БАЛ ЖЕГЕН АДАМНЫҢ БАЛТЫРЫ СЫЗДАМАЙДЫ

Уақыты: 13.03.2019
Оқылды: 1541
Бөлім: ОН САУСАҚ

Бала күнімізде жайлауға шыққанда балшелекшілердің (омарташыны осылай атайтын) көшіп келуін асыға күтетін едік. Әкеміз атқа қонып, балшелекті бетке алғанда, қайтар жолын сарылып тосамыз. Себебі, өздігімізден бал арасының маңайына бара алмаймыз. Оған қоса, омарташылар орыстар болғандықтан, олармен әйтеуір әкем ғана түсінісіп, тіл үйіретін балды шелектеп әкелетін. Содан бері қаншама уақыт өтсе де, бұл бізге, қаракөздерге қол емес кәсіптей көрінетін. Сөйтсем, менің ойым қате екен. Осы күні аса өзектілік танытып отырған омарта шаруашылығын дамытуға ұлтымыздың ұл-қыздарының қызығушылығы артып келе жатқаны жайында «Бал-Ара» Қазақстан омарташылар ұлттық одағы мен Еуропалық омарташылар одағы, Апиславия қоғамдық ұйымдары федерациясының вице-президенті Ғабит НҰРӘДІЛ ой бөлісті.

Тепе-теңдікті сақтайды

Негізінен инженер-металлург, қаржыгер мамандықтарын меңгерген Ғабит Нұрәділұлы біраз жылдар бойы ана тіліміздің жанашыры ретінде облыстық деңгейде еселі еңбек сіңіргені белгілі. Ұлттық мүддеге қызмет еткен азаматтың омарташылыққа бет алуының да өзіндік сыры жоқ емес.

– 2008 жылы республикалық инновациялық-индустриялық бағдарлама қабылданған кезден бастап, тұңғыш Үкімет басшысы болған Сергей Терещенко омарта шаруашылығын зерттеп-зерделеуге ұсыныс жасады. Зерттеу барысында дүниежүзінің бірнеше елінде болып, тәжірибе жинақтадық. Нәтижесінде, 2010 жылы «Бал-Ара» омарташылар одағын құрдық. Жұмыс жоспарына сәйкес, одақтың съезі өтіп, түрлі бағдарламалар қабылданды. Сөйтіп, 40-тан асқан шағымда омарташылықпен кәсіби түрде айналысуға бел байладым. Бұл кәсіпке бет бұру аса қиындық туғызбады. Өйткені, нағашымның ара өсіріп, бал шайқап, түрлі дәрі-дәрмек жасайтынына жастайымнан көзім үйренген, – дейді ол.

Жалпы дүниежүзі бойынша бал өндіруден 1-орынды аспанасты елі алады екен. Яғни 1 млн. 400 мың тонна балдың 300 мыңы Қытайдың еншісінде. Еуропалық елдерде Аргентина мен Украинаның үлесі жоғары. Біздің мемлекетімізде өте аз өндірілетіндігін айтады. Статистика бойынша небәрі 8 мыңды маңайлайтын көрінеді. Негізі, әлемдік картада республикамыз жер жағынан 9-орында тұратындығын, тау да, дала да, гүл де барын ескерсек, бұл көрсеткіш көңіл көншітпейді. Ал оны тозаңдандандыратын омарташылар саны өте аз. Яғни, өсімдіктер гүлдейді де босқа қурайды. Осы кәсіппен айналысатын адамдар көп болса гүлдеген жерге көшіп барып, рентабельді шаруашылық жасап, жұмыс істеудің мүмкіндігі мол.  

