Ескелді ауданына қарасты Абай ауылының тұрғыны Серік Жұмабеков жылқы бағуды сүйікті ісім деп санайды. Қамбар ата түлігін бала жасынан жақсы көрген ол бүгінде етті, сүтті бағыттағы мал басын көбейтіп, тұқымын асылдандыруды көздеп отыр.
Біз бұған Серік Сембекұлымен әңгімелесу кезінде көз жеткіздік. Көз жанарынан айырылған зағип жан «денсаулығым жарамайды, қолымнан іс келмейді» деп төрт қабырғада қамалып, көптен көмек сұрап отырған жоқ. Керісінше, ол өзінің мүмкіндігінің шектеулігіне қарамастан қоғаммен он екі мүшесі сау адамдармен теңдей қарым-қатынас орнатып, ел дамуына үлес қосуда. Сөйтіп, өзі секілді талай жанға бар білгенін үйретіп, өрге сүйреп келеді. Жылқы бағумен бірге Қарабұлақ ауылындағы аудандық кітапханада былтырдан бері зағиптар бөлімінің қызметкері болып жұмыс істейді.
Содан бері кітапхана саласында өтетін іс-шаралардың ұйымдастырылуына мұрындық болып жүрген ол екі жыл бұрын облыс әкімінің грантымен Қаскелең мәдениет колледжіне оқуға түсіп, кітапхана мамандығы бойынша білім алып қайтқан. Серік Сембекұлы бүгінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоғамға тартып, жұмыс істеуге баулу, білімін жетілдіріп, еңбекке араластыру, оларға тығырықтан шығу жолдарын көрсетіп, жөн сілтеуді міндет деп біледі. Қазір осыған күш салып, маңдай терлетіп жүр. Айтуынша, Ескелді ауданында 60 шақты мүмкіндігі шектеулі жан бар, солардың басым бөлігі осы кітапханадағы іс-шараларға қатысып, өздерін дамытып отырады.
– Көпбалалы отбасында дүниеге келдім. 2010 жылдан бастап бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жанмын. Бала кезден жылқы малын жақсы көремін. Бір күні аттан құлағаным бар. Жас болғандықтан ба, жығылған сәтте денсаулығыма зақым келгенін аңғармаппын. Көз жанарының зақымданғанын кейін білдім. Бірақ, бәрі кеш болды. Осылайша, көру қабілетінен айырылдым. Денсаулығыма байланысты біразға дейін жұмыссыз жүрдім. Десе де алда мақсат тұрды. Техниканың дамыған заманы ғой. Өзімді жетілдіруді ойлап, тифлотехникалық құрал қолдануды үйрендім. Бұл маған үлкен көмек болды. Жұмысқа арнайы көлікпен апарып, әкеледі. Бір сөзбен айтқанда, алаңсыз еңбек етуге керекті жағдайдың бәрі жасалуда, уақытылы еңбекақы аламыз, – дейді Серік Сембекұлы.
Байқағанымыздай, аталған ғимараттың бір бұрышынан орын тепкен қызмет орнында өзінің жұмыс істеуіне қажеттінің бәрі тұр. Үстел үстінде тифлофлешплеер, оқып, жазатын көмек құралдары, басқа да заттары жатыр. Осы арқылы кітап оқып, білімін шыңдайды, жұмыс істеп, ізденеді. Өзі секілді азаматтарға да көмектесіп, алға жетелейді. Серік Сембекұлы кітапханадан тыс Қамбар ата түлігін бағады. Жылқы шаруашылығымен айналысуға келіншегі Ақмарал Әбділбекқызы көмектеседі. Ол малды жемшөппен азықтандырып суаруда, жылқы мен сиыр сауып сүт, қымыз алуда, құрт-ірімшік жасап сатуда еш қиналмайтынын айтты.
Қазір оншақты бас бар. Екеуі асыл тұқымды. Таяуда Ресей елінен араб жылқысын әкеліпті. Жақында ол құлындайды. Жыл сайын төлін сатып, одан түскен қаражатқа мал азығын алады. «Бір қызығы сол – жылқыларым көзімнің көрмейтінін сезетін секілді. Өйткені, оларды азықтандыратын сәтте маған өздерінің қай жақта тұрғаны туралы белгі береді. Сол жаққа қарай беттеймін. Жаз кездері де солай. Оларды жайылымнан алып қайтқанда еш жерге бұрылмастан үйге қарай жол тартады. Ал мен соңдарынан еріп отырамын. Яғни, бір-біріміздің арамызда көрінбейтін байланыс бар. Алдағы кезде бәйгелерге қатысу ойда бар», – дейді ол.
Серік Сембекұлы соңында қиын сәтте жол көрсеткен ұстазы Қуаныш Қапанов деген азаматқа ерекше алғысын білдірді. Серіктің жұмыссыз қалған кезінде ақыл-кеңесін айтып, тифлотехникалық құрал қолдануды үйренуіне көп көмегін тигізіпті. Нәтижесінде құрылғыны қалай пайдалану керегін меңгеріп алған ол бүгінде оның жемісін көріп отыр. Серік Сембекұлы, сондай-ақ, болашақта таза қанды жылқы малын көбейтіп, шағын шаруашылық құруды жоспарлауда.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Ескелді ауданы
Суретті түсірген Дмитрий ЕРОФЕЕВ