ТҰҚЫМЫ АСЫЛ ТОЗБАЙДЫ

Уақыты: 04.03.2019
Оқылды: 1252
Бөлім: ОН САУСАҚ

Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Бүркіт Мұқанов, бас маман Дархан Сүндетбаев Ақдала ауылдық округіндегі «Ұлан» шаруа қожалығының жай-күйімен танысты. 

Бүгінде аудан бойынша мал өсірумен айналысатын ірілі-ұсақты 910 шаруа- шылық бар. Төрт түлікті түлеткен қожалықтарда түйе 113, ірі қара 89000, жылқы 24900, қой-ешкі 92148 басты құрайды.
«Ұлан» шаруа қожалығы 2005 жылы құрылып, ірі қара мал өсіруді қолға алған. Шаруашылық иесі Аманжол Омарбаевтың айтуынша, қазіргі таңда мал тұқымын асылдандыруға мемлекеттен субсидия алып, осы жұмыспен айналысуда. Қора-жайда 100-ге тарта ірі қара болса, оның елуі сиыр. Одан бөлек, 15-ке жуық қой-ешкі өсіріп отыр. 
– Шаруашылыққа тиесілі 100 гектар жердің шөбі шүйгін болды. Қысқа ерте қамданғанның арқасында жемшөп жеткілікті болып, мал қыстан қоңды шықты. 200 орама шөп және 2 тонна жем қыс маусымына артығымен жетті. Көктем мезгілінде төлдейтін сиырларға ерекше күтім жасап жатырмыз, – дейді А. Омарбаев.
Сала мамандары «Санта Гертруда» асыл тұқымды ірі қара бұқадан тараған төлді көріп, шаруашылықтың атқарып жатқан жұмысының нәтижелі екеніне куә болып қайтты.

Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы