ТЕХНИКА БАР, ЭЛИТАЛЫ ТҰҚЫМ ЖОҚ

Уақыты: 26.10.2018
Оқылды: 1363
Бөлім: ОН САУСАҚ

Кеген ауданында жаңа технологиямен жұмыс жүргізіп жатқан құрылымдар саусақпен санарлық. Солардың арасында Қарқара ауылдық округіндегі «Қарқара өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Сәкен Нұрлыбаев басқаратын серіктестіктің 75 гектар жерге отырғызған картобының күтімі жаман емес.

Серіктестік жұмыстың барлығын жаңа технологиямен жүргізеді. Оған қажетті шетел техникаларының бәрі бар. Мұнда қолмен атқарылатын жұмыс жоқтың қасы. Картоп дақылы арнайы жаңбырлатқыш техникамен суарылады. Голландиялық алымды агрегат бір тәулік ішінде 30 гектарға дейін суарады.

– Картопты ауа райының жағдайына қарай суарып отырамыз. Биылғы жаз жауынсыз болды. Соған орай картоп алқабы бұған дейін 5 рет суарылды. Қарқараның жері нағыз картоп өсіруге қолайлы, таптырмайтын жер. Тұқымымыз ескіріп барады. Жаңартуға мүмкіндігіміз келмей жатыр. Берері мол элиталық тұқым алуға облыстық әкімдік тарапынан көмек көрсетілсе жақсы болар еді. Өйткені, уақытқа сай алымды техникамыз да, жеріміз де бар. Кеген ауданындағы картоп өсіретін ірілі-ұсақты шаруашылықтарды тұқыммен қамтамасыз ететін бірден-бір шаруашылық болуға мүмкіндігіміз мол, – дейді «Қарқара өнімдері» ЖШС директоры Сәкен Нұрлыбаев.

Биыл 50 гектар жерге голландияның «Селевана» атты тұқымы егілді. Бұл тұқыммен айналысқандарына да біраз жыл болған. Қалған 25 гектар жерге «Илин» атты еліміздің картоп тұқымы өсірілген. Серіктестік ұжымы голландиялық тұқымнан күткендегідей өнім алатынына сенімді. Атап айтқанда, әр гектардан 150 центнерден жоғары өнім алынады деп күтілуде. Жаңа технологиямен жұмыс жүргізетін қуаты мол серіктестікте картоптан бөлек 200 гектар күздік бидай, 350 гектар арпа бар. Орақ түсе қоймаған алқаптардың шығымы жаман емес. 400 гектар жерді алып жатқан көпжылдық шөп алқабы да жайқалып тұр. Серіктестіктің жалпы жағдайы жаман емес. Онда трактор, комбайн, көлік жүргізетін Тұрды Мұздыбаев, Виктор Цветков, Тілек Қоғалбаев, Әлі Рақышев бастаған онға тарта  бесаспап азамат жұмыс істейді. Санаулы ғана еңбекқор жандар мың гектардан аса жерді игеріп, жемісін көріп отыр. Оған қуанасың, жұбанасың. Бәрі де жаңа технологияны жетік меңгере жұмыс істеудің нәтижесі.                                                      

Қанат БІРЖАНСАЛ

Кеген ауданы