ҚАРЖЫ БЕРЕДІ: ТЕК ОҚЫ ДА, КӘСІП АШ

Уақыты: 15.03.2019
Оқылды: 1655
Бөлім: ОН САУСАҚ

Облыста кәсіпкерлік негіздерін үйретуге бағытталған «Бастау» жобасы бойынша оқыту басталды. Жоба 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылады және жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар мен ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге арналған.

 

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы қаржылай емес қолдау көрсету бөлімінің басшысы Ерлан Датқаев биыл оқыту барлық аудан орталықтарында өтетінін айтты. 
– Кәсіпкерлер палатасы 1500 адамды бизнеске оқытып, солардың ішінен 300-ге тарта жобаны қаржыландыруды көздеп отыр. Жалпы биыл аймақта шағын несиелендіруге 4,7 млрд. теңге бөлінді, – дейді Е.Датқаев.
Өткен жылы да оқыту облыстың барлық ауданында өткізілді. Курсқа 3361 адам қатысып, оның 916 қатысушысы өз ісін ашып, жобалары жалпы сомасы 2,5 млрд. теңгеден аса қаражатқа қаржыландырылды. «Бастау» жобасы бойынша бір айлық курста сабақты отандық бизнес-тренерлер өткізеді.
– Оқыту бағдарламасы аясында қатысушыларға салық режимдері, заңнамадағы өзгерістер түсіндіріледі. Сондай-ақ, маркетинг негіздері мен бизнес саласы бойынша сұраныстағы бағыттар жөнінде білім беріледі. Теориялық сабақтармен бірге тәжірибелік дәрістер, кәсіпкерлік нысандарын аралау, табысты бизнес өкілдерімен кездесу ұйымдастырылады, – дейді бизнес-тренер Арнұр Тоқанұлы.
Айта кетейік, қатысуға өтінім кәсіпкерлер палатасының филиалдары немесе жұмыспен қамту орталығы, жергілікті әкімдік арқылы қабылданады және үміткерлер онлайн тестілеуден өтеді. Осының нәтижесі бойынша оқуға қабылданады.

Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