ЖУРНАЛИСТЕР КӘСІПОРЫНДАРДЫ АРАЛАДЫ

Уақыты: 22.12.2018
Оқылды: 1284
Бөлім: ОН САУСАҚ

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры акционерлік қоғамының облыс бойынша аймақтық филиалы «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамыту бірыңғай бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Осы ретте мемлекеттік қолдаудың шарапатын сезініп, шағын және орта бизнесті жандандыруға өз үлестерін қосып жүрген кәсіпкерлердің жұмысын таныстыру мақсатында баспасөз турын ұйымдастырды. Тілшілер Іле ауданында орналасқан бірнеше өндіріс орындарында болып, тыныс-тіршіліктерін көріп қайтты.

Журналистер алдымен Өтеген батыр ауылындағы «Адили Текстил» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, аталған бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды көрді. Байқағанымыздай, осыдан екі жыл бұрын іске қосылған өндіріс ошағының бүгінгі тіршілігі жаман емес. Кәсіпорын жеңіл өнеркәсіпті жандандыру бағытында инновациялық үрдіспен іс жүргізіп отырғандарымен ерекшеленеді. Ұжымдағылар: «Өнім шығаруда санға емес, сапаға көп көңіл бөлеміз», – дейді. Сондықтан болар, табиғи таза, сапалы бұйымдары нарықта тез саудаланады.

Бұл жерде негізінен матаға түрлі-түсті бояумен қазақы нақышта оюлар бастырылады. Сонымен бірге, басқа да өрнектер салынады. Дайын маталардан көрпе-жастықтың тысы мен жаңа туған сәбилерге арналған көрпешелер, жаялықтар, аспалы және қол сөмкелер мен бас орамалдар секілді заттардың отыздан аса түрі жасалады. Ою-өрнектерді сол жерде жұмыс істейтін дизайнерлер ойлап тауып, суретін салады. Матаға бастырылған бояулар шетелдік құрылғылардың күшімен автоматты түрде жуылып, шайылып, тазаланады. Күніне мұнда 800 метрге дейін дайын өнім шығарылады.

Кәсіпорын басшысы Әділ Әселдің айтуынша, дайын өнімдер Қостанай, Ақтау, Атырау және Алматы, Астана сияқты ірі қалаларда саудаланады. Тіпті, арнайы дүкендері де бар. Өндірісте оннан аса адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Алдағы жоба-жоспарлары да ұшан-теңіз. Бұйымдарды алдағы уақытта «Қазақстанда жасалған» деген атпен экспортқа шығару жоспарда бар. Жақсы нәтижелерге қол жеткізуде Үкімет тарапынан жасалып жатқан қаржылай көмектің оң әсері тиген.

Айта кетейік, бұл компания аталмыш бағдарлама аясында Мемлекет қолдауын иеленіп, «Ресей ЖинақБанк» АҚ ЕБ-дан жылдық мөлшерлеме 16 пайызбен қаржыландырылған. Ал оның 10 пайызы «Даму» қоры арқылы субсидияланып, сондай-ақ, несие соммасынан 50 пайыз көлемінде кепілдік мақұлданған. Сөйтіп, көздеген мақсатқа жетуде бірлесе еңбек етіп, бизнестің өркендеуіне өзіндік үлестерін қосып отырған ұжым жұмысына көз жеткізген біз іссапарымызды жалғастырып, КазЦИК ауылындағы «Аксел и А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне табан тіредік. Бұл компанияның жұмыс істеп келе жатқанына үш жылдан асыпты. Мұнда негізінен медициналық өнімдер өндіріледі. Аулаға кірген мезетте бізді кәсіпорын қызметкерлері қарсы алып, жұмыстарымен таныстырды. Төрт қабатты әйнектелген кәсіпорынның ауласы мен ішкі тазалығы бірден көзге түсті. Себебі, мұнда қан құрамындағы триглицерид, глюкоза, холестерин концентрациясын анықтайтын медициналық жоғары технологиялы тест жолақтары шығарылады. Кәсіпорында жұмыс істейтіндердің әрқайсысы өз ісінің шебері екендіктерін бірден аңғартты.

Жобаны іске қосып, тест жолақтарын шығару үшін «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында пайыздық ставканың бір бөлігін субсидиялауды қолдана отырып, жылдық мөлшерлеме 14 пайызбен бес жылға несие алдық. Осылайша, 14 пайыздың 7 пайызын өз компаниямыз төлейді. Ал «Даму» қоры банкке қойылатын кепілдікті қамтамасыз етті, – дейді аталмыш серіктестіктің басшысы Баян Асанова.

Өндірісте отыздан аса адам жұмыс істейді. Дайын өнімдер елдің түкпір-түкпіріндегі дәріханаларда саудаланады. Өндіріс меңгерушісі және өнім сапасын бақылау бөлімінің басшысы Кристина Коросенко жылына бұл жерде бір миллионға жуық медициналық тест жолақтарының шығарылатынын және өнім сапасына айрықша мән берілетінін айтып өтті. Кәсіпорын еуропалық үлгідегі құрылғылармен жабдықталыпты.

Бұдан соң Боралдай кентіндегі Асхат Коксаловтың дөңгелентіп отырған жеке кәсібін де көріп қайттық. Кәсіпкер осыдан бір жыл бұрын геотермальды сумен емдеу арқылы денсаулықты нығайтуға септігін тигізетін сауықтыру кешенін ашқан. Содан бері елдің әр аймағынан демалып, емделуге келетін адамдардың қатары сиреген емес. Тіпті, олардың арасында шетелдіктер де бар. Табиғи су түрлі ауруға шипасын тигізетін минералды заттарға бай. Кешен маңында жүзу бассейні бар. Қыс айы болса да суы жылы әрі денсаулыққа пайдалы. Мәселен, буын, тері, әйелдердің жыныс мүшелерінің аурулары сияқты түрлі ауруға тигізер шипасы зор. Ем қабылдауға арналған он жеті бөлме бар. Солардың бірінде уқалап, сылау қызметі көрсетілсе, енді бірінде минералды суға толтырылған ваннаға түсіп, бөшке ішіне отырып терлеуге болады. Бұл жерде отыз шақты адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпкер «Kassa Nova Банк» АҚ-дан жылдық мөлшерлемесі 14 пайызбен несие алып, кәдеге жаратыпты. Пайыздық мөлшерлеменің 10 пайызын субсидиялау арқылы мемлекет өтейді. Сонымен бірге, «Даму» қорының кепілдігі берілген.

Осылайша біз өңірдегі өркенді істермен танысып, мемлекеттік бағдарламалардың жергілікті жерлерде ойдағыдай жүзеге асып, билік пен кәсіпкер арасында байланыстың тереңдей түскеніне көз жеткізіп қайттық. Облыстың қай түкпірінде болсын кәсіпкерлік саласының аяқ алысы алға жылжып келеді.

Сапар соңында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры акционерлік қоғамының облыс бойынша аймақтық филиалының маманы Әлия Нұғыманова «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы төңірегінде атқарылып жатқан жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндап берді. Журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға да ұтымды жауап қайтарды. Өз кәсібін ашып, өрісін кеңейтем деушілерге қазір Үкімет тарапынан барынша көмек көрсетіліп, қолдау танытылып жатқандығын әңгімеледі.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Іле ауданы