АРМАН АСУЫНДА

Уақыты: 30.01.2019
Оқылды: 1291
Бөлім: ОН САУСАҚ

   Жақсы адам жұмыр жерге теңдей жылу бөлетін күн сияқты. Үлкен-кішіні алалап бөлмей, жанындағыларды жадыратып жүретін сондай ізгі адамдардың бірі – Талғар ауданындағы «Дана» жекеменшік мектебінің негізін қалаған Күләнда БАТЫРБЕКОВА. Онымен кездесу сәтінде терең ойға қалып, атқарылған ауқымды істеріне еріксіз таңданғаным рас. Нәзік иығымен әлемдік деңгейдегі педагогика стандартын қалыптастырып отырғаны көкірегіме мақтаныш сезімін ұялатты.

 

   Бірден айтайын, «Дана» мектебінің табалдырығын аттаған сәттен таңданатын дүниелер көп болды. Заман талабына сай жабдықталған сынып бөлмелері (әр сыныпта 20-25 оқушыдан аспайды), интерактивті тақта, мобильді парталар, кітапхана, бассейн, екі спортзалы, асхана және фитнес-зал, бәрі Қазақстанның болашағы – жас буынның алаңсыз білім алуына арналған. Күләнда Уәлиханқызын көрген оқушылар қасына бірден жүгіріп келіп, шұрқырасып амандасты. Бұл көрініс маған бейнебір магнитке тартылған темірдей әсер берді. Осы бір теңдесі жоқ тартылыс күшінің бастауында мейірім тұрғаны анық еді. Түрлі ұлттың өкілдерінен жиналған бейкүнә балалар ұстазымен құшақтасып, жылы сөзін жүректеріне құйып, мәре-сәре болып жатыр. Тұп-тұнық кеуделерін ақ арманға, мейірбан жанның жылы сөзіне толтырған балалар қандай бақытты десеңізші?! Қарсы алдында тұрған ұстаздың да балаларға бұлайша өбектеуі мені қайран қалдырды. Туған аналарындай асты-үстіне түседі. Әр сөзімен, әр қимылымен үлгі-өнеге көрсетуге ұмтылады.
Білім ордасына бас сұққан кез келген адам таңданысын жасырмайды. Соңғы уақытта шетелден де қонақтар келіп, мұндағы жұмысқа жоғары баға беріп кетеді. Мәселен, киімдер ілетін шкаф бетіндегі суреттерге назар аударайықшы. Қазақтың, орыстың, әлемнің классиктерін, атап айтқанда, Абайды да, Александр Пушкинді де, Лев Толстойды да, Мұхтар Әуезовті де, Шыңғыс Айтматовты да, Джек Лондонды да осы жерден табасыз. Қысқасы, 300 шақты автор ілінген. Ешқандай сағаттап айтылатын дәріссіз-ақ адамды әдебиетті сүюге, кітапты құрметтеуге баулиды. Осы істің нәтижесінде оқушылар кітапты көп оқи бастаған. Оқушылар қазіргі заман ағымына қарай детективке емес, астын сызып тұрып айтайық, классикаға ден қойған. Оқу балалардың мәдени кодына айналған. Иә, қазіргі уақытта аудио жазбалар, электронды кітаптар таралуда. Бірақ рухани байлықтың іргетасы осындай жеке тұлғаларға еліктеуден, шығармаларын оқудан қаланбай ма?!
 Айтпақшы, электронды жүйе дедік қой. Мемлекет басшысы міндеттеген цифрлық жүйені біз енген ғимараттың әр бұрышынан кездестірдік. Әр адымымыздан цифрлық жүйенің нәтижелі жұмысын көрдік. Іс жүргізу, жоспарлау, оқушылардың ата-анасымен тіл қатысу, отандық және әлемдік мектептермен байланыс орнату, бәрі электронды нұсқада жүзеге асады. Жуырда ғана Польша мемлекетіндегі мектеп оқушыларымен байланыс орнатылыпты. Польшалықтар келер жылдың көктемінде «Дана» мектебіне арнайы қонақ болып қайтуды жоспарлап отыр екен. Ал мамырда бұл жақтың оқушылары Польшаға сапар шекпек. Мектептің 7-сынып оқушылары («Дана» мектебінің құрылғанына небәрі 5 жыл, сондықтан бұлар жоғары сынып саналады) қазірше қазақтың салт-дәстүрінен, ас мәзірінен арнайы материалдар дайындап, ағылшын тілінде жолдап жатқан жайлары бар. Сондай-ақ, білімгерлер қолөнер және робототехника саласы бойынша Оңтүстік Кореяның оқушыларымен хат-хабар алмасады.
