруде. Көктемде алма атаулының атасы саналатын Сиверс алмасының да гүлдеуі бес балдық көрсеткішке жеткенін сүйіншілей жазғанбыз. Мұндай гүлдеу соңғы бірнеше жылда байқалмады. Өңірде Сиверс алмасының қорын молайту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық паркінің қызметкерлері биыл 30 гектарға жас көшеттер отырғызды.
Дастанбек САДЫҚ