– Бұл мәселеге облыстық ауылшаруашылық басқармалары назар аударып, мысалы, рапс, күнбағыс, қарақұмық егіп, оның қасына омарташы барып отырса, араның тозаңдандырғанының нәтижесінде, өнімі 30 пайызға дейін артатын еді, – дейді Ғабит Нұрәділұлы. – Дүниежүзінде 7,5 млрд. халық тұрса, болашақта бұл халықтың саны 10 млрд.-қа дейін жетсе, Жер-ананың ресурсы осыншама халықты асырауға қауқарсыз болып барады. Қазақстанның өзінде ештеңе өспейтін қаншама сортаң жерлер бар? Ара болмаса қоршаған ортаның, топырақтың құнары жойылады. Эйнштейннің: «Жер бетінен ара жоғалса, бес жылдан соң адамзат та жоғалады», – деген сөзі бар. Өйткені табиғат бүлінеді. Сол себепті, омарташылықты оқып, меңгеруге сұраныс артпаса кемімек емес. Зерделесек, омарташылық отбасынан, яғни, ұрпақтар сабақтастығынан келе жатқан кәсіп. Тағы бір өкініштісі, бұл қазақтың кәсібі емес деген ұғымның қалыптасып қалғаны жасырын емес.

– Мысалы, 1991–95 жылдар аралығындағы нарықтық қиыншылықта біраз ұлттар өз отандарына көшіп кеткені белгілі. Осы тұста бізде омарташылардың жағдайлары күрт нашарлап кетті. Себебі, онымен қазақ емес, басқа ұлт өкілдері айналысты.  Оған қоса, қант тапшылығы пайда болды. Мысалы, Ақсуда қант қызылша зауыттары тоқырап қалды. Осындай экономикалық дағдарыстың кері әсері тиді. Салыстырмалы түрде айтсақ, Қазақстан КСРО кезінде Ресей, Белоруссия, Украинадан кейін 3-орын алған. Ол кезде 75 мың тонна бал өндірген. Осыдан-ақ, омарташылықтың қанша есеге құлдырап кеткенін байқауға болады. 50 мың тоннасы экспортқа шығарылған. Тек ара шаруашылығымен айналысатын ұжымшарлар, басқармалар, әр шаруашылықта аралардың ауруларын қадағалайтын ветеринарлық дәрігерлер жұмыс істеген. Асыл тұқымды араларды өндіретін ғалымдар жұмыс жасаған. Қазір оның бірі де жоқ, – дейді Омарташылар одағының вице-президенті.

Қолдау қажет

Еліміздің ауа райына, географиясына бейімделген үш асыл тұқымды ара бар. Олар: «карпатка», «карника» және «орта орыс арасы» деп аталады. Қазақстанда мемлекет тарапынан көмектің бір-ақ түрі көрсетіледі. Ол – асыл тұқымды ара  шаруашылығының субсидиялануы. Мысалы, Алматы облысында әр омарта отбасына 5 мың теңгеден беру бекітілген. Ол үшін араның асыл тұқымды екендігі, аналықтарының төлқұжаты, аурудан амандығы, басқа да талап-шарттары сәйкес келу керек. Бүгінгі таңда Қазақстанда 12 мыңға тарта омарташы, 550 мыңға жуық аралардың отбасы бар. Олардың әрбірінен 20-30 келі бал алуға болады. Егер көшіп жүрсе бұл көрсеткішті 100-110 келіге дейін жеткізу мүмкіндігі бар.

– Еліміз бойынша Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Жетісу жерінде омарташылық жақсы дамып келеді. Алматы облысы бал өндіруден 2-деңгейде. Бұл аймақ омарташыларға өте ыңғайлы. Шығыс пен солтүстікке қарағанда көктем ерте шығады. Араның даму пайызы да жоғары. Өсімдіктер ерте гүлдейді, аралардың күш алып, ерте бал беруіне қолайлы, – деген Ғ.Нұрәділұлы облыста омарташылықты дамытуға бейжай қарамайтын азаматтар барын айтты. Мысалы, Алакөл ауданында кәсіпкер Бауыржан Оспановтың ұйымдастыруымен брендік бал өндірілетіндігін мақтан етті. Осы орайда, Лепсінің балына сұраныс еселеп артып отырғаны көңіл қуантады. Сонымен қатар, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Қарасай, Талғар аудандарында шайқалып жатқан балдың құнарлылығы, адам ағзасына пайдалылығы өте жоғары бағаланатындығын тілге тиек етті. Оған әртүрлі конгресс, симпозиумдарға қатысатын шетелдік сарапшылардың қорытындысы дәлел. Жер жаннаты Жетісудың Кеген ауданында, әсіресе, Саты, Жалаңашта өндірілген балды дүниежүзілік көрмеге апарғанда оған тең келетіні табылмағанына таңданыс білдірген екен қатысушылар. Таулы өңірдің шөбінің құрамы, нәрінің артықшылығы басым болса керек. Осындай дәлелді дүниелерден соң: «Неге осы аудандарда ара шаруашылығын дамытпасқа?» деген заңды сауал туындайды.

