Табыс құпиясы

Уақыты: 09.10.2024
Оқылды: 1531
Бөлім: ОН САУСАҚ

Біраз жыл ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен  Жәнібек Оханов бүгінде жүгерінің әр гектарынан 50 тоннадан өнім жинауда.

Панфиловтық жүгеріші дала аруын өсірудің жаңа әдістерін қолдануда көшбасшы. Аграршы биылғы егін шығымына дән риза. Ол 18 жыл бойы осындай жетістікке жетіп келеді. Білімі бойынша экономист Жәнібек Мұқатайұлы өз өмірін ауыл шаруашылығына арнауға шешім қабылдаған. Биіктерді бағындыру үшін алдымен аталған саланы зерттеп, көптеген қиындықты жеңіп, шыңдарға шыға білген. Мұндай жеңіске қол жеткізуге алдымен жақындары мен достарының көп көмегі тиіпті.

Жәнібек Мұқатайұлының алдымен көптеген шаруашылықты аралай жүріп, жүгеріден мол өнім алу жолдарын зерттеген. Нәтижесі жаман емес. Бүгінде алқаптан гектар берекелігін арттырып, жаңа белестен көрінуде. Өндіріс үдерісі де оң жолға қойылған. Сондай-ақ, ол алдымен құнарсыз жердегі өнімділікті арттыру үшін жаңа тәсілдерді іздестірудің және тамшылатып суару технологиясын игерудің маңызы зор екенін айтады.

– Су тапшылығына қатысты мәселе бізде осыдан біраз жыл бұрын көтерілген еді. Оған су тапшылығы себеп болды. Сөйтіп, бірден шешім қабылдап, тамшылатып суаруға көшу қажет деп шештік. Бұл бағытта маңдай терлетіп, жұмыс жүргіздік. Нәтижесі жемісін жегізді. Суару жабдықтарын жеткізу үшін бес жыл кетті. Өйткені, бұл туралы бізге ешкім кеңес айтпады. Соған қарамастан, талаптанып, қолымыздан іс келетінін дәлелдедік. Қазір бәрі жақсы. Егін шығымдылығы ойдан шығады. Қазір біздің ісімізді көріп, тәжірибемен бөліскісі келетіндер көп, – дейді кәсіпорынның директорлар кеңесінің өкілі Жәнібек Оханов.

Дала аруын өсірудегі жетістік Жәнібек Мұқатайұлын жаңа ойлардың туындауына септігін тигізді. Қазір оларда жем-шөп базасы бар. Сөйтіп, ол сауын табындарына арналған сүт фермасын салуды ұсынды. Ойға алынға іс қолдау тауып, бір жарым жыл ішінде кешен салынды. Осы уақыт аралығында аналық табын ұстаудың еуропалық технологиясы игерілді. Мұнда тәулігіне 15 тонна сүт өндіріледі. Қазір бұл облыстағы озық кәсіпорындардың бірі саналады. Онда 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Бәрі жергілікті тұрғындар.

Ауыл ақасақалдары да жүгерішінің еңбеккерлерге қамқорлық жасауды бір сәтке де естен шығармайтынын және ауыл өмірін жақсартуға барынша тырысып келетінін айтады. Көктал ауылының тұрғыны Малғаждар Бодауханұлы Жәнібек өз ісіне жауапкершілікпен қарайтынын, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар мен зейнеткерлерге үнемі көмек қолын созатынын, ауылды абаттандыруға да көп күш жұмсайтынын айтады.

Жәнібек Мұқатайұлының сондай-ақ алға қойған өз жоспарлары бар. Мәселен, кәсіпорынды кеңейтіп, жаңа өндіріс орындарын құруды мақсат санайды. Бастысы, жаңа істі жүзеге асыруда қолдау көрсететін ынталандыру мен сенімді серіктестердің болуы маңызды деп есептейді. Сонда ғана ойға алғанның бәрі жемісін беріп, жеңіске жеткізетініне сенімділігі мол.

Айгүл Байжұмақызы
Панфилов ауданы
Фото: 
Pixabay