Сапалы қызмет басты міндет

Уақыты: 17.07.2018
Оқылды: 1209
Бөлім: ОН САУСАҚ

Егемендік алған алғашқы жылдары жаңа мемлекеттің аяғынан қаз тұруы қандай қиын болса,  адамдарға да оңай соққан жоқ. Жұмыссыздық, халық тұтынатын тауарлардың тапшылығы, электр жарығының сөніп қалуы сияқты көптеген келеңсіздік кәсіпкер Мұхтар Сатыбековтың есінде.

Сол кезде оның жиырмадан жаңа асып, қайнаған өмірге енді араласқан шағы. Әр жұмыстың басын бір шалып байқағанмен ісі алға жүрер емес. Сол кезде ол 1993 жылы газ шаруашылығына жұмысқа орналасты. Содан бері осы салада еңбектеніп келе жатқанына 25 жыл болыпты.
Тұрғындарды сығымдалған газбен қамтамасыз ету ісі халыққа ең керекті игіліктердің бірі еді, қазір де солай. Ол кезде аудан орталығына табиғи газ құбыры тартылмаған болатын. Көгілдір отын толтырылған құтыға деген сұраныс жоғары. Газ баллонын әр үйге сұраған уақытында жеткізіп беру деген бір тынымсыз шаруа. Дәлдікті, төзімділікті, адалдықты қажет етеді. Осында он жыл істегеннен кейін «ЛП Газ» мекемесінің Ұзынағаштағы филиалына жетекшілік етті. Одан төрт жыл өткенде өзі жекеменшік «Абылай Газ» ұйымын құрды. Содан бері осы жұмысты жеке кәсіпкер ретінде атқарып келеді.
– Елбасының кәсіпкерлікті қолдау саясатына өте ризамын. Бұрындары сансыз тексерулерден көз ашпаушы едік. Оның көпшілігі жұмысқа кедергі келтіретін. Жөнсіз тексерулерге тыйым салынғаны алаңсыз жұмыс істеуге көп көмегін тигізді. Газ шаруашылығын дамытамын дегендерге мемлекеттен субсидия бөлінеді. Өз басым түскен табысқа орай халыққа әртүрлі жеңілдік шараларын ұйымдастырып тұрамын. Тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық жасаудан мүмкіндігімше қалыс қалмаймын. Тұтынушыларымыздың арасында жүйелі түрде ұтыс ойындарын өткіземіз. Халыққа сапалы қызмет көрсетуді ең бірінші орынға қойдық. Соның нәтижесінде ұзақ жылдан бергі тұрақты тұтынушыларымыз көптеп саналады, – дейді Мұхтар Қалижанұлы.
Шүкір, төккен тер зая кеткен жоқ. Қазір ол кәсібін кеңейту үстінде. Қажетті техникалары бар. Осы істе өзімен бірге бірнеше адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жеке отбасына келсек, зайыбы Нұрбақыт екеуі төрт бала тәрбиелеп өсіріп отыр. Келін түсіріп, немерелі болды. Ұлы Абылай өзімен бірге жұмыс істейді. Әкелі-балалы екеуі ісін дөңгелентіп отыр. Қызы Әлия Халық шаруашылығы университетін бітірді. Екі қызы мектеп оқушысы.
Кәсіпкер еңбегі жемісті болсын дейміз. 

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы