ҚЫМЫЗДЫҢ ҚАДІРІ

Уақыты: 14.01.2019
Оқылды: 1280
Бөлім: ОН САУСАҚ

   Бүгінде қыста қымыз қамдайтын, бағалы сусынымызды әзірлейтін жекелеген шаңырақтар көбейіп келеді. Әр ауылдан сирек те болса ұшырасып тұрады.  Рас, қыстағы қымыздың қадірі артық.

 

   Райымбек ауданындағы Сарыжаз ауылындағы ерлі-зайыпты Берікбол Нақысбекұлы мен Әтіркүл Сауыт (суретте) біраз жылдан бері қыста қымыз қамдайтын жандар. Екеуі де қырықтың мол ішінде. 2012 жылы Қытайдан атамекендеріне оралыпты. Алғаш Талдықорған өңірінде тұрған. Кейін ауасы тұнық, суы мөлдір, төрт түлік малға қолайлы Райымбек ауданына қоныс аударуды жөн көріпті. 150-ден аса қойы, онға тарта жылқысы мен сиыры бар. «Негізгі мақсатымыз – қолда бар төрт түлік малды төлімен көбейте беру», –дейді шаңырақ иелері. Сарыжаз ауылының маңынан бір қоралы болған жайы бар. Мұнда көшіп келгендеріне үш жыл болыпты. «Алғашында 4 бие байлағамыз. Қазір екеуін сауып отырмыз. Сұраныс иелеріне дәмді қымызымыз дайын», – дейді биені уақытылы сауып, балдай қымыз әзірлейтін Әтіркүл Сауыт.
    Күнделікті кәсібінен нәсіптерін құрап жүрген шаңырақта үш қыз, бір ұл өсіп келеді. Айбота мен Гүлдана студент екен. Айшадай қыз төрт жаста. Егіздің сыңары Ерданадай ұл Сарыжаз кәсіптік-техникалық колледжінде дәріс алып жүр. Қыстағы қадірі артық қымыз қамдаушы шаңырақ иелерінің алға қойған мақсатты істеріне сәттілік тіледік.

Қанат БІРЖАНСАЛ.