Мен дәл осы мектептің қабырғасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2030» Стратегиясын еске түсірдім. Онда үш тілді еркін меңгеруі туралы жазылған еді. Оқушыларға қарап үш тілде сөйлесетін күннің алыс емес екенін ұғындым. Президенттің Стратегиясы қазір де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Нәтижесін беріп келеді. Мына қызықты қараңыз, «Дана» мектебі аптаның дүйсенбісін тек мемлекеттік тілде сөйлесуге арнайды. Ал келесі бір күні оқушылар таңдау бойынша тек ағылшын тілінде әңгімелеседі. Бұл бастамаға халық-аралық әріптестік аясында аяқ басқан Қытай Халық Республикасы Туризм университетінің деканы таңданып, ризашылығын білдіріп қайтыпты.
 Қытай елінің деканы оқушылардың жиі саяхатқа шығатын жоспарларын естіп, тіптен таңданысын жасыра алмайды. Жетісу өлкесінің барлық жеріне, Астанаға, Алматыға, Талдықорғанға арнайы ішкі туризмді дамыту мақсатында барып қайтқанын біліп, мектептің басшысына: «Сіз нағыз бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеп жатыр екенсіз!» – депті. Сонда Күләнда Уәлиханқызы: «Елбасы біздің бәрімізден бәсекеге қабілеттілікті талап етеді», – деп жауап беріпті. Бұдан бөлек, оқушылар Өзбекстан, Ресей секілді сырт елдердің бірнеше көрікті жерлеріне барған.
– Біз әу бастан балаларды дарынды, дарынды емес деп бөлуден қашқанбыз. Біз олай бөлуді құп көрмейміз, – дейді Күләнда Уәлиханқызы өзінің ұстанымы жайлы ой бөлісіп. – Барлық балалар дарынды, тек олардың ашылуы үшін мол мүмкіндік берген жөн. Бұған бізде оқитын мүмкіндігі шектеулі оқушыларды қосыңыз. Біздің мектептегі әрбір оқушы өмірден өз орнын табуы үшін барымызды саламыз. Мейлі, Қазақстанда, Қытайда, Ресейде, қай елде де біздің түлектер заман талабына сай жан-жақты, мобильді болуы тиіс. Бірінші кезекте оқушыларға адамгершіліктің дәнегін егеміз. Сәлемдесу, ата-ананы құрметтеу, мұғалімді сыйлау сияқты тәрбиенің негізгі өзектерін меңгерсе, мұндай балалардан нағыз патриот, нағыз тұлға шығары сөзсіз.
 Бүкіл ойымызды бір мақаланың шегіне сыйдыру мүмкін емес. Бірақ та мынадай жайттардан айналып өте алмасымыз анық: мектепте әдеттегі қоңыраудан басқа музыка үні де естілді. Яғни, әрбір оқушы үлкен үзілісте фитнеспен шұғылданады. Кез келген уақытта үйдегі ата-ана мектептегі баласын қадағалауға мүмкіндігі бар. Мектепте онлайн желі жұмыс істейді. Ата-ана таңертеңнен кешке дейінгі тамақтану режимін көре алады. Әрине, ата-ана тек сыртынан бақылап отырумен шектелмейді. Олар оқушылармен бірге түрлі іс-шараға қатысады. Оның ішінде, туристік бағыттарды дамытуға атсалысады. Мектеп қабырғасында елге белгілі қоғам қайраткерлерімен, спортшылармен, ғалымдармен кездесулер өткізіледі. Мәселен, қазақтың дәулескер күйшісі Секен Тұрысбеков оқушылармен кездесіп, өз шығармашылығы жайында ой өрбіткен.