Курс ашылса...

– Менің арманым – Нарынқол мен Кегенде, Талғар ауданында омарташылардың курсын ашып, үйрету. Өйткені біздің оқыту әдіс-тәсілдеріміздің бәрі дайын. Жер де жеткілікті. Осыдан 3 жыл бұрын Ауылшаруашылығы министрлігімен осы мәселені көтердік. Қазақстанның барлық аймағына бардық, 50 шақты семинар-тренинг өткіздік. Нәтижесінде омарташылар саны да көбейді. Өкінішке қарай, былтыр бұл мәселе кеміп, ара шаруашылығы шеттеп қалды. Алматының өзінде араны балконда ұстағандар болды. Себебі, дастарқанда бал тұру керек, – деген маман ара шаруашылығының 95 пайызы көшпенді болатындығына тоқталды. Сол себепті, Қазақстанда бір жерде тұрақты стационарлық омарта жасау үшін жер көлемі үлкен болған жағдайда әртүрлі шөптерді егіп, гүлдер тізбегін үзілдірмеу әдісін енгізуді ұсынуда.

Тұтынушылар арасында «мамыр балы» танымал. Ол негізінен жеміс-жидектердің гүлінен алынады. Өйткені, сәуірде алма, шие, өрік гүлдейді. Ол біткеннен кейін келесі шөп гүлдегенше арақашықтық үзіліп қалуы мүмкін. Ол кезде ара өзінің жинаған балымен қайтадан қоректене бастайды. Осындай олқылыққа жол бермес үшін гүлдеу тізбегі үзілмейтін өсімдіктерді егу мәселесі көтерілуде.

– Осы омарташылықты қазақ балаларына үйретіп, меңгерту үшін шетелде оқытып жатырмыз. 200-ге жуық бала Словакияда, Польшада 3 жыл, 6 ай тегін оқиды. Білім алуға еуропалық Омарташылар одағы қаржылай көмек көрсетуде. Оқыған балалардың алды елімізге келіп, омарташылықпен айналысып жатыр, – дейді Ғ. Нұрәділұлы.

Бұл күнгі басты мәселе – омарташылыққа  жастардың құлықсыздығы.  Дегенмен, қазір сеңнің қозғалғаны байқалады. Омарташылыққа жастар келуде. Мысалы, дүниежүзінде жас омарташылар чемпионаты дәстүрлі түрде өтеді екен. Бұл сынаққа 16 жасқа дейінгі жас омарташылар қатысады. Бастапқыда қазақстандық омарташылар 10-15 орынға тұрақтаса, соңғысында 3-орынды еншілеу бәсекеге қабілеттіліктерінің артқандығын айқындайды. Бұл да болса, балалардың осы кәсіпке деген қызығушылығын тудыруда.

