ЖАС ФЕРМЕР: "ТӨРТ МИЛЛИОНДЫ ЕСЕЛЕНДІРІП АЛДЫМ"

Уақыты: 30.01.2019
Оқылды: 1333
Бөлім: ОН САУСАҚ

Көксу ауданында Ершат Байғалықов атты жас кәсіпкер тұрады. Биыл 24 жасқа келген ол жоғары оқу орнын бітірген соң кеңседе отырып жұмыс істейтін жолды таңдап көреді. Бірақ өз алдына бизнес ашуды армандап, ол орыннан бас тартады. Басында түрлі бизнеспен айналысып, кәсіпкерліктің қыры мен сырын меңгеруге талпынды. Алайда күн сайын сан құбылған нарық оның жұмысын мандытпай қойды. Әкесімен ақылдаса келе мал шаруашылығымен айналысып, фермер болуға бекінді.

Сөйтіп, Бозтоған ауылындағы әкесіне тиесілі шаруашылыққа қолайлы жерді қарауына алып, жоспарын орындауға көшеді. Бозтоған ауылы жері шұрайлы, жемшөпті іргедегі егіс алқаптарынан-ақ жинап алуға тиімді, мал өнімін сатуға қалаға жақын, қысқасы, мал өсіруге қолайлы аймақ. Алайда оның жұмысы бірден жүріп кеткен жоқ. Өйткені жиырмаға енді ілінген жастың тәжірибесі тым аз болатын. Аудандағы сүт өнімдерін өңдейтін зауытқа өз еркімен жұмысқа кіріп, тәжірибе жинақтауға көшеді. Бірер жылда ол сүт өнімдерін өңдеудің түрлі құпиясын меңгеріп, болашақ арманын орындауға қадам жасайды.

Былтыр «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалында «Бастау-бизнес» жобасы бойынша қысқамерзімді курстан өтіп, бизнес жасаудың тәсілін үйренеді. Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 4 миллион теңге несие алып, оның бір бөлігіне 13 бас сүтті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара малын, қалған қаржыға жемшөп, техника, тағы да басқа шаруашылыққа керекті құрал-жабдықтарды сатып алады. Малдың жайын білетін 3 азаматты жұмысқа шақырып, тіршілігін бастап кетеді. Жұмысшыларды тұрғын үймен қамтып, түрлі тұрмыстық керек-жарағын өз мойнына алады. Сондай-ақ, ай сайын әрбіріне 45 мың теңгеден жалақы төлеп тұрады. Жұмысшылардың қосымша мал өсіріп, кіріс табуына мүмкіндік береді. Олардың жемшөбіне де Ершат ақы сұрап отырған жоқ. Осындай қолы ашық азамат:

– Жұмысымды жүргізуге мүмкіндік берген «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалы мен ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорына және аудандық жұмыспен қамту орталығына  алғысым айрықша, – дейді риза көңілмен.

Содан бері көзді ашып-жұмғанша бір жыл өте шықты. Ершаттың да көші түзелді. Төрт миллион несие еселенгенін айтады өзі. Қарамағында 50 гектар жайылым, жемшөп егетін 15 гектар суармалы жер бар. Биылғы мал азығын осы жерден қамдап алды. Сондай-ақ, бір жылдық кірісінің есебімен шөп шабатын, жинайтын техникаларды сатып алды. Мал басы да өсе түскен. Қазір оның бағымында 13 бас сүтті бағыттағы ірі қара малы, бір үйір жылқы бар.

– Сиырлардың былтырғы төлдерінің саны биыл өсетініне сенімдіміз. Бұл сиырлардың бәрі асыл тұқымды болғандықтан аналығын алып қалып, еркектерін басқа шаруашылықтарға сатамын. Ол қаржыға өзге қажеттіліктерді толықтырып отырамын, – дейді жас кәсіпкер.

Биылғы табыс та аз болмайтын көрінеді. Сиырлардың алды төлдей бастапты. Қалың сиырдың арасында құлдыраңдап щауып жүрген үш бұзауға біз де қызықтық. Қалған сиырлар да әне-міне төлдейтіні көрініп тұр. Сөз арасында Ершат биылғы Жастар жылынан көп үміт күтіп отырғанын айтып қалды.

- Өткенде Елбасы жастарды қабылдап, Жастар жылының басталғанын жариялады. Бұл мен үшін де үлкен сынақ. Демек, биыл шаруашылығымды кеңейтумен бірге сүт фермасын құру арманымды жүзеге асыруды қолға аламын. Жобасы дайын. Құжаттары бітсе, күзге қарай іске кірісемін, – дейді ол.

Жиырма төрт жастағы жас жігіттің жұмысынан гөрі болашаққа деген нық байламы, асқақ арманы бізді жігерлендірді. Енді бір жиырма төрт жылда ел азаматы болары айдан анық.

Қажет АНДАС,

"Жетісу"

Бозтоған ауылы,

Көксу ауданы