Кәсіподақ жұмысы жанданды

Уақыты: 12.07.2018
Оқылды: 1812
Бөлім: ОН САУСАҚ

Еңбекшіқазақ ауданында «Алматы облыстық жергілікті агроөнеркәсіп кешені және мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің облыстық көшпелі пленумы өтті. Қоғамдық бірлестіктің төрағасы Тастан Тоқсейітұлы бастаған пленум мүшелерін Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинәлі Ысқақ қарсы алып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Алтын адам табылған киелі өңірге табан тіреген кәсіподақтықтар аудан орталығындағы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне арнайы ат басын бұрып, руханият ошағындағы құнды жәдігерлермен танысты. Кәсіподақ өкілдері пленум жұмысының осындай бір шағын экскурсиямен басталғандығын жақсылыққа балады.
Көшпелі пленум табиғат аясында, Түрген шатқалының қойнауында өтті. Алдымен Еңбекшіқазақ аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Ильян Жакеевтің есебі тыңдалды. Ол Еңбекшіқазақ аудандық кәсіподақ комитетінің ұжымдық шарттар арқылы кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқығы мен кепілдігін қорғау жөніндегі жұмыс тәжірибесі туралы айтып берді. 
– Агроөнеркәсіп кешені және мемлекеттік мекемелер жұмыскерлерінің Еңбекшіқазақ аудандық кәсіподақ комитеті 58 бастауыш кәсіподақ ұйымынан тұрады. Оның құрамына 3,5 мыңнан астам кәсіподақ мүшесі кіреді, бұл өз кезегінде аудандағы мекемелер мен ұйымдарда жұмыс істейтін адамдардың 99 пайызын құрайды, – деді әріптесіміз Ильян Жакеев. Жалпы, Еңбекшіқазақ ауданы бойынша 37 ұжымдық шарт жасалып, олардың барлығы облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясында тіркеуден өткен. 
– Ұжымдық шарттар міндетті түрде еңбекті қорғауға негізделген кешенді іс-шараларды қарастыруы керек. Сонымен бірге, мұндай шараларды іске асыруға қажетті қаражат бөлінуі тиіс. Мәселен, біздің кәсіподақ бойынша өткен жылы еңбекті қорғауға бөлінген және жұмсалған қаржының жалпы сомасы 659000 теңгені құраған. Мұндай жетістіктерге жетуге ең жас әрі белсенді басшы  «Будан» ЖШС шаруа қожалығы кәсіподақ комитетінің төрағасы Данияр Доспанбетов, кәсіподақ комитетін бұрыннан басқарып келе жатқан төрағалардың бірі Есік дендросаябағының төрағасы Әлібек Дәлімбаев, жас төрағалардың бірі, «Аманат» интернат-үйінің кәсіподақ төрағасы Алмат Бағашаровтардың сүбелі үлесін айта кеткен орынды.  Тіпті, «Аманат» интернат-үйінің басшысы, аудандық мәслихат депутаты Гүлсара Егінбаеваны ерекше атап өткім келеді, ол жұмыс барысындағы  барлық ұсыныс пен бастамаға үнемі қолдау көрсетіп, өзінің кәсіподақ ұйымының ғана емес, аудандық кәсіподақ комитетінің жұмысына да белсенді түрде атсалысады. Ол кісіні кәсіподақ ұйымдары басшыларының арасындағы көшбасшы деуге болады. Осы орайда «Будан» АӨК» ЖШС бас директоры Еркен Шәкеевтің де кәсіподаққа деген қарым-қатынасы ерекше. Ол кез келген мәселе, өтініштің оң шешімін тауып, орындалуына әрдайым түсіністікпен қарайды. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі кәсіподақ комитетінің төрағасы Светлана Абросимованың да қажырлы еңбегі көпке үлгі, – деді Ильян Жаңабайұлы.
Аудандық кәсіподақ комитеті және бастауыш кәсіподақ ұйымдары қызметінің ажырамас бөлігі – кәсіподақ мүшелерінің денсаулығына қамқорлық жасау. Соңғы екі жылда кәсіпорынмен ұйым басшыларымен бірлесіп «Сарыағаш», «Керім ағаш», «Жаркент арасан», «Көктем» шипажайларына сауықтыру жолдамалары беріліп, аудан бойынша 25 кәсіподақ мүшесі өз денсаулықтарын түзеген, ол үшін 2450000 теңге қаражат жұмсалған. Балалар сауықтыру лагерьлеріне 750000 теңге бөлініп, нәтижесінде кәсіподақ мүшелерінің 15 баласы демалып келген. 