– Қазақстанда орта есеппен 12 мың омарташы, 450 мыңға жуық ара отбасы бар. Біздің мақсат – омарташылар санын 12 мың емес, 100 мыңға жеткізу. Оған барлық жағдай бар. Өнімді өткізуде Қытаймен арада бал экспорттау туралы келісімшарт жасалды. Еліміздегі басты мәселе – бал тұтыну мәдениетінің қалыптаспауында. Статистика бойынша әрбір қазақстандық 38 келі қант тұтынса, ал бал жеу мөлшері жылына небәрі 50 грамм. Балдың құрамында сахароза жоқ, керісінше, глюкоза, фруктоза, амин қышқылдары бар болғандықтан, бал жеген адам еш ауырмайды. Яғни, емдік қасиеті өте жоғары, – деген омарташы балдан 14 түрлі өнім шығарылатындығын айтады. Мысалға, гүлдің тозаңы дәрумендерден 100 есе артық екен. Араның аналық сүті адамның қажыған жасаушаларын қалпына келтіреді. Метамол, яғни араның күйесі барлық ауруларға, әсіресе, құрт ауруларына пайдасы зор. 30 күн өмір сүргеннен соң тіршілігін тоқтатқан ара да пайдалы. Осыны кәдеге жарататын орталықты атитерапия деп атайды. Алматыда осындай 3 орталық жұмыс істеуде.

Өмір жасын ұзартады

Араның және оның өнімі турасында Құран Кәрімде де айтылады.  

– Бір келі балға орта есеппен 2 мың теңге жұмсасаңыз, бір жыл ауырмайсыз. Оның қорытылуы өте жеңіл. Есесіне инсульт, инфарктің алдын алуға болады. Өзім көбінесе, 90-дағы әке-шешемді мысалға келтіремін. Ол кісілер үнемі бал жеп, балмен уқаланады. Елбасының 2050 жылға дейінгі бағдарламасында қазақстандықтардың өмір сүруін орта есеппен 80 жасқа жеткізу көзделген. Бұған дәлел келтірер болсақ, түрлі радиациялық қауіп-қатерге толы әр жапондыққа 20 грамм бал беріледі. Зейнеттен соң сүт беру дәстүрге айналған. Өмір сүру салты 87 жасқа жеткен, – деген Ғ. Нұрәділұлы бұл тұрғыда пилоттық зерттеу жасап, балдың тиімділігін аңғарғандықтарын мысалға келтірді.

Жалпы, омарташы  әмбебап болу керек. Жинаған балды біреу өткізіп бермейтіндіктен маркетингті оқып, тұтынушылармен жұмыс істеу мәселелерімен айналысу шарт. Шетелден келген сарапшылар осы облыста нүктелі кеңестер өткізіп, кезең-кезеңге қалай өту керектігін оқытқан. Сондай-ақ, осы күнгі пайдаланып жүрген механикалық қондырғыларды заманауи технологияға негіздеп, автоматизациялау қажеттігі ерекше назар аудартуда. Өйткені, әлі күнге дейін балды шайқаған кезде қолмен айналдырады.

Бастапқыда менеджер болуды ұйғарған жігіт уақыт өте келе отбасымен омарташылықпен айналысуға кіріседі. Сөйтіп, бұл кәсіптің қыр-сырына қанығады. Талғар ауданындағы Бесағаш ауылынан жер алып, үй салып, 7 ара отбасын орналастырып, бал шайқау ісімен айналысады. Оған қоса, атитерапияны пайдалану үшін ара  ауасымен демалатын орталық та ашады. Араға шын көңіл бөлінсе бір жылда отбасы екі есеге ұлғаятындығына көз жеткізеді. Сөйтіп, Бесқайнар ауылдық округінен саяжай алып, тау бөктерінен арнайы омарташылыққа оқыту орталығын ашқан. Көшпенді, отырықшы ара отбасынан орта есеппен 5-6 тоннаға жуық бал алған. Былтыр орталықтан 100 шақты бала сабақ алған. Бастапқыда сенімсіздікпен басталған жұмыс бүгінде бір қалыпқа келгендігіне қуанады.

Түйіндер болсақ, омарташының міндеті – тозаңдандыру. Бұл кәсіппен айналысқан адамның бай болатындығына еш күмән жоқ. Сондай-ақ, физикалық қимыл-қозғалыс, табиғат аясында көшіп-қону, бал өнімдерін тұтыну омарташының денсаулығына зор пайдасын тигізіп, қарапайым адамдарға қарағанда ұзақ жасайтындығына кепіл болатындығын ұмытпау қажет.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы