«Елге ел қосылса құт қонады» дегендей, шетелден оралған қандастарымыз еліміздің өркендеуі үшін үлес қосуда. Көксу ауданы, Мұсабек ауылында тұратын Еркін Пидахметұлы 15 жыл бойы тынымсыз еңбектеніп, ауылдың тау жақ бөктеріне 8 мың түп көктерек көшетін отырғызып, оны күтіп-баптап, бүгінде аспанмен бой таласқан бау-бақшаға айналдырды. Әрине, осы талпыныстың қалқасында қаншама еңбек, төзімділік, күш-жігер жатқанын есептей беріңіз.
Атажұртқа сонау 2008 жылы біржолата қоныс аударған Еркін алғашында Талдықорған қаласының іргесіндегі «Ащыбұлақ» саяжайында қоныстанады. Арғы бетте «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қағидамен шыңдалған жас жігіт 30 сотық ауласына Қытайдан ала келген алма, өрік, көктеректің көшетін егіп, жерсіндіреді.
– 10 жасымнан бастап ағаш егіп, оны күтіп-баптауға құмарттым. Елге оралған соң да осы кәсіпті қолға алғым келді. 2010 жылы елімізде «Жасыл Қазақстан» бағдарламасы қолға алынды. Сол тұстағы облыс әкіміне хат жазып, өзімнің орман өсіріп, қоршаған ортаны көркейту арманымды жеткіздім. Бұл өтінішім қабылданып: «Облысқа қарасты қайсы ауданнан лайықты жер көрсең, сол жерді өзгертуге қолдау көрсетіледі» деген жауап алдым. Сонымен Талдықорған қаласы, Ескелді, Қаратал, Көксу аудандарының ауылдарын аралап жүріп, таңдауым Көксу ауданының Мұсабек ауылына түсті. Осы ауылдың тізгінін ұстап жүрген азаматтар 22 гектар жер телімін беріп, арманымды ұштады. Сонымен алғашында алма ағашын егіп көріп едік, өнбеді. Өйткені, Мұсабек ауылының жері құмдауыттау, желі үзілмейтіндіктен жеміс ағашын өсіру қиындау екен. Содан кейін, Қытай көктерегінің көшетін әкеліп, еге бастадым. Арманымыз алдаған жоқ. Бүгінгі жағдайын көріп тұрсыздар, – дейді Еркін бас-аяғы 1 шақырымға созылып жатқан 10 қатар болып тізіліп өскен көктеректі нұсқап.
Еркіннің бастамасын «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дейтін Мұсабек ауылының әкімдік қызметкерлері мен ауыл ақсақалдары, тұрғындар мен мектеп ұжымы бірден қолдап, ағаш көшетін отырғызу кезінде, оны суғарып, күтіп-баптаған тұста көп көмек көрсетеді.
– Ауылымыз желдің өтіне орналасқан, оның үстіне, топырағы құмдауыт болғандықтан бақша өнімдері, жеміс-жидек өспейді. Еркін ең алғаш ауылға алма ағашын егіп еді, жер жағдайына байланысты жерсінбеді. Содан кейін ауылды айналдыра көктерек егіп, оның қалқасына алма, өрік ағаштарын егіп өсірді. Қазір олар жеміс беріп тұр. Көктеректер биіктеп өсіп, жел мен құмды тосқандықтан азынаған жел тоқтап, ауылды құм баспайтын болды. Ауылдастар ауласына бақша өнімдерін егіп, нәпақа табатын болды. Сөйтіп, Еркіннің көктерегі бүкіл ауылдың бейнесін өзгертіп жіберді, – дейді Мұсабек ауылының тұрғыны Зиягүл Досанқызы.
«Еркіннің көктерегі» деген сөзді бүгінде Мұсабек ауылының тұрғындары мақтана айтады. Көктеректің көсегесін көгерткен Еркін қосымша қара ағаштың тұқымын да сеуіп, 1-2 жылдық көшетін Астана, Алматы, Түркістан қалалары мен Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарына саудалап, нәпақа табады.
– Біздің елде еңбектенген адамға барлық жағдай жасалған және кәсіптенуге мүмкіндік мол. Менің төрт түлігім де, бизнесім де, кәсібім де осы ағаштар. Алдағы уақытта мұның санын да, аумағын да кеңейтіп, көктерекпен бірге жеміс ағашын өсіріп, қоршаған ортаға қосар үлесімді еселей беремін, – дейді азамат.
Еркіннің бұл арманын жүзеге асыруға ауыл, аудан әкімдігі де қолынан келгенше көмектесуге дайын. «Көп түкірсе көл толады» дегендей, бұл еңбектің нәтижесін ертеңгі ұрпақ көреді.
Қажет АНДАС
Көксу ауданы