Облыстық көшпелі пленумға мұрындық болып отырған «Алматы облыстық жергілікті агроөнеркәсіп кешені және мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподағы» бүгінде халықаралық кәсіподақ IUF-пен жоспарлы түрде жұмыс істейді. Мәселен, былтыр сәуір айында Жамбыл аудандық кәсіподақ төрағасы Әскербек Абаев пен Еңбекшіқазақ ауданының мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған интернат-үйінің директоры Гүлсара Егінбаева Минск қаласындағы IUF конференциясына делегат болып барып қайтты. Мен Женева қаласындағы Халықаралық Конгрестің делегаты болсам, өткен жылдың қараша айында Кишинев қаласында өткен халықаралық конференцияға Сарқан аудандық кәсіподағының төрағасы Гүлнар Мұқанова қатысты. Ал желтоқсанда Бішкекте өткен жастар конференциясында кәсіподақтан 5 делегат сайланды. Биылғы наурыз айында Есік көлінде өткен жастар конференциясына 2 делегат барып келді. Мұның бәрі әріптестеріміз үшін үлкен абырой.
Облыстағы 494 бастауыш ұйымында 24 656 кәсіподақ мүшесі бар. Соның ішінде Еңбекшіқазақ, Қарасай, Сарқан аудандарындағы бастауыш кәсіподақ ұйымының саны 54, 58-ге жетті. Бұл жақсы көрсеткіш. 2017 – 2018 жылдары Көксу, Ақсу, Панфилов, Қаратал, Кербұлақ, Балқаш аудандарында кәсіподақ мүшелерін арттыру жолында үлкен жұмыс істелді. Ал Талғар, Ескелді аудандарында кәсіподақ мүшелерінің саны төмендеді.
Біздің жергілікті кәсіподақтың барлық іс-жоспары облыс әкімдігі, жұмыскерлердің облыстық бірлестіктері және облыстық кәсіпкерлер палатасы арасындағы 2018 – 2020 жылдарға арналған үшжақты келісімшарттың міндет-мақсаттарын жүзеге асыруға бағытталған. Бүгінгі таңда қоғамдық-саяси өмірімізде кәсіподақтың беделін көтеру, оның қызметін жаңғырту жолында қарқынды жұмыс атқарып жатырмыз. Бұл дегеніміз – еңбеккерлердің алаңсыз жұмыс істеуі, жалақысының уақытылы төленуі, құқықтық-шығармашылық іс-шараларға қатысу, жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқығын қорғау, әлеуметтік серіктестікті дамыту, жұмыссыздықпен күрес, жастар мәселесі мен гендерлік саясатқа атсалысу, кәсіподақтардың ұйымдастыру жұмыстарын жандандыру, халықаралық және ақпараттық жұмыстарға араласу, сондай-ақ, кәсіподақ активі мен кадрларын оқыту. Біз ешкіммен де бет жыртыспай, билік өкілдерімен де, жұмыс беруші жақпен де ауызбіршілікте жұмыс істеуді көздейміз. Дәл осы жолмен келе жатырмыз да. 
Біздің бірлестікте ұжымдық шарттардың бекітілуі мен оның орындалуына қатты көңіл бөлінеді. Қазіргі күнге дейін 474 ұжымдық шарт заңды күшінде. Осы ұжымдық шарттарда алдымен еңбеккерлерге әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасау жайына баса көңіл аударылады. Мәселен, жыл сайынғы қосымша еңбек демалысы, сырқаттанып қалған жағдайда қосымша ақы төлеу, балалар сауықтыру лагерьлеріне жолдама алып беру, қайырымдылық көмекке зәру жандар мен зейнеткерлерге жәрдемдесу, жұмыс беруші кәсіпорынның жұмысшы орнының тұрақты болуына кепілдік беру сияқты өзекті мәселелерге алдыңғы кезекте мән беріледі. Осындай ұжымдық шарттар жұмысшы мен оны жұмыспен қамтушының арасында дау-дамай туған жағдайда кәсіподақ комитеттерінің адам құқығын қорғауда принципті көзқарасын табандап ұстап тұруда көп рөл атқарады.
Қазіргі кезде Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жамбыл, Талғар, Көксу, Сарқан, Ақсу, Панфилов аудандарында кәсіподақ мүшелерін сауықтыру мақсатында, санаториялық-курорттық емделулер мен  шипажайларда, емдік сауықтыру орындарында демалыс ұйымдастырылды. 
Пленум соңында «Алматы облыстық жергілікті агроөнеркәсіп кешені және мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тастан Тоқсейітұлы еңбекте алда келе жатқан бірнеше әріптесімізді марапаттады. Сол қатарда Райымбек аудандық филиалында бірнеше жыл абыройлы жұмыс істегені үшін Азыбек Кұлжабайұлы, Балқаш аудандық филиалының төрағасы Самат Ракишев 60 жасқа толуына байланысты, сондай-ақ, кәсіподақтың жұмыстарына белсене қатысқаны үшін Есік қаласындағы мүгедектер үйі-интернатының директоры Гүлсара Егінбаева және бас есепші Әсем Сабаншиева «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін алды.

Рая  Идралиева,
«Алматы облыстық жергілікті агроөнеркәсіп кешені және
мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподағы»
қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары,
Алматы облысының Құрметті азаматы