БЕРЕКЕ БАСТАУЫ

Уақыты: 21.01.2019
Оқылды: 1218
Бөлім: ОН САУСАҚ

Жаркент өңірінде мал қыстату мен көктемгі мал төлдету науқанына жалпы 124 мың тонна ірі сабақты мал азығы, 44,5 мың тонна жем дайындалған. Мал азығының 80 пайызы қыстауларға жеткізілген. 

Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Жұмағазы Наймантаевтың айтуынша, ауылдық округ әкімдіктерінің жанында мал қыстату науқанын тұрақты бақылап отыратын арнайы штаб құрылыпты. Оның құрамында әр саланың мамандары бар. Штаб мүшелері ай сайын кем дегенде екі мәрте қыстауларды аралап, мал мен малшылардың жай-күйін тексеріп шығады.
Соңғы жылдары өңірдегі төрт түлік саны еселеніп, ұсақ және ірі қараның басы 279 мыңнан, жылқы 18 мыңнан асқан. Өткен жылы аудан шаруалары 18950 тонна ет, 45453 тонна сүт және 765 тонна жүн өндіріпті. Аудандағы асыл тұқымды мал өсіретін қожалықтар мен мал бордақылап сатуды кәсіп еткен тұрғындар да табысты еселеуде. Осы орайда соңғы бес жыл ауқымында асыл тұқымды мал өсіретін шаруа қожалықтар саны 10-нан 31-ге дейін көбейгенін айта кетсек артық болмас. Өткен жылдың соңғы айында «Найманбаев» ЖШҚ Ресейден 67 миллион 500 мың теңгеге 150 бас асыл тұқымды ірі қара малын сатып әкелсе, «Дәулет Жансая» ЖШҚ 216 асыл тұқымды сиыр сатып алу үшін 96 миллион теңге жұмсаған. Ал «Айсұлтан» шаруа қожалығы «Абердин ангус» атты ет бағытындағы 50 асыл тұқымды ірі қараны сатып алып, қазір өз төлі есебінен көбейтуде. «Көктал Агро» ЖШС биыл 1000 сауын сиырға лайықталған сүт фермасын салуды жоспарлап отыр. Қыс маусымы қарсаңында «Ернар» ЖШҚ мыңға жуық бұқаны бордақылауға қойған. 
Малшы қауымды тағы бір маңызды сынақ күтіп тұр. Ол – көктемгі мал төлдету науқаны. Биыл Жаркент өңірінде 131 мыңнан астам саулық «Жетісу» ӘКК» АҚ» ҰК-нан әкелінген асыл тұқымды қошқардан алынған ұрықпен қолдан ұрықтандырылды. Бұл саулықтар алдағы наурыз айының 20-жұлдызынан бастап төлдей бастайды. Десе де, жаркенттік шаруалар бұған да толық дайын.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы