ЗЕРТТЕП АЛМАЙ, КӘСІП АШПА

Уақыты: 15.03.2019
Оқылды: 1235
Бөлім: ОН САУСАҚ

Өңірде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын ұтымды пайдаланып, шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер аз емес. Солардың бірі – «Qamqor» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

 

Қазіргі кезде 14 адам­­ды жұмыспен қам­­­тып отырған мекеме ал­­ғашында тігін шеберханасы ретінде ашыл­ған. Людмила Цой бас­­­шылық жасайтын цех 1964 жылдан бері жұ­мыс істейді. Бүгінде ол кәсібін балаларына тапсырған.
Отбасылық бизнесті қолдарына алған Людмиланың қызы Наталья мен ұлы Николай Ким ескі ғимаратты қайта жөндеуден өткізу қажет болғандықтан «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 7 млн. 100 мың теңге несие рәсімдеген. Қаржыға нысанды жаңартып, тігін машиналарын алды. «Бастау» жобасы шеңберінде берілген 3 млн. 300 мың теңгеге оқу формасын тігуге қажетті мата, ине-жіп секілді құрал-жабдықтарға қол жеткізді.
Тігін шеберханасындағы 6 ісмер киім-кешек, жастық, жастыққап, көрпе, көрпеқап сияқты заттарға тапсырыс қабылдайды.
– Семейде модельер-құрастырушы мамандығы бойынша білім алып, оқуымды аяқтаған соң жолдамамен осы тігін шеберханасына жұмысқа орналастым. Тапсырыс беруші жұмысыма оң бағасын бергенде күш алғандай боламын. Өз ісінің шеберлерінен үйренерім әлі көп, – дейді жас маман Әлия Құмарбекова.
Тәжірибелі ісмер Ла­риса Цой болса 17 жасынан бастап тігіншілікті меңгеріпті. Мекемеде қызмет атқарғанына 38 жылдан асты. Айтуынша, нағашысы жағынан барлығы шебер. Ол: «Барлығының бойында ісмерлікке деген талпыныс пен талант бола бермейді. Мыңның ішінде біреуі ғана өз ісінің шебері болып шығуы мүмкін. Жастар жаңаны үйренуден қашпауы қажет. Мамандықты да, өзіңді де құрметтесең ұтасың», – деп жастарға ақыл-кеңесін жеткізді.
Ағалы-қарындас кәсіптерін кеңейту үшін өз қаражаттарына «Qamqor food» фастфуд өнімдерін даярлайтын дәмхана ашқан.
– Көбіне дәмханаға оқушылар келеді. Пицца, донер, наггетсы, клаб сендвич сынды тез даярланатын тағамдарға тапсырыс береді. Күніне 100-ге жуық тапсырыс қабылдаймыз. Қарамағымдағы 5 аспаз барлығына үлгеруде. Телефон арқылы түскен тапсырысты да уақытылы жеткізіп отырамыз, – дейді бас аспаз Александра Цыхоня.
Кәсіпкерлер 2017 жылы мейрамхана ашуға 21 млн. теңге несие алған. Бұл жөнінде Наталья Витальевна:
– «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында мейрамхана ашуға мүмкіндік туды. 2018 жылы құрылысы аяқталды. Тұрғындар шағын мерекелерін бізде атап өтуде. Одан бөлек, «Qamqor voice» караоке-кафе қызмет жасайды, – деді.
Сөз соңында: «Бастағалы отырған кәсібің сүйікті ісің болуы қажет. Сүйген істің сүйініші көп болады. Пәленше мейрамхана ашты екен деп қаржыны өзің тетігін білмейтін іске салуға болмайды. Қазіргі таңда жастар сан түрлі салада қызмет атқарып, ел дамуына атсалысып жүр. Оларға мемлекет тарапынан қолдау көп. Сондықтан, бәрін зерттеп, анықтап барып іске кіріскен жөн», – деп кәсіп ашып, нәпақасын табамын деген жастарға кеңес беріп, ойымен бөлісті.

Еңлік ҚАБДЕШ
Қаратал ауданы