АЛҚАПТАҒЫ ҚЫЗУ ЕҢБЕК

Уақыты: 19.10.2024
Оқылды: 2548
Бөлім: ОН САУСАҚ

Алакөлдіктер биыл ауылшаруашылығы салысы бойынша жақсы жетістікке қол жеткізді. Аудан диқандары 82215 гектар егістік алқабын игерген. Қыркүйек айында өндірілген өнім көлемі 46 млрд. 707 млн. теңгеге жетіп, жоспар 116,2 пайызға орындалыпты. Әсіресе, жұрттың қант қызылшасына деген ықыласы ауған. Биыл ауданда 644 гектарға қант қызылшасы себіліп, оның көп бөлігін игеріп отырған «BOLАT GROUP LTD» шаруа қожалығы тамшылатып суару технологиясын қолдануда.

Ауданда биыл бірінші рет қант қызылшасын сеуіп, тәжірибе жинақтап жатқан шаруа қожалықтарының қатары артты. Солардың қатарында Жайпақ ауылдық округіндегі «Дихан», «Есіл» шаруа қожалығын айтуға болады. Аталған шаруа қожалықтарының егіс алқабына барғанда қызылша жинау науқанының қауырт жүріп жатқанын көрдік.

– Жайпақ ауылы егін мен мал шаруашылығымен айналысады. Кезінде Бескөлдегі қант зауыты жұмыс істеп тұрғанда қызылшаны мол өндірген екен. Бірақ қант зауыты тоқтап, қызылшаны өткізу қиындасқан тұста тұрғындар қант қызылшасын егуден бас тартқан. Өткен жылдан бері мемлекет тарапынан, облыс әкімінің бастамасымен, қант зауыттарынан қаржылай қолдауы арқасында шаруа қожалықтарының қант қызылшасын егуге ынтасы оянды. Биыл ауылда «Диқан», «Есіл» шаруа қожалықтары бастамашы болып 15 гектар жерге қант қызылшасын сеуіп едік, енді соны төкпей-шашпай жинап алу қамындамыз, – дейді егіс басында кездескен Жайпақ ауылының әкімі Манас Амангелдіұлы. 

Жайпақ ауылында 1100-ден астам тұрғын, 74 шаруа қожалығы, 3 мың гектардан астам суармалы жер бар. Дегенмен, ауылдастар қызылшаны бірінші рет сепкендіктен тәжірибенің аздығынан біраз кемшілік орын алыпты. Сонда да қызылшаның шығымы жаман емес. Қызылшаны егу, баптау, жинау кезінде ауыл тұрғындары қосымша табыс табуына мүмкіндік көбейіпті.

 Егіс алқабынан қазып алынған тәтті түбір ауыл іргесіндегі қырманға төгіліп, сұрыпталып, қант зауытына тасымалдауға дайындалып жатыр.

Қажет Андас
Жайпақ ауылы,
Алакөл ауданы

Суретті түсірген Жұмабай Мұсабеков