КӘСІПКЕРЛЕР АРАСЫНДА САУАЛНАМА ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Уақыты: 17.01.2019
Оқылды: 1549
Бөлім: ОН САУСАҚ

«Атамекен» ҚР ҰКП қазақстандық кәсіпкерлер арасында тұңғыш рет кең ауқымды сауалнаманың басталғанын мәлімдеді. Бұл туралы баспасөз мәслихатында аталмыш палатаның басқарма төрағасының орынбасары Эльдар ЖҰМАҒАЗИЕВ айтты.

«Бес жыл ішінде Ұлттық палата бизнес мәселелері туралы 25 мыңнан астам өтініш жинады. Жыл сайын бизнеске бағытталған көптеген заңдар, нормативтік-құқықтық актілер  қабылданады және «Атамекеннен» ұсыныстардың 73 пайызын мемлекеттік органдар жүзеге асырды. Ұлттық палата Үкіметпен тығыз байланыс орнатқан. Ендігі кезекте біз бизнестің өзекті мәселелерін анықтап, оларды мемлекеттік органдармен, Үкіметпен нақты шешуді бастау мақсатында әрбір кәсіпкердің пікірін білуге ниеттіміз», - деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев.

Сауалнама екі кезеңнен тұрады. Бірінші - ҰКП деректер базасымен, кәсіпкерлерге телефон көмегімен қоңырау соғу арқылы. Екіншісі – бизнес-нысандарға бару және кәсіпкерлердің ҰКП мамандарымен жеке сұхбаты арқылы (телефон байланысын орнату мүмкін болмаған жағдайда). Сұхбаттасудың талабы бойынша, респондент бірнеше минут уақытын бөліп, күрделі емес сұрақтарға жауап береді. «Осыған байланысты біз кәсіпкерлерді маңызды бастамаға түсіністікпен қарап, мүмкіндігінше қолдау көрсетуін, көмектесуін сұраймыз», - деді Эльдар Жұмағазиев.

Бүгін «Атамекен» байланыс нөмірі мен «Атameken Services» платформасына сілтеме жасалған СМС-хабарламалар тарату басталды. Жүргізілген сауалнама аясында Ұлттық палата мамандары кәсіпкерлерге порталда тіркелуге көмектесетін болады.

Баспасөз конференциясы аясында кәсіпкерлерге арналған жаңартылған «Аtameken Services» порталының тұсаукесері өтті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"