ҚАМЫР ИЛЕУДІҢ ҚҰПИЯСЫ

Уақыты: 04.02.2019
Оқылды: 1777
Бөлім: ОН САУСАҚ

Алматының ауқымы тарлық етуіне байланысты өз кәсібін қала маңындағы аудандарға шығарған құрылымдар қатары  күн санап артып келеді. Қарасай ауданына қарасты Райымбек ауылдық округіне қоныс аударған «Шульгин» жеке кәсіпкерлігінің меншігіндегі қамыр дайындайтын кәсіпорын солардың қатарында.

Ғұмыр бойы алыс аймақтарға тауар тасымалдаумен айналысқан «КамАЗ» жүргізушісі Валерий Шульгин зайыбы Вера Андреевна екеуі өз кәсіптерін ашуды қолға алғанда күнделікті тірлікте өте қажет қамыр шығаруды мақсат етті. Осылайша, 2006 жылы  қаланың Райымбек және Сайын көшелері қиылысынан шағын цех ашып, жұмыс бастайды. Ерлі-зайыпты Шульгиндер аяғынан нық тұрған соң өндіріс көлемін кеңейтуді ойлайды. Сөйтіп, олар өз табыстарынан жиналған қаражатқа Қарасай ауданынан жер сатып алып, өндірістік ғимараттың құрылысын бастайды. Ғимарат дайын болған соң жергілікті тұрғындарды жұмысқа тартып, еңбек қарқынын арттырады.

Кәсіпорын иелерінің айтуына қарағанда, қамыр илеу аса бір күрделі технологияны қажет етпейді. Негізгі жұмыс қолмен атқарылады. Қолмен иленген қамыр дәмділігімен ерекшеленеді. Сондықтан шет ел технологиясына иек артпай-ақ қажетті жабдықтың бәрі отандық өндіріске тапсырыс беру арқылы жасалыпты. Отыз, қырық шақты адам еңбек ететін кәсіпорында күніне 500-800 келі өнім шығарылады. Дайын қамыр көбіне Алматы қаласындағы тойханалар мен дәмханалардың, «Магнум», «Рамстор» сауда кешендерінің, наубайханалар мен мектептердің және жеке адамдардың қажеттіліктерін қамтамасыз етеді.

Цех ұжымы қамырдан жасалатын басқа да өнім түрін шығаруды ойластыруда. Жұмысшылардың жалақысы шығарған өнім көлеміне қарай төленеді. Таңғы ас пен түскі мәзір компания есебінен тегін беріледі. Кең әрі таза ғимарат ішінде еңбек тәртібі мен тазалыққа баса назар аударылған. Алдағы уақытта кәсіпорын өнімдеріне деген сұраныс артса, өндіріс көлемін ұлғайту жоспарда бар.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы