Жарықтандыру жобалары ұсынылды

Уақыты: 11.06.2018
Оқылды: 1251
Бөлім: ОН САУСАҚ

Кәсіпкерлерге көшені жарықтандыру жобалары ұсынылды. Облыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) саласына енгізілген өзгертулер бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасуда.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» Заңында мақұлданған өзгертулер мен толықтырулар МЖӘ жобаларын жоспарлаудың бірқатар үрдісін оңтайландырған. Мысалы, МЖӘ жобаларын жоспарлау үрдісінің мерзімі бес кезеңнен үш кезеңге дейін қысқарған. Яғни, инвестициялық ұсынысқа сараптама жүргізу, конкурсты өткізу мен келісімшартты әзірлеу кезеңдері қарастырылған. Осылайша жоба тұжырымдамасы мен келісімшарт жобасын сараптамадан өткізу қажеттілігі алынып тасталды. Бұрын МЖӘ жобаларын дайындауға жарты жылдан астам уақыт кететін болса, қазір бұл мерзім үш айға қысқарды және тұжырымдаманың орнына бизнес-жоспар әзірленеді. Қосымша сараптамалар жүргізілмейді. Себебі, «Бағдарламалық МЖӘ» енгізілген соң жеке серіктесті таңдау үрдісін стандартталған МЖӘ жобалары бойынша жеңілдетілген формада толтыруға болады. 
Заңның тағы бір жаңалы- ғы – МЖӘ бойынша тауар, қызмет пен қызмет көрсетуді пайдалануға берілетін үш жылдан кем емес кепілдік мерзімі туралы бөлім заңға енді. Сонымен бірге ұзақмерзімді мемлекеттік міндеттемелерді орындау бойынша кепілдік үшін МЖӘ жобаларын міндетті қазынашылық тіркеуден өткізуге бағытталған әлеуетті жеке әріптестер тізілімін әзірлеуді алып тастайтын түзету енгізілді. Жобаларды іске асыру барысында валюталық қауіп-қатерді реттеу тетіктері жетілдірілді. Бұл өзгертулердің бәрі мемлекет пен жеке сектор арасындағы әріптестіктің дамуына тың серпін бермек. Жалпы, 2016 – 2019 жылдары облыста жалпы сомасы 220,5 млрд. теңге болатын 41 жобаны іске асыру жоспарланған болатын. Қазіргі таңда оның ішінде құны 8,7 млрд. теңге болатын 12 жоба жүзеге асырылған. Жобалардың басым бөлігі ауылшаруашылығы мен білім беру саласына байланысты. 
Өткен жылы құны 6,6 млрд. теңге болатын 4 жоба іске асырылды. МЖӘ бойынша Қарасай ауданының Қаскелең қаласында медициналық лаборатория ашылды, сенімді басқаруға автотранспорт шаруашылығы, блок-модульді қосалқы стансылар құрылысы мен іске қосу, медициналық мамандар мен «Жедел жәрдем» жүргізушілерінің кәсіби біліктілігін арттыру мен процесстерді автоматтандыру берілді, медициналық ақпараттық жүйе кешені құрастырылды және Қарасай ауданында 150 орынды балалар бақшасы салынды. 
– 2017 жылы біздің сүйемелдеуімізбен екі жоба қолдау тапты. Қарасай ауданында «Олимп» лабораториясы ашылды. Қазіргі таңда Текелі қаласындағы қоғамдық бассейннің аумағын қайта жаңғырту мен көріктендіру жобасын іске асыру бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қазір аудан және қала әкімдіктеріне стандартталған және мүмкіндіктері зор МЖӘ бойынша 7 жоба ұсынылды, – деді Нариман Әбілшайықов.    
Жалпы, өңірлік кәсіпкерлер палатасы тарапынан көшені жарықтандыру жүйесін жаңғырту бойынша жобаларға кәсіпкерлерді тарту жұмыстары жалғасуда. Жалпы, облыс бойынша болжамдалатын МЖӘ жобаларының портфелі құны 211,8 млрд. теңге болатын 29 жобаны құрап отыр.  

Айгүл Байжұмақызы