Шұжық шығаратын комбинат

Уақыты: 21.06.2018
Оқылды: 2034
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қазақ қалай айтқан?! «Еңбегімен ер сыйлы», – дейді. Маңдай тер, табан еттің арқасында сыйлы, құрметке ие болған азаматтар тізбегін түзсек, біраз жайсаңдар мен жақсылардың есімдерін атаймыз. Бүгінде Кербұлақ ауданындағы Қарашоқы тауының баурайында шағын ет комбинаты жұмыс істеп тұр. Өнімді еңбек істеп жатқандарына үш жылдың жүзі болған комбинатқа арнайы барып, нәтижелі жұмыспен танысып қайттық.

– Кеңес кезіндегі ет комбинатын қайта жабдықтап, 2016 жылдың қарашасында іске қостық. Бастапқыда жеке кәсіпкер «Ақбасов» шаруашылығы болып бастап, бүгінде «Майтөбе ЕТ» шаруашылығы болып қызметін жалғастырып жатыр. Ескі техникаларды жаңарттық. Мұның бәріне мемлекеттен көмек алған жоқпыз, бастығымыз Баясалы Ақбасовтың өз еңбегі. Осыған дейінгі тиісті  қаражаттың барлығын өзі көтеріп алды. Тек былтыр ғана субсидия алдық, – дейді «Майтөбе ЕТ» ет комбинаты бастығының орынбасары Бейбіт Рыскелдинов.
Ет комбинаты бір-бірімен жалғасып жатқан, ұзыннан-ұзақ созылған еңселі ғимаратқа орналасыпты. Бір жағында мал бордақылау алаңы, ал келесі жағында шұжық шығаратын жері бар. Жұмыс қызу. Былтыр дәл осы жерден 305 мал өткізіліп, 56 тонна 730 келі ет алынды. Шағын ет комбинаты үшін бұл үлкен жетістік. Қызметкерлер мезгілге қарай көбейіп, болмаса азайып отырады. Мәселен, қыста жұмыс саябырсығанда 14-15 адам, жұмыстың қызған шағы жазда 25-26 адам істейді. Қызметкерлерге қойылатын талап біреу – жоспарда белгіленген мөлшерде күнделікті нәтиже көрсету. Ал қызметкерлердің жағдайы толығымен жасалған. Таңертең арнайы көлікпен бәрін жинап алып, кешкісін үйді-үйіне апарады. Тамақ тегін. Жазда екі уақыт тамақ беріледі, тиісінше жұмысшылар кешкі сегіз-тоғызға дейін еңбек етеді. Қызметкерлердің жартысынан көбі ет комбинатының іргесінде орналасқан Қарашоқы ауылының тұрғындары. Сарыөзектен қатынайтындар да бар. Былтыр ет комбинатының бастығы Баясалы Ақбасов жақсы қызмет істеген үш қызметкеріне Кербұлақ ауданының орталығынан өз қалтасынан үш бөлмелі үш үй салып берді. Тұрмыстық техникалармен де қамтамасыз етті.  
– Жұмысшылардың жалақысы 60-80 мыңның арасы. Қызметтік дәрежесіне қараймыз, істеген еңбегін бағалаймыз. Бәрі есепке алынады. Комбинатта күніне 100-120 ұсақ, 20-35 ірі мал сойылады. Олар алдымен бордақылау алаңына апармас бұрын өзіміздің веб-лабораториямыздан өтеді. Ол жерде Жанат және Гүлназ есімді іні-қарындасымыз істеп жатыр. Рұқсат берсе, онда жұмыс жалғаса береді. Мал алыс-жақын елді мекендерден келеді. Кез келген азамат алып келе алады. Малды түрлеріне, жасына қарай бағалаймыз. Қазір мал бағасы да таразы сияқты теңселіп тұр. Біресе қымбаттайды, енді бірде арзанға түседі. Мал да сойып береміз. Бағасы – 2000 теңге. Соймас бұрын арнайы рұқсат қағазы керек. Қағазда дәрігердің мөрі, ұрланбағанын растайтын құзырлы мекеме мамандарының қолы болғаны жөн, – дейді Бейбіт Аянұлы.
Шұжықтар әлі шетелге шыға қойған жоқ. Тікелей Алматыға арнайы көлікпен жөнелтіледі. Тасымал жағы да ет комбинатынан. Бұл жерден шұжықтың бес түрі шығады. Барлығы таза еттен жасалған. Оларды Алатау бауырындағы алып шаһардың дүкендері арнайы тапсырыспен алдыртады. Бүгінде шаруашылықпен тізе қосып жұмыс істегісі келетін қожалықтар, өндірістік орындар бар.
– Шағын ет комбинатының кеңейіп, жұмысшылардың көп болғанын қалаймыз. Алдағы уақытқа жоспарлар құрып қойдық. Үкіметтен көмек болса, ұсынысымыз бар, – дейді комбинат басшысының орынбасары.
Баясалы Ақбасов қызметкерлеріне сыйлы, ал жұмыскерлері адал еңбек етеді. Бұл шаруаның басы ғана, болашақта Күреңбел тұрғындары мақтана айтатын іргелі комбинатқа айналары хақ. Осы еңбек қарқынынан ажырамасын дейміз.

 

Серік ҚАНТАЙ
Кербұлақ ауданы