ЖАРТЫ МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ТҰРАТЫН БҰҚА

Уақыты: 18.02.2019
Оқылды: 1346
Бөлім: ОН САУСАҚ

Кеген ауданының Бөлексаз ауылында Ерлан Ақаш атты азамат тұрады. Оның шаңырағында Ердана, Ақмейір, Еркебұлан, Жаңанұр секілді үш ұл, бір қыз өсіп келеді. Олар Ерланның еңбекқор Ақаш әкесі мен он саусағы өнерге толы Айша анасының сүйкімді немерелері. Шаңырақты шаттығына толтырып жүрген ай мен күні де солар.

Бөлексаз ауылдық округінің әкімі Жасұлан Өмірзақовтың бастауымен ауылдың шет жағына орналасқан еңселі үйдің жанына келдік. Үйдің жақын маңына үлкен мал қора жасалып, мая-мая шөп пен айналасы қоршалыпты. Отызға тарта сиыр мая шөппен азықтандырылуда.

– 2012 жылы Атажұртқа оралдым. Мал шаруашылығымен айналысуға әкем мұрындық болды. Малға жайлы Бөлексаз ауылына көшіп келіп, бос тұрған осы үйді сатып алдық. 2013 жылы «Шыңғыс» атты шаруа қожалығын құрдық. Оған өзім жетекшілік жасап жүрмін. Былтырдан бастап тағы бір үлкен іс бастадым. Өткен жылы ет бағытындағы «Ангус» бұқасын жарты миллион теңгеге сатып алдым. Сонымен бірге, 25 аналық сиыр сатып алып, асылдандыру жұмысын жүргізудемін, – дейді Ерлан.

Айтса-айтқандай, мал тұқымын асылдандырсам деген ниетте игілікті ісін бастаған Ерланның биылғы мақсаты –мемлекеттік бағдарламамен жұмыс істеу. Оған ауыл әкімі қолдау көрсетіп, тиісті жұмысына көмектескелі отыр. Мемлекет тарапынан тиісті несие берілсе, қосымша асыл тұқымды бұқа сатып алу ниетінде. Одан кейін мал бордақылау алаңдарын ашуды көздеп отыр.

Ет бағытындағы «Ангус» асыл тұқымды ірі қараларының шын мәнінде берері көп. Оған өңірдегі Жарылқасын Адасбаев басқаратын «Жаңа Ақтасты» ЖШС, Ерлан Саламатов басшылық жасайтын «Саламатов» ЖШС-інде өсіріліп жатқан ет бағытындағы «Ангус» асыл тұқымды ірі қараларының жайы дәлел. Ондағы бордақыда тұрған ірі қаралардың алды 400-450 келі ет береді. Ерлан да осындай мүмкіндікке талпынуда.

Ерлан жылқы, қой-ешкі де өсіреді. Дастарқаны сүт өніміне толып тұрады. Жаз маусымында бие байлап, қымыз сатылды. Күзгі қымызды арнайы ыдысқа құйып, қысқа сақтап қойыпты. Қонағына осы қастерлі сусынды ұсынады. Ерланның зайыбы Әтірхан да даланың, үйдің шаруасына төселіп алған. Бір қолымен бесікті тербете жүріп, күнделікті шаруасын тап-тұйнақтай жүргізеді.  Біз еңбекқор жандарға бастаған ісі баянды болсын деп жолға шықтық.

Қанат БІРЖАНСАЛ