Бір сөзбен айтқанда, «Дана» мектебі – баланы оқыту мен тәрбиелеудің өзіндік стандартын қалыптастырған, әлемдік талаптарға жауап бере алатын бірегей білім ордасы. Дәл осы секілді «Еркемай» балабақшасы да жоғары стандарттарға сай. «Балапан» бағдарламасы бойынша бой көтерген балабақшаның материалдық-техникалық базасы толық. Жатын бөлмелері, қазақ тілі кабинеті, массаж жасайтын, медициналық көмек көрсететін бөлімдері, үш асханасы мұнтаздай таза. Баланы әділеттілікке үйрететін, адалдыққа тәрбиелейтін көрнекілік құралдар ілінген.
–Менің жүрегім, бүкіл жан дүнием осы жерге байланған, – дейді кейіпкеріміз әңгімесінің соңында. Бұл сөзді осындағы 200-ге жуық ұжым қызметкері де айта алатынына сенімді едім. Ұжымдағы әрбір қызметкерге жеткілікті жалақы беріледі. Жалақыдан бұрын балалар үшін жасалған сауапты істерді айтсаңызшы. Күләнда Батырбекованы арманына жеткен жан десек артық емес. Кейіпкеріміздің кабинеті Алғыс хатқа, мақтау қағаздарына, түрлі марапаттарға толы. Бұл оның ел алғысына бөленгенін білдірсе керек-ті.
 Иә, өмір тек жақсылықтан құралмасы белгілі. Ағы мен қарасы араласқан тағдыр соқпағы Күләнда Батырбекованы да талай сынаған. Он екі жасында әкесінен айырылды. Алты баланың үлкені де осы Күләнда еді. Отағасының арқасында еш ауыртпалық көрмеген Биғайша анасы ауылдың Мәдениет үйіне жұмысқа тұрады. Тұрмыстағы ауыртпалықтың бір жағы үйдің үлкеніне де артылды. Таңертең ерте оянып, сабаққа барады, одан келеді. Ол аз болса, төрт сіңлісін – Гүлнарды, Ләйләні, Жанарды, Анарды, інісі Қайратты сабаққа жібереді. Сосын, әдеттегі үй шаруасы – тамақ дайындау, кір жуу, малды жайғастыру, бөлмелерді тазалау, бау-бақша жұмыстары басталады. Күнде осылай қайталанады. Кішкентайлар өскенде, әрине, Күләнданың жұмысы жеңілдей түсті. Ол осындай ауыртпалықтардың дәмін тата жүріп, адамды адал еңбек қана алға сүйрейтінін түсінеді.
 Күләнданың рухани демеушісі атасы Хамза еді. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып қайтқан қайсар атасы Алпамыс, Қобыланды батыр жайлы эпостарды жуан дауысымен оқып, кішкентай қыздың қиялын шыңдайтын. Күләнда бүгінге дейін әжесі Сара айтатын сөздерді ұмытпайды. «Алла өзі бергенін өзі алады. Қалағанын қалдырады», – деп отыратын. Ал сүйікті анасы балалары жайлы: «Сенің табаныңа кірген тікен менің маңдайыма қадалсын», – дейтін. 1982 жылы Күләнда өзінің сыныптасы, алғашқы махаббаты Төлегенге тұрмысқа шығады. Рената, Динара, Венера есімді үш қызы өмірге келеді. Балалары білімді, жан-жақты болып өседі. Балаларының бастамасымен «Балапан» бағдарламасына қатысып, Талғар ауданынан балабақша ашты. Кейіпкеріміз «Дана» жекеменшік мектебін ашуға алғаш сол кездегі облыстық білім басқармасының басшысы Ғалия Аманова кеңес бергенін айтады. Бүгінде жекеменшік мектепті дамыту жоспары әлі де пысықталып, бірқатар игілікті шаруа атқарылу үстінде.
Жекеменшік! Бұл сөз, әсіресе, кеңестік жүйеде тәрбиеленген біз сияқты адамдардың құлағына түрпідей тиетін. Бірақ Күләнда Батырбекованың қолға алған қыруар ісіне қарап, ескі пікірімді өзгерттім. Бұл – пайдаға кенеліп, байлыққа белуардан бататын күрделі кәсіп емес. Мен мұны арманы асқақ адамдар ғана атқара алатын, шынайылықты, тазалықты талап ететін риясыз жұмыс дер едім.

Қабдрахман НАУРЫЗБАЕВ
Талғар ауданы