ЗАМАНАУИ КӘСІПОРЫН

Уақыты: 24.01.2019
Оқылды: 1350
Бөлім: ОН САУСАҚ

Іле ауданында ірі өндіріс орындары көп. Өткен  жылы бірнеше кәсіпорын құрылып, бес жүзден аса адам жұмыспен қамтылды. Жаңа ашылған нысанның бірі– дайын тағам түрін өндіретін комбинат.

Мұнда тәулігіне 3 мың тоннадай жартылай фабрикат өндіріледі. Бүгінде бұл жерде 100-ге тарта адам жұмыспен қамтылған. «Біз өнімдердің сапалы әрі пайдалы болғанын қалаймыз. Тұшпараға ет, май, пияз қосып, қолмен жасаймыз. Жұмысымыз ұнайды, жалақымыз да уақытылы беріледі», – дейді цех бригадирі Әлия Иембергенова. 
Цех меңгерушісі Елена Бондарчук тағамға тек табиғи өнімдерді пайдаланып, болашақта халал стандарты бойынша жұмыс істейтіндіктерін айтты. Ет пен бау-бақша өнімдерін жергілікті шаруашылықтан сатып алады. Осы мақсатта өңірдегі бірқатар шаруа қожалықтарымен келісімшартқа отырған. Дайын тағамның 15 түрін шығаратын бұл кәсіпорын Финляндия, Италия, Корея мен Ресейдің соңғы үлгідегі өндірістік құрылғыларымен жабдықталған. 
Іле ауданында жалпы саны 258 орташа, ірі және шағын кәсіпорын бар. Кәсіпкерлік саласында 32 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Өнеркәсіп саласында былтыр 298 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Өткен жылы өңірге 70 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған. Биыл жоспарда жеті кәсіпорынды кеңейтіп, жиырмадан аса жұмыс орнын құру көзделіп отыр. 

 

Мақпал МЫСА